Қызылордадағы асфальт жасау зауытының зардабын тартқан тұрғындар у жұтып отырғанын айтып, дабыл қағып отыр. Әсіресе, зауытқа жақын маңда орналасқан қарашаға мамыражай күн кешу тіпті мүмкін болмай тұр. Кезінде қала аумағынан бірнеше шақырым алыста орналасқан зауыттың айналасынан кейін жер телімдері беріліп, қалың елге айналған. Алайда сол маңнан үй салған халықтың бүгінгі жағдайы мүшкіл. Қазіргі уақытта тұрғындар зауыттан бөлінген қою қара түтін ауаны ластап, тыныс алу мүмкін болмай тұрғанын айтып отыр. Әсіресе, жаздың аптапты ыстығында мамыражай тұрмыс кешу арманға айналыпты. Таза ауаға мұқтаж халық үйлерінің есік-терезелерін жауып отыруға мәжбүр. Ал есік алдына шығу мүлде мүмкін болмай тұр.
«Осы жерге көшіп келгеніме жеті жыл болды. Содан бері зауыттан шыққан қара түтінмен тыныс алып келеміз. Улы түтіннен тұншығып отырмыз. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарғанмын. Осы аймаққа көшіп келгеннен кейін демікпе ауруына шалдықтым. Бұл да сол түтіннің зардабы деп ойлаймын. Сан мәрте шағымданғанымызбен еш нәтиже болған емес», – дейді сол аумақ тұрғыны Данабек Төлегенов.Тұрғындардың айтуынша, өндіріс орны таң қылаң бере жұмысын бастайды екен. Яғни, зауыттан ертемен түтін шығып, ыстың иісі үйдің ішіне тарайды. Соның салдарынан таза ауамен тыныстау мүмкін болар емес. Соған байланысты арыз-шағымның нәтижесінде зауытты қауіпсіз аймаққа көшіру мәселесінің сөз болғанына 4-5 жыл болыпты. Алайда жыл сайын көшіріледі деген сылтауды желеу етумен жұмыстарын жалғастырып келеді.
«2006 жылдан бері осы жерде тұрамын. 2007 жылдан бастап мәлімет жинап, арыздана бастадым. Қаншама әкім ауысты, бірталай арыз жазылды. Бірақ еш нәтиже болар емес. Осы араға көшіп келгеннен кейін өңеш ауруына шалдықтым. Негізінен заводтан бөлінетін азот диоксиді мен күкір диоксиді бауырды құртады екен. Осындай зиянды заттардың салдарынан бұл жерде тұрып жатқан әрбір екінші тұрғын осы өңеш ауруына шалдығып отыр. Сонымен қатар көшемізде екі адам өкпеден онкологиялық сырқатқа душар болды. Бұған дейін бірнеше мәрте жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, экология департаментіне шағымданғанымызбен зауыт түтінінің құрамынан зиянды заттар таппағанын айтып келеді. Содан кейін Ақтөбе қаласынан арнайы тәуелсіз эксперт шақырдым. Соның нәтижесінде оның құрамынан адам өміріне өте қауіпті азот пен күкірт диоксиді табылғанын растады. Қазіргі уақытта осының салдарынан балалардың да иммунитеті нашарлап кетті. Бәрі аурушаң болды. Алайда мұны әлі де қауіпті аймаққа көшіруге асығар емес», – дейді көше тұрғыны Әлия Баймаханова.Тұрғынның айтуынша, бірнеше мәрте зауыт директорына, облыс әкімдігіне де шағымданған. Алайда әкімдік тарапынан бұл зауыттың 40 жылға жуық уақыт бойына жұмыс істеп тұрғанын, әрі зауыт жекенің меншігінде болғасын оны көшіруде түрлі қиындықтар туындап отырған.
