Елена – екінші орында
Елена – екінші орында
Теннистен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина биылғы WTA жарыстарында 57 матчта 370 эйс жасап, екінші орынға табан тіреді. Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, бірінші орынға 63 матчтағы 394 эйспен WTA қорытынды турнирінің чемпионы, франциялық Каролин Гарсия көтерілді. Екінші сатыға Елена Рыбакина жайғасса, ресейлік Вероника Кудерметова (59 матч, 265 эйс) үздік үштікке ілікті. 2020 жылы Е.Рыбакина 193 эйспен әйелдер теннисі қауымдастығында (WTA) озық шыққан еді.Ерлер арасында АТР қорытындысы бойынша Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик алтыншы орынға табан тіреді. Ол 55 бәсекеде 715 эйске қол жеткізді. Өткен жылы қазақстандық теннисші бұл жөнінен алдына жан салмаған еді (62 матч, 840 эйс). Еске сала кетейік, Елена Рыбакина Әйелдер теннисі қауымдастығының «Жыл ойыншысы» атағына үміткер.