23 жастағы ЕҰУ магистранты «Дарын» сыйлығының лауреаты атанды

23 жастағы ЕҰУ магистранты «Дарын» сыйлығының лауреаты атанды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Камила Егізбек «Ғылым» номинациясы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Жас ғалым биомедицина саласы және су ортасын тазарту үшін наноқұрылымды темір бар материалдарды қолдану технологиясын зерттеп жатыр. Ол 15-тен астам ғылыми жарияланымдардың авторы, оның ішінде 10 мақала импакт факторы жоғары халықаралық басылымдарда жарияланған. Scopus базасы бойынша 23 жастағы ғалымның Хирш индексі 4-ке тең. Камила физика-техникалық факультетінде ядролық физика  мамандығы бойынша магистратураның екінші курсында оқиды. Ол бұған дейін ЕҰУ бакалавриат деңгейін осы білім беру бағдарламасы бойынша тәмәмдаған. Жас ғалым 2015 жылдан бері наноқұрылымды темір бар материалдарды су ортасын тазарту және биомедицинада  катализаторлардың негізі ретінде қолдануды зерттеумен белсенді айналысып келеді. Зерттеудің негізгі бағыты су ортасын органикалық бояғыштардан немесе ауыр металдардан тазарту үшін катализатор ретінде пайдаланылатын магниттік нанобөлшектерді алудың технологиялық шешімдеріне бағытталған. Оларды зиянсыз компоненттерге ыдырату немесе сіңіру жолдары қарастырылып отыр. Камила Егізбек тазарту саласында жоғары тиімділігі бар шпинель тәрізді құрылымы бар церий мен гадолиний қосылған темірі бар нанобөлшектерді алу әдісін ойлап тапты. Сондай-ақ, магистрант синтез жағдайларына байланысты синтезделген нанобөлшектердегі құрылымдық ерекшеліктер мен фазалық өзгерістерге іргелі зерттеулер жүргізеді. ЕҰУ магистранты «Бөбек» жалпыұлттық қозғалысы» ЗТБ және ҚР БҒМ «Мемлекет тарихы институты» ММ ұйымдастырған  «Үздік жас ғалым – 2020»  және «Үздік жас ғалым – 2021» халықаралық жобаларының үш мәрте жеңімпазы болып табылады. Сонымен қатар Камила 2021 жылы еліміздің ғылыми университеттері арасында студенттердің үздік ғылыми-зерттеу жұмысы үшін I дәрежелі дипломмен марапатталған.