Келгеннен кеткені көп
Келгеннен кеткені көп
© коллаж: Елдар Қаба
752
оқылды
Жыл сайын елден кеткен азаматтардың саны артып барады. Тек 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізден 20 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Бұл келушілердің санынан екі есе көп. Азаматтардың Қазақстаннан көшуінің себебі қандай? Бұған шарықтаған баға мен өмір сүрудегі қиындықтар әсер етті ме? Ұлттық статистика бюросының мәлім­деуінше, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізден 20 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Ал осы кезде бар-жоғы 10 995 адам Қазақстанда тұруға бел буған. Яғни, көші-қон айырымы – 9 346 адам. Сарапшылардың айтуынша, азаматтардың басым бөлігі ТМД мемлекеттеріне кетеді. Сәйкесінше, ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің жалпы санындағы үлесі – 84,4 пайыз. Соңғы 10 жыл­­да Қазақстаннан 332 мыңнан аса адам кетіп, 220 мыңға жуық азамат көшіп келген. БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда дүниеге келген әрбір бесінші азамат шетел­де жүр. Демек, 4 миллионға жуық азаматы­мыз өзге елдерде өмір сүріп жатыр. Сыртқа көшіп кеткен жандардың жалпы саны бойынша мемлекетіміз әлемде 15-орында тұр. Ал үдере көшуге итермелеп жатқан не? Эмиграцияға итермелейтін факторлар Көп жағдайда белгілі бір елден көшетін жандар жайсыздық барын айтады. Мы­салы, экономикалық және әлеуметтік фак­тор, жұмыссыздық немесе саяси себеп те ықпал етуі мүмкін. 2018 жылы Finprom.kz сараптамалық порталы көші-қон про­цесіне ауқымды зерттеу жүргізіп, Қазақ­стандағы әр саланың білікті мамандары шетелге кетіп жатқанын анықтапты. Әсі­ресе, техника саласының мамандары, эко­номистер мен педагогтер сыртқа ағыл­ған. Демек, Қазақстан азаматтарынан ғана емес, жұмыс күшін де жоғалтып отыр деген сөз. Бірақ елде жұмыссыздық болса маман­дарды ұстап отыруға қандай қақымыз бар? Жұмыссыздық демекші, ел жастарының 17,8 пайызы жұмыссыз жүр. Оған уақытша жалдамалы қызметкерлерді қосыңыз. Де­ген­мен әлеуметтанушы Нұрболат Айеке­шов жұмыссыздық мәселесі шешілсе, адамдар елден кетпейтінін айтады.
– Азаматтардың елден кетуі бұрыннан бар үрдіс. Пандемия кезінде қазақстан­дықтардың шетелге көшуі азайған еді. Алайда биыл геосаяси жағдайдың тұрақ­сыз­дығына қарамастан, бұл процестің әлі де жалғасып жатқанын көріп тұрмыз. Эми­грацияға итермелейтін бірнеше фактор бар. Олар – елдегі қымбатшылық пен жұ­мыс­сыздық, пәтер бағасының шарықтап кетуі және жалақының аздығы. Сонымен қатар көрші елге салынған санкцияның салдары тие ме деп, болашағын басқа елден іздеп кеткендер де бар, – дейді әлеу­мет­танушы.
Ал көші-қон процесі бойынша сарап­шы Елена Садовскаяның пікірінше, миг­рацияның теріс сальдосына ең әуелі экономикалық, әлеуметтік және саяси себептер түрткі болады. Жұрттың көбін жаңа өмір мен перспективаға, өз орнын табуға экономикалық тоқыраулар да итермелеп отыр.
