Шам жасап сататын көпбалалы ана
Шам жасап сататын көпбалалы ана
403
оқылды
Мәдина Дәуренбек жұртшылық арасында шебер келін атанып кеткен. Өйткені қолынан көп дүние келеді. Тігін тігеді, құрақтың түр-түрін құрайды. Бұрын шаштаразда жұмыс істеп, шаш алған. Қазір қолөнерге түбегейлі бет бұрған. Бір сөзбен айтқанда, он саусағынан өнер тамған жан. Бүгінде жас ана "Бизнес-бастау" бағдарламасы бойынша грант жеңіп алып, кез келген жердің көркін келтіретін гүл шамдарын жасап, өз кәсібін жүргізіп,  тіршілігін жүргізіп жүр. Түркістан облысына қарасты Жетісай қаласының тұрғыны үйде отырып жұмыс істеуді дұрыс көреді. Өйткені кішкентай баласы бар жас отбасы үшін тиімді жол – осы. «Негізгі мамандығы – мұғалім. Бұл кәсіпке келгенге дейін шаштаразда жұмыс істедім. Таңнан кешке дейін сыртта жұмыс істеу қолайсыздық туғызды. Себебі, өзім көпбалалы анамын. Балаларым бірінен кейін бірі өмірге келген. Сондықтан бала күтімі де мойнымда тұр. Ойлана келе, үйде отырып жұмыс істеген ыңғайлы екенін түсіндім. Негізі, кішкентай кезімнен қолөнерге жақынмын. Ұлттық киімдер тігіп, құрақ құрайтыным бар еді. 2019 жылы декреттік демалысқа шығып, үйде отырдым. Құр отырмай, бір іспен айналысқың келеді. Сөйтіп, «Не істесем екен?» деп интернетті ақтарып, біраз іздендім. Содан гүл шамдарына көзім түсті. Әдемі әрі бәрімізге керек дүние. Қатты ұнады, өзімді сынап көргім келді. Бұл ойымды жолдасыма айтып едім, бірден қолдау білдірді. Осыдан кейін ойланбастан, жұмысты бастап кеттім. Қазір күні-түні жасаған жұмысымның жемісін көріп жатырмын. Еліміздің әр өңірінен тұрғындар хабарласып, тапсырыс береді, табысым да жақсы», – дейді қолөнер шебері. «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, мемлекеттік грантқа қол жеткізіпті. Бұл оған берілген үлкен мүмкіндік еді. Алған қаржысына қажетті құрал-жабдықтар мен тігін машинасын сатып алады. Осылайша, жұмысына жаңа қарқынмен кіріседі. Мәдина кәсібінің бірден жүріп кетпегенін айтады. Басында тапсырыс аз болыпты. Өйткені гүлден жасалған композицияны жұрт бірден қабылдай алмаған. «Басында тапсырыс өте аз болды. «Таңға дейін шам сияқты жанып тұрса, күйіп кетпей ме?», «Қалай таңға дейін жанып тұра береді?» деген түрлі сұрақ қоя бастады. Тұрғындар осылай сенімсіздік танытып жатқан соң «Қалай болар екен?» деп біраз уайымдадым. Бірақ мұның бәрі уақытша екен. Жасаған гүл шамдарымды ең алдымен өзім қолданып көрдім. Көңілімнен шыққан соң, тұтынушыларға сенімді түрде ұсына бастадым», – дейді Мәдина. Табиғи гүлдер ұзаққа шыдамайды, ертеңінде-ақ солып қалуы мүмкін. Кейіпкеріміздің айтуынша, изолан материалынан жасалатын шамдар түрлі салтанатты кештер мен мерекелерге таптырмас сыйлық әрі үйге жарықшам ретінде қолдануға болады. Осындай тиімді тұстары бар екенін білгеннен кейін тұрғындар тарапынан сұраныс көбейген. Шебер келін атанған көпбалалы ана қазір осы кәсіпті үйренгісі келетін қыз-келіншектерге арнайы сабақ өтіп жүр. Сонымен қатар шетелден тапсырыспен алдыратын гүл шамдарын жасауға қажетті материалдарды елімізге әкеліп сатуды да жолға қойыпты. Мәдинаның жолдасы да қолының ебі бар шебер адам. Ол жиһаз жасаумен айналысады. Екеуі де ісмер болғандықтан, бір-бірін жақсы түсініп, қажет кезде қолдау білдіреді. «Көп нәрсені айтқызбай-ақ көзқарасымыздан ұғамыз» дейді ол. Бақыт деген осы емес пе?! «Бір-біріміздің жұмысымызды жақсы меңгеріп алғанбыз. Оның тапсырысы көп болып, үлгере алмай жатса, оған барамын, ал менің жұмы­ым көбейгенде, ол көмекке келеді. Сөйтіп, бірге жұ­мыс істеп, қолға алған ісімізді тезірек бітіреміз. Маған гүл алуға келген кісілер оның жасаған жиhаздарын көріп, тапсырыс беріп жатады. Ал кейде жолдасыма келген кісілер менің қолымнан шыққан гүл шамдарын, қолөнер бұйымдарын сатып алады. Осылайша, бір-бірімізді қолдау арқылы кәсібімізді одан әрі дамытып жатырмыз», – дейді жас ана. Мәдина – кәсіпкер ғана емес, келіндік міндетін абыроймен атқарып жүрген көпбалалы ана. Ол жұмысының жемісті болып, ісінің алға басуы әуелі Жаратушының, одан кейін ата-енесінің ақ батасының арқасында екенін айтады. Мәдинаның ендігі мақсаты – үлкен цех ашып, көптеген адамды жұмыспен қамту. «Кез келген кәсіпті жүргізуге ең бастысы ниет керек. Әр істің қиындығы бар. Барлық нәрсе оңай бо­лып кетсе, адамның бәрі жақсы өмір сүрер еді. «Алма піс, аузыма түс» деп отырсаңыз, отыра бересіз. Қимылдап, әрекет жасау қажет. Армандаудан қорықпау керек және ол орындалғанша ешкімге айтпағаныңыз жөн», – дейді Мәдина Алтайқызы.