ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният ауылды елді мекендердегі денсаулық сақтау көрсеткіштері туралы айтты.
«Бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам тұрады, бұл ел халқының 41%-ын құрайды. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым көмек көрсетеді. Жалпы, медициналық-демографиялық жағдай елімізде тұрақты. Ресми статистика бойынша, халықтың денсаулығы жақсарып, өлім-жітім соңғы 9 айда 28,5%-ға төмендеді», – деді министр Үкімет отырысында.Министрдің мәліметінше, ауыл халқының арасында бірінші орында (42,7%) – тыныс алу ағзаларының аурулары, екінші орында – ас қорыту, үшінші орында несеп-жыныс жүйесі аурулары болған.
«Шалғай ауыл тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында көлік медицинасы дамыған. Медициналық көмек және консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары қайтадан іске қосылды», – деді Ажар Ғиният.Сонымен қатар медициналық авиацияны ауыл тұрғындарын тасымалдайтын және шұғыл көмек көрсететін 33 әуе кемесі жүргізеді. Ауылда жедел медициналық көмек көрсету үшін 595 бригада жұмыс істейді және 2 млн шақыртуға қызмет көрсетілген.