– Соңғы жылдары әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту елден кетуге итер­ме­лейтін үлкен себепке айналды. Қазақстанда зейнетке шығу жасы тіпті Ресейдің өзімен салыстырғанда жоғары екенін білеміз. Бұрын әйелдер зейнетке 58 жасында шығатын, қазір 63 жасқа дейін өсті. Бұған қоса, ауыр жұмыстағы немесе денсаулыққа зиянды мамандық иелері үшін арнайы әлеуметтік жеңілдік қарастырылған бола­тын, яғни бұрын олар зейнет демалысына ертерек шыға алатын, оны алып таста­ғанына көп жыл болды. Сондықтан бұл да елден кетуге итермелейтін фактор, – дейді сарапшы.
Кеткендер қайтып келген Көшкендердің тағы бір бөлігі – тарихи отанына кеткендер. Кезінде кейбір өзге ұлт өкілдері ес жиып, етек жинаған соң тарихи отандарына оралуға ниетті болды. Баба­ларының кіндік қаны тамған өлкеге аяқ басқылары келгендіктен болар, олар­дың бірі Германия, Грекия, Израиль, Ресей, Украина деп шекара асты, жаңа өмірге қадам басты. Алайда Қазақстанның байтақ даласындағы еркіндік пен елдің ақ адал ниетін аңсаған талай отбасы кері оралды. Әйтеуір, көкірегін сағыныш табы сар­ғай­т­­ты ма, әлде байырғы Отанындағы эко­номика­лық жағдайлар әсер етті ме, әлеуметтік мәселелер мезі етті ме, ол жағын кім білсін?! Белгілісі, көш керуенінің беті кері бұрылды. Қазақстанға қайта оралған­дардың саны уақыт өткен сайын арта түс­кенін статистикалық деректер де айқындап тұр. Айталық, шымкенттік Ионис Сидиро­пулоға тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оңай болмаған көрінеді. Ол тарихи Отаны – Эллада еліне көшуге бел байлайды. Алайда арада көп уақыт өтпей, Қазақстанға қайта оралғанды жөн көреді.
– Мен Қазақстанға жағдайды байқап көрейін, елдегі ахуалды барлайын деген ниетпен, бақай есеппен қайта оралған жоқпын. Шетелді кезгеннен де кәдімгідей шаршайсың. Оны өзім айқын сезіндім. Көп адамдар айтып, іздеп жүрген ертегі­дегідей тәтті өмірді шын мәнісінде ол жақ­тан таба бермейсің. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспетті. Өзімнің бола­шағымды Қазақстанмен байланыс­тыра­мын. Неге десеңіз, бұл – менің Отаным. Бала­ларымды өсіріп, қазақ даласында тәрбиелегенді, олардың осында тұрғанын, осында жетілгенін расында да қалаймын, – дейді ол.
Деректерге сүйенсек, кейінгі жылдары шетелден мыңдаған өзге ұлт өкілі Қазақ­станға қайта көшіп келген екен. Көшіп келушілердің қатарында украин, орыс, әзербайжан ұлты өкілдерінің үлес салмағы басым. Елге қайта оралғандардың дені Қостанай, Алматы, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласына қоныстанғанды жөн көреді. Байқағанымыз, тарихи отандарына оралғандардың басым көпшілігі Қазақстан­дағы бауырмалдықты, мейірбандықты қатты аңсайды. Оны өздері жиі айтып та жүр. Ең бастысы, олар елдегі тыныштықты мақтан тұтады. Бірлік үстемдік құрған елде берекенің орнайтынына деген сенімдері зор. Қозғалыстың қозғаушысыжастар Соңғы ширек ғасырда дүниежүзіндегі көші-қон көлемі 2,5 есеге өскен. Әлемдегі мигранттар саны 250 миллионнан асады. Көші-қон қозғалысының негізгі қатысу­шы­лары – 16 жастан 35 жасқа дейінгі аза­маттар. Орталық Азия елдері бойынша, 2017 жылы Қазақстанда 14-29 жас ара­лығындағылар жалпы тұрғындардың – 25%, Қырғызстанда 14-35 жас аралығын­дағылар – 33%, Өзбек­стан мен Тәжікстанда 18-24 жас ара­лығын­дағылар 31%-ды құраған. Тұрғын­дардың дәл осы бөлігі – көші-қон легіне белсенді қатысатындар. Әлеуметтік зерттеулер қорытындылары, жоғарыда аталған елдер­дің жастары өзара ынты­мақ­тастыққа бейім екендіктерін көрсеткен.
