Түтінге тұншыққан қала
Түтінге тұншыққан қала
Қызылордадағы асфальт жасау за­уы­­тының зардабын тартқан тұрғындар у жұтып отырғанын айтып, дабыл қағып отыр. Әсіресе, зауытқа жақын маңда ор­наласқан қарашаға мамыражай күн кешу тіпті мүмкін болмай тұр. Кезінде қала аумағынан бірнеше шақырым алыста орналасқан зауыттың айналасынан кейін жер телімдері беріліп, қалың елге ай­налған. Алайда сол маңнан үй салған халықтың бүгінгі жағдайы мүшкіл. Қазіргі уақытта тұрғындар зауыттан бөлін­ген қою қара түтін ауаны ластап, тыныс алу мүмкін болмай тұрғанын айтып отыр. Әсіресе, жаздың аптапты ыстығында мамыражай тұр­мыс кешу арманға айналыпты. Таза ауаға мұқ­таж халық үйлерінің есік-терезелерін жа­уып отыруға мәжбүр. Ал есік алдына шығу мүлде мүмкін болмай тұр.
«Осы жерге көшіп келгеніме жеті жыл бол­ды. Содан бері зауыттан шыққан қара түтінмен тыныс алып келеміз. Улы түтіннен тұншығып отырмыз. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарғанмын. Осы аймаққа көшіп келгеннен кейін демікпе ауруына шалдықтым. Бұл да сол түтіннің зардабы деп ойлаймын. Сан мәрте шағымданғанымызбен еш нәтиже болған емес», – дейді сол аумақ тұрғыны Дана­бек Төлегенов.
Тұрғындардың айтуынша, өндіріс орны таң қылаң бере жұмысын бастайды екен. Яғни, зауыттан ертемен түтін шығып, ыстың иісі үйдің ішіне тарайды. Соның салдарынан таза ауамен тыныстау мүмкін болар емес. Со­ған байланысты арыз-шағымның нәтижесінде зауытты қауіпсіз аймаққа көшіру мәселесінің сөз болғанына 4-5 жыл болыпты. Алайда жыл са­йын көшіріледі деген сылтауды желеу ету­мен жұмыстарын жалғастырып келеді.
«2006 жылдан бері осы жерде тұрамын. 2007 жылдан бастап мәлімет жинап, арыздана бастадым. Қаншама әкім ауысты, бірталай арыз жазылды. Бірақ еш нәтиже болар емес. Осы араға көшіп келгеннен кейін өңеш ауруы­на шалдықтым. Негізінен заводтан бөлінетін азот диоксиді мен күкір диоксиді бауырды құртады екен. Осындай зиянды заттардың салдарынан бұл жерде тұрып жатқан әрбір екінші тұрғын осы өңеш ауруына шалдығып отыр. Сонымен қатар көшемізде екі адам өкпеден онкологиялық сырқатқа ду­шар бол­ды. Бұған дейін бірнеше мәрте жер­гілікті сани­тарлық-эпидемиологиялық бақы­лау де­партаментіне, экология департаментіне шағымданғанымызбен зауыт түтінінің құра­мы­нан зиянды заттар таппағанын айтып келеді. Содан кейін Ақтөбе қаласынан арнайы тәуелсіз эксперт шақырдым. Соның нәтиже­сінде оның құрамынан адам өміріне өте қауіпті азот пен күкірт диоксиді табылғанын растады. Қазіргі уақытта осының салдарынан балалар­дың да иммунитеті нашарлап кетті. Бәрі ауру­шаң болды. Алайда мұны әлі де қауіпті аймақ­қа көшіруге асығар емес», – дейді көше тұр­ғы­ны Әлия Баймаханова.
Тұрғынның айтуынша, бірнеше мәрте зауыт директорына, облыс әкімдігіне де ша­ғым­данған. Алайда әкімдік тарапынан бұл за­уыт­тың 40 жылға жуық уақыт бойына жұмыс істеп тұрғанын, әрі зауыт жекенің меншігінде бол­ғасын оны көшіруде түрлі қиындықтар туын­дап отырған.
«Зауыттың жекенің қолында болғанына халық кінәлі емес қой. Денсаулығымыз күн са­нап нашарлап барады. Соны да бір сәт ойласа екен. Қалай болғанда да зауытты көші­рудің қарекетін жасасын. Зиянды түтінмен келешек ұрпағымызды улап жатқанын ойлау керек», – деп ашынды тағы бір тұрғыны Ерлан Балжанов.
