Қазақстандық уни­верситеттерде академиялық адалдық қағидаларын бұзу фактілері қаншалықты жиі кездеседі?
Адал оқу алысқа апарады

Қазақстандық уни­верситеттерде академиялық адалдық қағидаларын бұзу фактілері қаншалықты жиі кездеседі? Бұған жол берген студенттерге қандай жаза тағайындалған? Көшіргені үшін оқудан шығып кету қаупі болса да, неліктен мұндай амалдар әлі тиімді болмай келеді? Осы жөнінде аз-кем сараптап көрген едік...

Әуелі, академиялық адалдық­ты бұзатын фактілерге не жататынын тізіп шығайық. Көпшілігіміз оның мысалы ретінде көшірмені ғана білеміз, алайда ғылымда адал болу принципінің ауқымы әлде­қайда үлкен. Көшірмеден баста­йық. Бұған сөзбе-сөз көшіріп алудан бөлек, әлдебір тұжырымды (мейлі, оны өз сөзіңізбен жазсаңыз да) авторсыз көрсету де жатады. Өзіңіз бұрын жазған жұмысты не­месе соның бір бөлігін жаңа жұмыс ретінде қолдану да – плагиаттың бір түрі (автоплагиат). Деректерді фальсификациялаудан да сақ болыңыз. Бұл дегеніміз – бөтен мә­тін­нің мағынасын бұрмалап беру, манипуляциялау немесе әлдекім айтпаған ақпаратты айтты деп жазу. Сондай-ақ, емтихан, куиз кезінде алаяқтыққа жол беру (кө­мек­тесу, көшіру), гострайтинг (ghostwriting – басқа біреуге жаздырту), тапсырманы уақытылы орындамаған жағдайда жалған ақталу да студенттің академиялық адалдық қағидаларын бұзғаны болып есептеледі.

Қанша студент ереже бұзды?

Қазақстандық ЖОО-лар ереже бұзушылықтың деңгейіне қарай, студент жұмысының бағасын жою­дан бастап, оны оқудан шығаруға дейін жаза қолданады.

– Университетіміздің әрбір факультетінде әдеп жөніндегі комитеттер жұмыс істейді. Олар орташа есеппен бір жылда академия­лық адалдық қағидаларын бұзу бойынша 120-дан аса істі қарайды. Ереже бұзушылықтың басым бөлігі емтихан кезінде болады: студенттер шпаргалка алып кіруге немесе смартфон қолдануға тырысады. Ереже бұзушылықтың мұндай түрі үшін көбіне студент жұмысының бағасы жойылып, сөгіс беріледі. Яғни студент әлгі пәнді қайтадан оқуы тиіс. Сондай-ақ соң­ғы жылдары гострайтинг фактілері де жиілеп кетті, мұндай жағдайда студенттер өзге біреуден жазба жұмысын сатып алып, өз жұмысы етіп көрсеткісі келеді. Былтыр мұндай 21 дерек тіркелді: барлық студент оқудан шығарылды, өйткені бұл – академиялық адалдық қағидасын өрескел бұзу. Одан бөлек, негізделмеген академиялық басымдық алу үшін жалған құжат жасатқан 3 студент анықталды, оларды да оқудан шығару туралы шешім қабылданды, – дейді М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің провосты Сергей Пен.

Ал Сулейман Демирель атындағы университтінің академиялық істер жөніндегі проректоры Андрей Бонданчиковтің айтуынша, аталмыш оқу ордасында академиялық адалдық қағидаларын бұзу фактілерінің арасында емтихан кезінде тапсыр­малар жауабын көшіріп алу фактілері жиі кездеседі екен.

– 2019-2022 жылдар аралығында университетте оқу процесіне қатысты ережелерді бұзғаны үшін 235 студентке шара қолданылды. Академиялық адалдық ережесін сақтамаған студенттерге пән бо­йынша «AW» (Academic Withdrawal) бағасы қойылады. Студент 3 мәрте AW алса, оқудан шығарылады. Бірақ ондай фактілер болған жоқ, – дейді СДУ проректоры.

Ел аузында ең «қатал» ЖОО­-лардың бірі саналатын Назарбаев университетінде оқудан шы­ғарылғандар саны сондай көп емес екен.

– НУ студенттерінің мінез-құлық кодексіне сәйкес, ереже бұзушылықтың А, В және С атты үш категориясы бар. Провост кеңсесі ереже бұзушы­лықтың ең ауыр жағдайлары, яғни С санаты бойынша шағым­дарды қабылдайды. 2013 жылдан бері Провост кең­сесі барлығы 30 істі қарады. Оның шамамен 50 пайызында студенттер оқудан шығарылды, – дейді университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі вице-провос­ты Лоретта О’Доннелл.