– Көбіне, Еңбек кодексіне құқықтық өзгерістер қажет деп жатамыз. Оның не­гізін­де колледж бен университеттерді бітір­ген жастарды мемлекет бірден жұмыспен қамтып, 3-5 жыл аралығында тәжірибелі маман етіп шығаруы тиіс дейміз. Дегенмен бұлай міндеттеу арқылы мәселе шешіле қой­майды. Еңбек нарығы өзгеріске, ізде­ніс­ке, жаңалықтарға бейім жандарды ғана қабылдайды. Мемлекет жастарды елде ұстап тұру үшін кәсіпкерлікке баулуды қолға алып жатыр. Бірақ жастар кәсіп бастауда қаражаттың болмауын, жалға алатын ғимараттың қымбат екенін, іс жүр­гізуде тәжірибесі аздығын айтады. Түптеп келгенде, жастар келешек мамандығына көз жұма қарап, еңбек нарығында қай саланың сұранысқа ие боларын ескермей қателесіп отыр. Сондықтан жұмыссыздық әсерінен өзге елдерге баруды мақсат етеді, – дейді әлеуметтанушы Баян Жүзікбай­қызы.
Шындығында да, көші-қон мәселесінде жастар жайы алаңдатады. Себебі шетелге көшетіндер арасында жастардың үлесі басым, орташа жас – 38. Ал елден көшіп кеткендердің басым бөлігінің жоғары білімі бар. Олар мемлекет қаржысына білім алса да, өзге елде еңбек етуді жөн көреді. Шекара сыртында бірі мамандығы бойын­ша, ал бірі мүлдем басқа салада еңбек етіп жүр.
– Қазақстанда заңгер мамандығын төрт жыл оқыдым. Бірақ бітірген соң жұмыс таба алмадым. Ақыры достарымның шақы­руымен Америкаға келдім. Мұнда Amazon компаниясында жұмыс істеп жүрмін. Жа­ла­қым да жақсы. Айына 2 миллион теңге. Елге қайту туралы ойланбадым, – дейді Ардақ Орынбасаров.
Ендігі кезек «бұл көш тоқтай ма?» деген сұраққа тірелсе керек. Бірақ елде доллар­дың қымбаттап, азық-түлік бағасының тоқ­таусыз шарықтай беруіне қарап жағдай­дың түзелетініне сену қиын секілді. Ал әлеу­меттанушы Исатай Мінуаров тұрмыс­тық қиындықтар барлық әлем елдеріне ортақ екенін баяндады.
– Күнкөріс деңгейі нашарлап отырғаны жасырын емес. Бірақ бұл ауыртпалық бүкіл Жер шарында бар. Біз көші-қонға қатысты зерттеу жүргізгенбіз. Көшіп жатқан адам­дар шетелде де жағдай мәз емес екенін біледі. Тек оларды ынталандыратын – жаңа өмір, денсаулық сақтауға кепіл бере алатын мемлекет және бәсекелестікке сай, ешкім жолыңды бөгемейтін жақсы жұмыс орны. Байқағанымыздай, шетелді жастар таңдай­ды. Қолынан келсе көшіп кетуге тырысады. Біздің қоғамымыздың әр саласына жаңа­шылдық, өзгеріс енгізбейінше, көші-қон мәселесі күрмеулі күйінде қала береді, – дейді маман.
Иә, бұл көштің енді тоқтамайтыны да, баяуламайтыны да белгілі. Өйткені әр адам­ның тұрғылықты жерін таңдау құқығы бар. Алайда бізді алаңдататыны – жыл сай­ын елі­міз­ден көшетіндердің санының кө­бей­­гені. Себебі сол көштің ішінде Қазақ­станның дамуына үлес қосатын небір мық­­ты мамандар бар.