Ұлытауда алтын кенін заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды
Ұлытауда алтын кенін заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды
234
оқылды
Ұлытауда алтын кенін заңсыз өндірумен айналысқан күдікті топ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz. Ұлытау облысының Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлытау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері карьерлердің бірінің аумағында жедел іс-шаралар жүргізді. Полиция қызметкерлері алтын кенін заңсыз өндірумен айналысқан 30 және 41 жастағы жеті ер адамды ұстады. Оқиға орнынан экскаватор, су айдауға арналған құбырлар мен шлангтар, бір бөшке жанармай және 83 қап алтын кені тәркіленді. Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер осы қылмысты ұйымдастыруға қатысы бар күдіктілерді – екі жол талғамайтын көлікпен жүрген 23 және 34 жастағы екі ер адамды ұстады. Бірінші көлікті тексеру барысында бес патрондары бар тапанша табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тапанша атуға жарамды болып табылды. Екінші көліктен полицейлер үш патронмен бірге травматикалық тапанша тапты. Сараптама қорытындысы бойынша қару атуға жарамды. ҚР ҚК-нің 334-бабы (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану) және ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.