«Болашақтың» жеті жобасы
«Болашақтың» жеті жобасы
Бұл жоба әу баста «Көліктерден» бас­­тау алған еді. Яғни, 2011 жы­лы бас­талған. Жобаның аты – «Өзің­нен бас­та». Оған себепкер бол­­ған – «Бола­­шақ» корпоративтік қоры. Мақ­сат – қазақстандықтар­ға әлем­дік сту­диялардың контен­тін ана тілінде қол­жетімді ету. Гол­ливуд­тық фильм­дер­ді қазақ тіліне көркем дубляждау жобасы сәтті жалғасып келеді.  «Болашақ» корпоративтік қоры «Өзіңнен баста» жобасы аясында 2011 жылдан бастап Disney, Sony pictures, Marvel, Lucas Films, Bazelevs және тағы бас­қа студиялардың 33 кар­ти­насын дубляждап, қазақ кө­рер­меніне ұсынды. Бұл жоба «Мело­ман» компаниясының қол­дауымен жүзеге асып келеді. «Өзің­нен баста» жобасының ең басты артықшылығы – сапалы контент ұсыну. Бұған дейінгі көр­сетілген 33 кинокартина да осы жағынан ұтып отыр. Қи­­мыл-қозғалыс, іс-әрекет, сөй­­леу мәнері – тұп-тура түп­нұс­­қадан алынған дерсің. Тіп­ті, көпшілігін қазақ тілінде тү­­сір­ген дерсің. Мұның бәрі тұр­­­ғындардың қазақ тіліндегі са­палы кинотеатралды контент­ке қол жеткізуі үшін жасалып отырғаны белгілі. Биыл да «Өзіңнен баста» жо­басы қазақ аудиториясына жеті бірдей фильмді ұсынбақ. Disney студиясының жаңа да, ескі де кейіпкерлері қазақ ті­лін­де сөйлейді: аты аңызға ай­­налған жауынгер Мулан, жас гений Артемис Фаул, си­қыр­дың соңғы іздерін іздеуге шыққан ағайынды эльфтер, танымал актер Дуэйн Джонсон, «Алтын глобус» сыйлығының және АҚШ кино актерлері гиль­дия­сы сыйлығының иегері Эми­ли Блант және басқа да таны­мал кейіпкерлер бар. Биыл ма­ши­налардың көтерілісі, айда­­һарға табынатын ежелгі өр­­кениеттің өмірі, адам өте ал­май­тын джун­гли­дегі шым-шы­ты­рык оқи­ға­лар туралы қазақ тілін­дегі қы­зық­ты сюжеттер өз көрер­ме­нін күтеді. Осыған орай, жоба жетекші­лері елордада журналистермен кездесті. Кездесу барысында болашақ премьералардың қазақ тіліндегі трейлері де көрсетілді. Оған дубляж актерлері, ды­быс режиссерлері, мәтін үйлес­ті­рушілер қатысып, аталған жоба­ның қызығы мен шыжығын бө­­лісті. Жұмыс барысында кез­­­десетін қиындықтар да ай­тыл­ды. Іс-шараға «Болашақ» қо­ры­ның Қамқоршылар кеңе­сі­нің төрайымы Динара Шәй­жүні­сова, Aray Media Group сту­диясы бас­шылығы,  Bi Group ком­па­нияс­ы өкілдері де қатысты.
