Алаш арыстарының көзсіз суреті салынған киімдерге қатысты Діни басқарма мәлімдеме жасады
Алаш арыстарының көзсіз суреті салынған киімдерге қатысты Діни басқарма мәлімдеме жасады
Фото: Facebook/Ағабек Қонарбайұлы
Әлеуметтік желілерде Алаш арыстарының бейнесі салынған киімдердің суреті жариялануда. Киімге салынған суреттерде Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді тұлғалардың көздері жасырылған. Осыған қатысты Діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Facebook парақшасында пікір білдірді. Баспасөз хатшысының айтуынша, арыстарды дәл бұлай "дәріптеуге" жол берілмеу керек.
"Мұндай киімдер жеке кәсіпкерлердің сату мақсатында істеп жатқан дүниелері болуы мүмкін. Алайда ұлт қайраткерлерін бұлай мансұқтауға болмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алаш арыстарының көзі жасырылған киімдерді шығарып, сатудың дұрыс емес екенін мәлімдейді. Шариғатта тірі жанның көзін салмай, бейнесін ғана салуға болады деген пәтуа жоқ. Мүфтият бұған қатысты пәтуа шығарған емес. Арыстарымызды бұлай "дәріптеуге" жол берілмеуі тиіс. Ел үшін жанын пида еткен Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді қайраткерлеріміздің асыл бейнелерін қорлауға болмайды. Мұндай әрекеттер – ұлт қаймақтарына деген құрметсіздік. Қазір  адамдардың, жануарлардың, басқа да тіршілік иелерінің суреті салынған киімдер шығып жатыр. Асыл дініміз мұндай киімдерді шығаруға қарсылық білдірмейді. Алайда тірі жанның суреті салынған киіммен намаз оқымаған абзал. Мұндай киіммен намаз оқу – мәкрүһ. Ал осы мәселеге қатысты сұхбат берген ҚМДБ төраға орынбасары, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлының сөзін кесіп, тек біржақты бағытта пікір таратып, қоғамда екіұдай көзқарас тудыру дұрыс емес", – дейді Ағабек Қонарбайұлы.