Елорда жастары, белсенділері, студенттері, жұмыскерлері бірнеше күн бойы қолға күрек алып, қаланы қар мен мұздан тазартуға атсалысуда. #Бізбіргеміз хештэгі арқылы қала жастары әлеуметтік желілерге фото, видео жүктеп, қала тұрғындарын белсенді болуға шақырды. Осы уақыт аралығында белсенді жастардың күшімен, қала іргесінде тұратын 100-ден астам отбасына көмек көрсетілді. Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты мәселелері басқармаcының басшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, #Бізбіргеміз челленджі республикадағы еріктілер қозғалысының дамуына қуатты серпін берді. «Челлендж идеясы елордада толассыз жауған қардан соң туындады. Әрине, коммуналдық қызметшілер, техника қала игілігіне күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, біз жастар осындай уақытта сүйікті қаламызбен бірге болып, қаламызды қардан тазалайық деп шештік. Нәтижесінде жастар, қала тұрғындарына, әсіресе, мұқтаж отбасыларға, қарттар мен мүгедектерге үлкен қолғабыс жасады. Біздің қозғалысқа барлық жастар бірлестіктері, қаланың кейбір ұйымдары мен жоғары оқу орындары қосылды. Бұл акция әрі қарай да өз жалғасын табады деген сенімдемін, – деді Дәулет Кәрібек. Қазіргі уақытта еріктілер қамқорлықты қажет ететін елорда тұрғындарына қар жинауға, үйдің айналасын тазалауға көмектесуде. Күнтізбеде қыстың соңы жақын болса да, ақпан айы демалуға мүмкіндік бермейді. Мысалы, синоптиктердің мәліметінше, 18-19 ақпан аралығында түнде жарты айлық мөлшердегі қар жауды. Ақпан айының басынан бері түскен жауын-шашын 33 см құрайды. Сол себептен де осы факторларды есепке ала отырып, қалалық коммуналдық қызметтер елорда аумағын қар мен мұздан тазарту қарқынын арттыруға тырысады. Бұл істе оларға еріктілердің көмегі аса маңызды. Астаналық еріктілер өткізген бұл іс-шаралар жергілікті су басуды барынша азайтуға мүмкіндік береді.