Орталық сайлау комиссиясының отырысында кезектен тыс Президент сайлауының түпкілікті қорытындысы жарияланды. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің дерегінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31 пайызы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын сайлаушылардың 460 484-і немесе 5,8 пайызы таңдаған. Сонымен бірге Жигули Дайрабаевқа сайлаушылардың 271 641-і немесе 3,42 пайызы, Қарақат Әбденге сайлаушылардың 206 мыңы немесе 2,6 пайызы, Мейрам Қажыкенге сайлаушылардың 200 907-і немесе 2,53 пайызы, Нұрлан Әуесбаевқа сайлаушылардың 176 116-ы немесе 2,22 пайызы және Салтанат Тұрсынбековаға сайлаушылардың 168 731-і немесе 2,12 пайызы дауыс берген.
Қазақстандағы сайлау туралы Конституциялық заңның 9-бабы 1-тармағына және 65-бабына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайыздан астамының дауысын алған кандидат республика Президенті болып саналады. Осылайша, 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ҚР Президенті болып сайланды», – деді Нұрлан Әбдіров.Бұдан соң ОСК мүшелері 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс Президент сайлауының қорытындыларын анықтау туралы қаулыны бірауыздан қабылдады.
«Орталық сайлау комиссиясы халық сайлаған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тіркеді және заңнамада белгіленген тәртіппен сайланған Мемлекет басшысына тиісті куәлік тапсырылады», – деді ол.Сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қарашада ант береді.