«Зауыттың жекенің қолында болғанына халық кінәлі емес қой. Денсаулығымыз күн санап нашарлап барады. Соны да бір сәт ойласа екен. Қалай болғанда да зауытты көшірудің қарекетін жасасын. Зиянды түтінмен келешек ұрпағымызды улап жатқанын ойлау керек», – деп ашынды тағы бір тұрғыны Ерлан Балжанов.Негізінен бұл тұрғындар көтерген жалғыз мәселе емес. Зауытқа жапсарлас бірнеше базар да орналасқан. Атап айтқанда, құрылыс материалдары мен шебін сататын базар да саудасын қыздырып тұр. Аталмыш аймақ халқы базар маңында төңіректеген камаздар мен шебін базарынан шығатын шаң-тозаңға тұншығып отыр. Бұл да «жығылғанға жұдырық» болып тұрғанын айтып, ашынды. Әсіресе, таң атқаннан жұмыс көрігін қыздыратын жүк көліктерінің шаңынан жүру мүмкін емес. Оның үстіне бұл жүк көліктерінің базар маңында тұруы да заңсыз деп есептейді. Жалпы зауыт жайында қара халық облыс әкіміне де шағымданған. Алайда «қарастырамыз» дегеннен басқа мардымды жауап ала алмай отырғанына күйінеді. Ең болмағанда зауыттың түтін шығатын трубасын биіктетсе деген уәжін білдіріп отыр.
«Көп жылдан бері осы «Саяхат» ықшам ауданының тұрғынымын. Шынымен де асфальт зауытының зиянын шегіп келеміз. Күндіз-түні есік-тереземізді аша алмаймыз. Оның үстіне базардың жанында тұратын көліктердің шаңы өкпені қабады. Шаң-тозаңнан еркін тыныс алу мүмкін емес. Әсіресе балаларымыздың денсаулығына алаңдаймыз», – деп мұңын шақты Үрзат Құрмантаева.Осы мәселеге орай, Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарластық.
«Негізінен өндіріс орнының халық шоғырланған аймақтан алшақ орналасуының өзіндік өлшемі бар. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығымен бекітілген «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптары» санитариялық қағидаларының 4-бөлім 14-тармағының 4-тармақшасына сәйкес асфальт-бетон өндірісінің санитариялық қорғаныс аймағы 1 000 метрді құрайды. Себебі, мұндай объектілердің қауіптілік сыныбы бойынша 1-сыныпқа жатады», – деп мәлімдеді департаменттің бас маманы Ирина Тян.Ал зауыттың қазіргі орналасқан аумағы қаланың қақ ортасында тұрғандығын ескерсек, халықтың талабының орынды екенін аңғаруға болады. Улы түтіннен уланған тұрғындардың жанайқайы негізсіз емес. Бұл тұрғыда Қызылорда облыстық экология департаментінің де айтар уәжі бар. Құзырлы орынға аталмыш мәселе жайында хабарласқанымызда, төмендегі жағдайға қанық болдық.
«Бұл бағытта бізге Саяхат ауданының тұрғындарынан арыз-шағымдар түсті. Биылғы түскен арыздың негізінде тексеру жұмыстарын қолға алдық. Алайда арнайы тексеруге барған сәтімізде зауыттың жұмысы уақытша тоқтап тұрды. Соған байланысты өлшеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады. Біздің тексеру жұмысымыздың уақыты шектеулі. Яғни, 15 күннің ішінде тексеріп болуымыз керек. Негізінен мұндай арыз-шағым өткен жылы да түскен. Соған орай зауытқа қандай да бір іс-шара жүргізуге ұсыныс бергенбіз. Сол кездері өндіріс орнының «Қызылорда жолдары» ЖШС тарапынан Белкөл кентіндегі индустриалды аймаққа көшірілетіні жайында мәлімдеген. Нақты уақытта зауытқа берілген аймақтың инфрақұрылымын тартып жатқан болуы керек. Бізге берген мәліметіне сәйкес, келесі жылдан бастап сол жаққа көшіріледі. Жалпы бұл кәсіпкерлік субьектісі болғандықтан біздің тараптан тексеру жұмыстары кәсіпкерлік кодексінде көрсетілген заңға сәйкес қана жүргізіледі. Егер арыз-шағым түсіп жатса, тағы да тексеру, өлшеу жұмыстарын жүргізе аламыз», – деп түсіндірді Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Ертай Жайназаров.Қалай дегенде де, асфальт зауытының адам денсаулығына орасан қауіп төндіріп отырғанын тұрғылықты халықтың ащы мұңынан аңғаруға болады. Күн санап денсаулықтары сыр беріп, балаларының болашағына алаңдап отырған халық бұл мәселенің жеделдете шешілуін сұрайды.
Қызылорда облысы