Еліміздегі ең алғашқы экопарк
Еліміздегі ең алғашқы экопарк
369
оқылды
Елорда әкімдігі қала тұр­ғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін тартымды орталықтар құруға баса көңіл бөліп келеді. Бұл орайда Астананың жасыл белдеуін қалыптастырып, ішкі туризмін да­мыту­дың маңызы зор. Ендігі жерде қала тіршілігі жанданып, көркіне көрік қосатын жаңа жоба іске аспақ. Мәселен, саябақ кластері көбірек ашылып, Кіші Талдыкөл аумағында экопарк салынады. Әкімдіктің мәліметінше, экопарктің жалпы аумағы 70 гектардан асады деп жоспарланып отыр. Экопарк жобасы Кіші Талдыкөл­де су балансын сақтай отырып, қала тұрғындарына арналған табиғи-рекреациялық аймақ құруды көз­дейді. Бүгінде жобаның ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысы алынған. Ал құрылыс-монтаждау жұмысына мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Айта кету керек, бұл аумақта экопарк салу қала тұрғындары мен жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына демалуға және табиғат аясында серуендеуге зор мүмкіндік береді. Сонымен бірге жасыл желек бо­йында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым салынатын болады. Оған құм-қиыршық тас қоспасын пайдалану жоспарланып отыр. Бұдан басқа, саябақтың дизайны мен оның элементтеріне дейін ерекше мән беріледі. Ол үшін қоршаған ортаға зияны тимейтін табиғи материалдарды ғана пайдаланылу көзделеді. Бұл өз кезегінде экоурбанизмге сәйкес келеді. Сондай-ақ абаттандыру барысында табиғи жағдайларға, ойын алаңдарына және табиғи материал­дардан жасалған шағын сәулет нысандарына да көңіл бөлінеді. Мәселен, 12 мыңнан астам ірі ағаш пен жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Одан бөлек, аумақты көгалдандыруға да ерекше назар аударылатын болады. Кіші Талдыкөлдің іргелес аумағы игеріліп, онда мектеп, медициналық орталық, тұрғын үй, балабақша секілді әлеуметтік нысандар орналасады. Айталық, Талдыкөлде (үлкен Талдыкөл) экологиялық инфрақұры­лым мәселесіне назар аударылмақ. Ал оның жанында қорық және орман-саябақ аймағы бар елдегі алғашқы табиғи парк ашылады.