Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Халық ән» бөлімі «Алтай-Тарбағатай әндері» атты концерт өткізді. Кештің негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық-мәдени құндылықтарымызды жаңғырту, қазақ даласының қасиетті де киелі мекенінен туындаған ән мен күй өнерінің өзіндік өрнектерін насихаттау.
«Дәстүрлі ән – қазақ мәдениетінің сан ғасырлық құпиясын өз қойнауында бүгіп жатқан қойма тәрізді. Соның ішінде Алтай, Тарбағатай әндері ойдағы және қырдағы бауырлардың сағынышынан, табиғаттың әсем келбетіне деген сүйіспеншіліктен туындаған. Оның ішінде салт-дәстүріміздің, әдеп-ғұрпымыздың да көрінісі бар. Жалпы, қазақ мәдениетінің ажырамас бір бөлшегі», – дейді «Халық ән» бөлімінің көркемдік жетекшісі Секен Сыздық.Орындаушылық мәнері бір бөлек, шығармашылық бітімі басқа Алтай, Тарбағатай әндерімен қоса «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі де авторлық шығармалар мен күйлерді тарту етті. Көпшіліктің қошеметіне бөленген өнерпаздар арасында Қазақстанның мәдениет қайраткері Қарагөз Гасимова жетігенмен концерттің нақышын келтірсе, мәдениет саласының үздігі Шыңғыс Мақан сыбызғыда өңірге тән әуенді ансамбльдің сүйемелдеуінде ұсынды. Сондай-ақ Нұрай Танабаев, Күнсұлу Тұрлыбекова, Данияр Мұқан, Жазгүл Данылбаева, Жақсыгелді Маясаров, Айнұр Қонысбаева, Нұржан Мейірхан, Алуа Қалымбекова, Айдос Оңғарбай өз өнерлерімен көпшілікті тамсандырып, ерекше әсерге бөледі.