Негізінен бұл тұрғындар көтерген жалғыз мәселе емес. Зауытқа жапсарлас бірнеше базар да орналасқан. Атап айтқанда, құрылыс материалдары мен шебін сататын базар да саудасын қыздырып тұр. Аталмыш аймақ халқы базар маңында төңіректеген камаздар мен шебін базарынан шығатын шаң-тозаңға тұншығып отыр. Бұл да «жығылғанға жұды­рық» болып тұрғанын айтып, ашынды. Әсі­ресе, таң атқаннан жұмыс көрігін қыздыратын жүк көліктерінің шаңынан жүру мүмкін емес. Оның үстіне бұл жүк көліктерінің базар маңын­да тұруы да заңсыз деп есептейді. Жалпы зауыт жайында қара халық облыс әкіміне де шағымданған. Алайда «қарас­тырамыз» дегеннен басқа мардымды жауап ала алмай отырғанына күйінеді. Ең болмағанда зауыттың түтін шығатын трубасын биіктетсе деген уәжін білдіріп отыр.
«Көп жылдан бері осы «Саяхат» ықшам ауданының тұрғынымын. Шынымен де ас­фальт зауытының зиянын шегіп келеміз. Күн­діз-түні есік-тереземізді аша алмаймыз. Оның үстіне базардың жанында тұратын көліктердің шаңы өкпені қабады. Шаң-тозаңнан еркін тыныс алу мүмкін емес. Әсіресе балаларымыз­дың денсаулығына алаңдаймыз», – деп мұңын шақты Үрзат Құрмантаева.
Осы мәселеге орай, Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарластық.
«Негізінен өндіріс орнының халық шоғыр­ланған аймақтан алшақ орналасуының өзіндік өлшемі бар. Бұл тұрғыда Қазақстан Респуб­ликасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығы­мен бекітілген «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қор­ға­ныш аймақтарына қойылатын санитария­лық-эпидемиологиялық талаптары» сани­тария­лық қағидаларының 4-бөлім 14-тарма­ғының 4-тармақшасына сәйкес асфальт-бетон өндірісінің санитариялық қорғаныс аймағы 1 000 метрді құрайды. Себебі, мұндай объек­ті­лердің қауіптілік сыныбы бойынша 1-сыныпқа жатады», – деп мәлімдеді департаменттің бас маманы Ирина Тян.
Ал зауыттың қазіргі орналасқан аумағы қаланың қақ ортасында тұрғандығын ескер­сек, халықтың талабының орынды екенін аңғаруға болады. Улы түтіннен уланған тұр­ғын­дардың жанайқайы негізсіз емес. Бұл тұрғыда Қызылорда облыстық эко­логия департаментінің де айтар уәжі бар. Құ­зырлы орынға аталмыш мәселе жайында ха­бар­ласқанымызда, төмендегі жағдайға қанық болдық.
«Бұл бағытта бізге Саяхат ауданының тұрғындарынан арыз-шағымдар түсті. Биылғы түскен арыздың негізінде тексеру жұмыстарын қолға алдық. Алайда арнайы тексеруге барған сәтімізде зауыттың жұмысы уақытша тоқтап тұрды. Соған байланысты өлшеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады. Біздің тексеру жұмысымыздың уақыты шектеулі. Яғни, 15 күннің ішінде тексеріп болуымыз керек. Негізінен мұндай арыз-шағым өткен жылы да түскен. Соған орай зауытқа қандай да бір іс-шара жүргізуге ұсыныс бергенбіз. Сол кездері өндіріс орнының «Қызылорда жолдары» ЖШС тарапынан Белкөл кентіндегі индус­триал­ды аймаққа көшірілетіні жайында мә­лім­деген. Нақты уақытта зауытқа берілген аймақтың инфрақұрылымын тартып жатқан болуы керек. Бізге берген мәліметіне сәйкес, келесі жылдан бастап сол жаққа көшіріледі. Жалпы бұл кәсіпкерлік субьектісі болған­дықтан біздің тараптан тексеру жұмыстар­ы кәсіпкерлік кодексінде көрсетілген заңға сәйкес қана жүргізіледі. Егер арыз-шағым түсіп жатса, тағы да тексеру, өлшеу жұмыс­тарын жүргізе аламыз», – деп түсіндірді Қы­зыл­орда облысы бойынша экология департа­ментінің басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Ертай Жайназаров.
Қалай дегенде де, асфальт зауытының адам денсаулығына орасан қауіп төндіріп отыр­ғанын тұрғылықты халықтың ащы мұңынан аңғаруға болады. Күн санап денсаулықтары сыр беріп, балаларының болашағына алаңдап отырған халық бұл мәселенің жеделдете ше­шіл­уін сұрайды.

Қызылорда облысы