Антиплагиатты да алдауға болады

Отандық университеттерде студенттерді оқуда адал болуға ынталандыратын бірнеше шара бар. Солардың бірі – плагиатты анықтауға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламалар. Мәселен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, мұндағы студенттердің жұмысын плагиатқа тексеру moodle.enu.kz жүйесі арқылы жүргізіледі. Ал Назарбаев университеті, Сулейман Демирель университеті, КАЗГЮУ университеті секілді ЖОО-лар соңғы бірнеше жылдан бері Turnitin жүйесі арқылы көшірме жұмыстардың жолын кесіп жүр. адал оқу Turnitin-нің қауқарын бүкіл әлем мойындағаны рас. Мұнда біреуден «ұрлаған» әр тіркес қызылды-жасылды етіп белгіленіп, жанындағы бағанға әлгі еңбектің атауы, авторы, қай жылы және қай жерде басылғаны секілді ақпарат түгелдей атып шығады. Алайда бұл жүйені плагиатқа біржола тоқтау салады деу қиын. Turnitin секілді жүйелер сөзбе-сөз көшірмені ғана тани алады. Егер студент басқа біреудің жұмысын өз сөзімен өзгертіп берсе ше? Онда да антиплагиаттың «қыл көпірінен» қиналмай өтіп кетесің. Антиплагиатты алдап-соғуға тырысатын студенттердің бұдан басқа да айла-шарғысы жетерлік. Мысалы, ЕҰУ баспасөз қызметі хабарлағандай, антиплагиатқа тексерілген жұмыстардың арасында символдарды, әріптерді ауыстырып қою, мәтіннің орнына сурет қою фактілері кездеседі.

Академиялық қолдау мықты болса игі

Академиялық адалдық қағидаларын сақтауға ең мықты мотивация ретінде қайбір жылдары әлдеқашан қорғалып қойған диссертацияларды плагиатқа тексеріп, ереже бұзушылық анықталған жағдайда бітірушіні ғылыми дәрежесінен айыру керек екені айтылған еді.

– Өкінішке қарай, Қазақстанда ғылыми дәрежесінен айыру мүмкін емес, өйткені бұл ғылыми дәрежені тағайындау ережелерінде қарастырылмаған. Тіпті өз қалауыңмен де ғылыми дәрежеден бас тарта алмайсың – ондай тәртіп пен негіз жоқ. Бірақ мұндай ережелер, мәселен, Ресейде немесе Қырғызстанда бар. Қазақстанда да осы мәселеге қатысты заңнаманы жетілдіріп, реттеу тетіктерін енгізу керек, – дейді М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің провосты Сергей Пен.

Ал А. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасованың пікірінше, академиялық адалдықты қамтамасыз ету – жүйелі, кешенді жұмыс.

– Академиялық адалдықты айтқанда, біз оқытушыларға қо­йылар талапты та естен шығармауымыз керек. Көбіне біздегі студенттер ерінгеннен жұмысты қате жазбайды – олар жай ғана жұмыс­ты қалай дұрыс жазу керектігін білмеуі мүмкін. Ал оны оқытушылар үйретуге міндетті. Мен Ұлыбританияда оқыған кезімде бізге мұғалімдер курс басталардан бұрын академиялық жазба жұмысын қалай жазу керек, плагиат дегеніміз не, сілтемені қалай жасаған жөн – осының бәрін бүге-шігесіне дейін түсіндірді. Жұмысты жазу барысында да прогрес­ті білу үшін қайта-қайта кеңсесіне шақырып, одан қалса, академия­лық жазу жөнінде қосымша курстар ұсынып, қысқасы, академиялық қолдауды өте жақсы істейді. Тағы бір айта кетерлік жайт, академиялық адалдықтың бастауы мектепте жатыр. Балаларды мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ өз ойын қорықпай, негіздеп жазуға, сыни ойлауға баулыса, білім саласындағы біраз мәселе дұрысталар еді, – дейді университет ректоры.

Расында, біз Шеффилдте оқып жүргенде, оқу жылы басталысымен, күн сайын электронды поштамызға мұғалімдер тарапынан түрлі мазмұндағы хаттар үздіксіз келіп тұратын. Бір хатта эссе тақырыбына қатысты кітаптардың тізімі берілсе, енді бірі академия­лық жұмысты қалай жазу керектігі жайлы нұсқаулықтар болатын. Курстық жұмысты тапсырар уақыт таяғанда оқытушылардан «Үлгеріп жатырсың ба?», «Дедлайн мына кезде болады, есіңнен шығып кетпесін», «Түсінбеген нәрселерің болса, пәлен уақытта кеңсеме кел», «Жазып бітірген бір бөліміңді маған жібере беруіңе рұқсат, қарап шығып, пікірімді айтайын» деген тәрізді хаттар жауады. Жұмысты жазу барысында да, көшірмені кешірмейтінін білесің, плагиатқа, біреудің еңбегіне аса мұқият қарау­шы едік. Айталық, жай ғана «Жер домалақ» деп жаза алмайсыз, сол тіркестің қасына Жердің домалақ екенін растаған ғалымдардың еңбегін бірге атап өтесіз. Сонда шамамен 1000 сөздік шағын эссені жазу барысында сіз кемінде 20-30 кітаппен танысып үлгересіз. Мұның өзі сіздің осы тақырып туралы біліміңізді айтарлықтай арттырады. Ал бүкіл бакалавриат не магис­тратура бойына қаншама қазынаға кенелетініңізді осыдан-ақ елестете беріңіз. Академиялық адалдықты да, айналып келгенде, адамды алысқа ұшыратын қанат қалыптастырады дейтініміз сондықтан.