«Сүйікті кейіпкерлермен қа­зақ тілінде қарым-қатынас жасай отырып, біздің балалар мемлекеттік тілде көбірек сөй­­леуге ұмтылатын болады. Біз б­а­лаларға арналған анима­ция­­­лық фильмдерді қазақ ті­лін­­де көрсетуді қолдау мақ­са­­­тында кинотеатрлар үшін салықтық жеңілдіктер, мыса­лы, мұндай сеанстарды көрер­мен­дерге ыңғайлы уақытта қою­ға ынталандырар еді деп есеп­тейміз. «Мирас» рес­пуб­­­ли­калық қоғамдық кеңе­сі­нің алаңында Nur Otan  партия­сымен бірлесе отырып, біз Қа­зақ­­стан Үкіметіне дыбысталған киноны көрсетуді қол­дау және азаматтардың ки­но­­­­­театр контентіне қазақ ті­лін­­­де тең жағдайда қол жеткізу мә­­­селесі туралы ұсыныстар ен­­­гіздік. Біз осы мәселелер бо­­­­­йын­ша Премьер-Ми­нис­­тр­дің тапсырмасы болға­нын білеміз», – дейді «Бо­ла­шақ» кор­­­поративтік қоры­ның Қам­қор­­шылар кеңе­сі­н­ің тө­райы­мы Динара Шәй­жүні­со­ва.
Биылғы жеті бірдей фильмге демеушілік көрсетіп отырған Bi Group компаниясы. Бұл ком­­па­ния бұрын да бірнеше фильм­ге демеушілік еткен еді. «Қазақ тілі – біздің байлы­ғы­мыз, халықтың рухы, тарихи және мәдени құндылық. Біз­дің компания үш жылдан бері «Өзіңнен баста» жобасын қол­дап келеді. Осы уақыт ішінде құны 800 миллион теңгеге жуық 15 танымал фильм аударылып, дыбысталды. Белсенді әлеу­мет­тік-қайырымдылық қыз­мет­пен айналыса отырып, біз­дің компания қазақстандық бала­лар үшін сапалы шетелдік кино­кон­тентпен танысуға мүмкіндік береді. Біз мемлекеттік тілге қам­қорлық жасаудың маңы­зын түсінеміз: көптеген жоба­лары­мызда қазақша атаулар бар. Абай Құнанбаевтың 175 жыл­дығына орай жаңа «Асыл мұра» тұрғын үй кешенін іске қостық. Сондай-ақ холдингтің әлеуметтік желілері мен қызмет­кер­лерге арналған порталы екі тіл­де де жүргізіледі», – деді BI Deve­lop­­ment бас директорының қар­­жы жөніндегі орынбасары Қай­рат Шаяхметов. Қайрат Шаяхметов – бес бала­ның әкесі. Бес баласы да «Өзің­нен баста» жобасы аясын­да дубляждалған фильмдерді қа­­зақша тамашалап жүр. «Бала­ла­рым­ның айтуынша, оларға қатты ұнағаны – «Мұзды өлке», «Алад­дин» фильмдері», – дейді Қай­рат мырза. 9 жыл ішінде бұл жоба әлем­­дік киноны қазақ тілін­де кө­ретін өте маңызды адам­дар­дың қауымдастығын қалып­тас­тырды. 9 500 000 жазылушы ау­ди­ториясы бар 100-ден ас­там қа­зақстандық медиа тұл­ға осы жо­баны қолдайды. Дубляж­дал­ған фильмдерді барлығы 170 мыңнан астам көрермен тамашалаған. «Мұзды өлке 2» фильмін 26 900 адам қарап, жоба тарихында көрермендердің рекордтық санын жинады. Қазақстанда алғаш рет «Бо­ла­­шақ» қоры бейімделген кино­көрсетілімдер тәжірибесін ен­гіз­ді. 2018 жылдан бастап жыл сайын аутизм және дамудың басқа да ерекшеліктері бар бала­лар­ға арналған бейімделген кино­көрсетілімдер өткізеді. Сонымен, 2019 жылы «Мұз­ды өлке 2», «Аладдин», «Дам­бо», «Ойын­шықтар хикаясы», «Малефисента: түнек әмір­шісі», «Арыстан патшаны» көр­­ген көрерменге биыл «Ал­ға», «Мулан» «Жан» және т.б. же­­ті фи­льмі ұсынылатын бо­ла­ды.   Гүлзина БЕКТАС