«Қазақ дикторларының анасы» атанған Зұлқия Мұқанқызы 100-ге толды. Ғасырлық мерейтойы иесін құттықтаған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Сіз отандық көгілдір экранда тұңғыш рет қазақ тілінде эфирге шыққан Қазақ телевизиясының қарлығашысыз. Көзі қарақты көрермен 1958 жылғы 8 наурызда алғаш рет Сіздің «Кеш жарық» деген сөзіңіз арқылы ана тіліміздің асқақ үнін естіді. Тарих беттерінде қатталған сол кезеңнен бері ұзақ жылдар Қазақ телевизиясында абыроймен қызмет атқарып, соңғы жаңалықтар мен көркем шығармаларды, ел басшылығының үндеулерін халыққа үздіксіз жеткізіп отырдыңыз. Әр жылдары шығармашылықпен айналысып, балалар әдебиетінің алтын қорын толықтыруға үлес қостыңыз. Мерейтойыңызбен құттықтай отырып, Сізге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат тілеймін!» деген жүрекжарды лебізін жеткізді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген кейуана Алматы телестудиясы ашқан дикторлық байқаудың жеңімпазы болған. «1958 жыл еді. Мәдениет министрлігінің өкілдері бастаған комиссия 20 кісіден тұрды. Олар ақылдасып болған соң, «Сіз бірауыздан өтесіз» деді. Артынан білдім, бағанадан бері менімен тілдескен Шәкен Айманов екен. Қасыма келіп, ризашылығын білдірді. Сол кезде 1 орынға 750 адам үміткер болыпты. Сөйтіп, қазақ теледидарындағы тұңғыш диктор болу бақыты менің маңдайыма бұйырды», – дейді З.Мұқанқызы. Сол жылы Зұлқия Мұқанқызы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде телехабарлар мен жаңалықтардың жүргізушісі ретінде қатысады. Юрий Левитан, Нина Кондратова сияқты бүкіл одаққа танымал дикторлармен қатар дикторлық өнердің құпиясымен танысады. Зұлқия Жұматова қара шаңырақта 12 жылдай қызмет еткен. – Осы жүз жасқа келгендер өмірдің бір ғасырда неше түрлісін көреді екен. Соғысты да, ашаршылықты да, қиындықты да бастан өткердік. Қазір кімді ренжіттім, кімге не жамандық жасадым деп ойланамын. Құдайға шүкір, ешкімге жамандық жасамаған сыңайдамын. Жас күніңде барлық адам жақсы, бәрі де біркелкі деп ойлайсың. Өсе келе байқасаң, дос та, дұшпан да бар екен. Бірақ оған ренжуге болмайды. Адамды бақытты қылатын да адам, бақытсыз қылатын да адам. Өзің бақытты болу үшін, алдымен маңайыңды бақытты қылуың керек. Ол үшін әр уақытта қайырымды болғаның дұрыс, – дейді Зұлқия Мұқанқызы. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы сол кісінің қатысуымен Алматы студиясында арнайы хабар түсіреді. «Бір ғұмыр – бір ғасыр» жобасы Qazaqstan телеарнасының эфирінен 8 наурыз қарсаңында көрсетілмек. Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