Тігіншілікпен ісін дөңгелетіп отырған астаналық студент

тігінші

Инара Маратқызы – жас тігінші. Кішкентай кезінен мата қиып, қолөнермен айналысуды жаны қалайтын ол бүгінде сүйікті ісін кәсібіне айналдырған. Салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптеп жүрген қолөнер шебері халқымыздың ұлттық киімдерімен қоса, түрлі оюмен өрнектелген көрпе тігеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, қолөнер, тігіншілік – бүгінде табысты бизнестің бірі. Өйткені қазір қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс артқан.

«Бала кезімнен қолөнерге, тігін­ші­лікке жақын болдым. Өсе келе бо­лашақта тігінші болсам деп ар­ман­­дайтынмын. Мақсатыма жету үшін Астана қаласындағы «Бизнес жә­не менеджмент» колледжіне мо­де­льер-құрастырушы мамандығы бойын­ша грантқа оқуға түстім. Кол­леджде оқып жүргенде тәжірибе жи­нау үшін өндірістік цехтарға, ате­льелерге, перде тігетін дүкен­дер­ге, әскери форма тігетін фабрикаға көп жіберетін. Осының нәтижесінде ті­гіншілерден пайдалы нәрселерді үй­рендім. Оқуды бітірген соң ұлт­тық киімдер тігетін үлкен сән үйіне жұ­мысқа орналастым. 6 айдың ішін­де ұлттық костюмдер тігіп, ою­лар­мен, тастармен безендіруді, түрлі бас­­­киім, сәукеле тігіп үйрендім. Осы­дан кейін табыс таба бастадым, үл­кен тәжірибе жинадым», – дейді ті­гін­ші.

Қолөнерші колледжден кейін бі­лімін жетілдіру үшін Астана қа­ла­сындағы «Қазақ технология және биз­нес» университетіне модельер-тех­нолог мамандығына оқуға түсіп, киім құрастыру және модельдеу, пішу, түрлі тігу әдістерін тереңінен оқып меңгереді. Оқумен қатар ба­ла­ларға тігін тігуді үйретіп, жұмыс іс­тейді. Қазір жас тігінші цифрлық ди­­­­зайн мамандығы бойынша ма­гистра­турада 2-курста оқиды. Өмі­рін қолөнерсіз елестете алмайтын ол бүгінде сүйікті кәсібінің нәсібін кө­­ріп отыр. Тапсырыспен жұмыс іс­­теп, кәсібін дөңгелетіп отырған Инара ою, құрақ көрпе, жастық, ұлт­­­тық және сахналық киімдер тіге­ді. Сонымен қатар киімдерге рес­тав­ра­ция жасайды. Осылайша, жас­тайы­нан еңбекке араласқан, он сау­сағынан өнер тамған арудың қолынан шыққан бұйымдар талай үйдің сәнін келтіріп тұр.

«Әрбір істің өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Тігін өнері адам­ды шыдамдылыққа, икемді­лік­ке, жауапкершілік пен тиянақ­ты­лық­қа үйретеді. Бұл – көз майын тауы­сып істейтін шығармашылық ең­бек. Өзім тіккен бұйымдарыма қара­сам, әрқашан көңіліме қуаныш сый­лайды. Ең кереметі, тапсырыс беру­шілердің алғысы, ризашылығы мен жылы лебізі мені шабыт­тан­дыра­ды. Көпшілік қауым қыз жа­сауы­на, ұлттық нақыштағы, қазіргі за­манға сай, қазақтың ою-өрнек­тері­мен безендірілген бұйымдарға көп тапсырыс береді», – дейді қолө­нер шебері.

тігінші

Қазір қолдан жасалған бұйым­дар үлкен сұранысқа ие. Адамдар, әсіресе эксклюзивті, яғни өзінің ав­торлық дизайны бойынша тігілген ерек­ше, сәнді бұйымдарға қызығады. Ті­гіншілік – тиімді кәсіп. Ең басты­сы, өз ісіңді, мамандығыңды жақсы көруің керек. Кейіпкеріміз Инара Марат­қызы тек тігін тігумен шектел­мей, қолөнерге қызығатын жандар­ды осы кәсіпке баулып, курс өткізіп жүр. Айтуынша, елімізде тігін тігудің қыр-сырын үйренгісі келетін қыз-келін­шектердің қатары жыл сайын кө­бейіп келеді.

«Еңбек адамды өсіреді, мақ­са­тына жетелейді, қанаттандырады, ба­қытқа жетелейді. Ең бастысы, ерін­бей, алға қойған мақсатыңа қа­рай қадам басу керек. Енді өзімнің ті­гін шеберханамды ашсам деп әре­кет етіп жатырмын. Қол қусырып отыр­май, еңбек еткен адам оның же­місін көреді. Қолөнермен ғана ай­налысып қоймай, тігін тігуді үй­рен­гісі келетін қыздарға курс өткізіп те табыс табуға болады. Мысалы, өзім тәжірибеммен бөлісуге дайын­да­лып жүрмін, ізденіс үстіндемін. Елі­міздің әр өңірінен хабарласып, сұрап жатқандар көп.

Алдағы уақытта кәсібімді дамы­тып, сапалы бұйымдар тігіп, Қазақ­стан мәдениетін, тігін өнерін әлемге та­нытқым келеді», – дейді қо­лө­нер­ші.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.