«Қос азудан» арқан жолмен өтті
«Қос азудан» арқан жолмен өтті
Эстониялық танымал слэк­лайнер-спортшы Яан Роозе Қазақстанға келіп, әйгілі Бозжыра шатқалындағы «Қос азудың» арасын жалғаған аспалы арқан жолмен жүріп өтті. Спортшы екі жүз метр биіктікте жарты шақырым қашықтықты жүрген. Түсірілім ауа температурасы 50 градус ыстықта және қатты жел соғып тұрған күні жүргізілді.
 «Бозжыра мен үшін үлкен сы­наққа айналды. Ол – менің өмірімдегі ең күрделі, әрі әдемі жобалардың бірі. Бозжыраның суреттерін көргенде қайран қалып едім. Ал осында келіп, сол сұлулықтың бәрін өз көзіммен көрген кезде, тіпті таңғалдым. Бұрынғы мұхиттың орны деген дерек қиялыма қанат бітірді. Қазақстанға алғаш рет келуім. Маған бұл жердің халқы қатты ұнады: шетінен мейірімді, ақылды, өз ісін жақсы білетін адамдар екен», – дейді Яан. Түсірілім бес күнге созылды. Мақсаты – Бозжыраның туристік мүмкіндігін жаңа қырынан паш ететін ерекше бейнеролик түсіру. «Бүгінде Маңғыстау облысы – Қазақстан туризміндегі басым бағыттардың бірі. Биылғы келген шетелдік саяхатшылардың саны бойынша, бұл өңір алғашқы озық бестіктің қатарына кірді. Маңғыстаудың әлемдік фильм-туризмінің орталығына айналу мүмкіндігі бар. Біз өз өлкеміздің айрықша сұлулығын ашып көрсете алатын бастамаларды қолдауға дайынбыз. Тек келетін адамдар табиғатымызға асқан ұқыптылықпен, жанашырлықпен қарауы керек», – дейді Kazakh Tourism ҰК АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.