Тасымалдауда тыңнан түрен салады
Тасымалдауда тыңнан түрен салады
© коллаж: Елдар Қаба
434
оқылды
Қазақстан Каспий арқылы 20 млн тонна мұнай тасуы мүмкін. Ел еуразиялық кеңістіктегі көлік-логис­­тикалық хабқа айналады. Өткен 15 жылда осы салаға 10 трлн теңге шығындалыпты, алда одан көп инвестиция құю жоспарланған. Нәтижесінде, республикадағы тасымал-транзит бағыттары да­миды. Сонымен бірге бұрын басым болған халықаралық бағдарлар өзгермек. Ресейді айналып өтетін ба­ла­малы бағыттар дамытылады. Бұған геосаяси ахуал да итермелеп отыр. Саладағы мұндай кешенді шаралар легі Көлік-логистикалық әлеуетті дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында қамтылған. Сала тіршілігінің көрігі қызды Қазірден жақсы жаңалықтар да жетерлік: мысалы, күні кеше KTZE-Khorgos Gateway терминалында 1 435 миллиметрлік ізаралықтағы екі теміржол салынып, тұрақты қолданысқа берілді. Бұл терминалдың қуатын 2 есе арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, ол ҚХР-дан тәулігіне 20-ға дейін контейнерлік пойыз қабылдай алады. Бұл да өз кезегінде Қазақстанның транзиттік әлеуеті мен компанияның табыстылығын арттыруға септеседі. Ел Президент сайлауалды бағдарламасында көлік-логис­тикалық саланы дамытуға баса көңіл бөлді. Бұл об­лыстардың дамуына да ықпал етеді. Айталық, 7 қарашада Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев географиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқан Маңғыстау өңірін әлемдік деңгейдегі көлік-транзит торабына айналдыру керегін атап өтті. Мемлекет басшысы жаһандық логистикалық жүйе қайта қалыптасып жатқан қазіргі кезде Каспий теңізінің маңызы күрт арта түсетінін еске салды. Сол себепті мемлекет ондағы порттың инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуды, контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құруды көздеп отыр. Каспий теңізі арқылы Қазақстан Ресей аумағына соқпай, Әзербайжанға, Грузияға, Түркияға, ары қарай Қара теңіз арқылы Еуропаға және өзге нарықтарға шыға алады. Бұдан бөлек, Иран арқылы Парсы шығанағы нарығына қол жеткізуде. Биыл «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен түркиялық «TCDD Taşımacılık A.Ş.» АҚ өзара серіктестікті дамыту туралы келісімге қол қойды. Құжат екі елдің логистикалық әлеуетін нығайта отырып, Түркиядағы негізгі дәліз – Карс–Ахалкалаки те­мір­жол желісін бірлесе пайдалануға мүмкіндік береді. Келісімге сәйкес, 2023 жылы осы дәлізде жүк тасымалының өткізу қабілеті мен көлемі төрт есеге артпақ. 2021 жылдың қорытындысында елімізде көліктің барлық түрімен 3 млрд 732 млн тонна жүк тасымалданыпты. Мұндағы ең үлкен көлем автомобиль (89%) және теміржол (11%) көліктеріне тиесілі. Жиынтық жүк ай­налымы 458 миллиард тонна-шақырымды құрады. Оның ішінде теміржол және автомобиль көлігінің үлесі 99%-дан асады. Ресми мәлімет бойынша, соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік-логистикалық кешені мен транзиттік әлеуетін дамытуға 10 триллион теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл саланың сандық және сапалық тұрғыдан жақсаруына әкелді. Бүкіл елімізде 2,5 мың шақырым жаңа теміржол желісі салынды, 13 мың шақырымнан астам автомобиль жолы қайта жаңартылды. Ауқымды инвестициялар қазақстандық инфрақұрылымның жаһандық көліктік-логистикалық ағындарға интеграциялануын жеделдетті. Жүктерді жеткізу құны төмен әрі жылдамдығы жоғары, бәсекеге қабілетті жаңа транзит дәліздерін қалыптастыруға септесті. Осының арқасында соңғы алты жылда Қазақстан арқылы өтетін транзит ауқымы 5 есе өскен: контейнерлік тасымалдау көлемі 2015 жылғы 210 мыңнан 2021 жылы 1 млн 65 мың жиыр­ма футтық баламаға (ЖФБ) де­йін өсті. Бұл ретте «Қытай–Еуропа» ба­ғы­тын­да контейнер ағыны 15 есеге – 2015 жылғы 47 мыңнан 2021 жылы 732 мың ЖФБ-ге дейін ұлғайды. Баламалы бағыттар қалай дамиды? Алып мұхиттарға шыға алмайтын еліміз құрлықта қамалып қалмауы үшін Ресейге тәуелсіз, баламалы ба­ғыттарды дамыту мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Бірақ осы бағытта қаншалықты ілгері жылжыдық? Әлде барлығы сөзден аспай жатыр ма? Осы маңызды сауалға жауап іздесек. Қазақстанның батыс қақпасы саналатын Ақтау және Құрық порттары жылына 21 млн тонна жүк өткізуге қабілетті. Каспийдегі осы теңіз порттары арқылы бүгінде Баку, Батуми, Поти порттарымен тұрақты аралас тасымалдар жолға қойылды. Егер Ресей арқылы қара алтын тасымалдау мүмкін болмай қалса, Қазақстан ең кемі 20 миллион тонна мұнайды Кас­пий порттары арқылы жаһандық нарыққа шығара алуы тиіс. Баку–Тбилиси–Карс теміржол желісінің іске қосылуы Қазақстанның экспорт жүктерін Түркияның оңтүстік және батыс порттарына тікелей жеткізуге, Жерорта теңізіне шығуға мүмкіндік берді. 2021 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 15 мың транзиттік контейнер тасымалданды. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 36 есе көп. Қазақстан бүгінде Қытай мен Иран арасын жалғастырды: осы мақсатта Қазақстан –Түрікменстан–Иран теміржол желісі ашылып, оның бойымен 2,9 мың контейнер өтті. 2015 жылға дейін бұл маршрутта еш тасымал болмаған. Ал Қазақстанның «Шығыс қақпасы» Қытай шекарасындағы екі те­міржол шекара өткелінен тұрады. Бұлар: Достық–Алашанькоу және Алтынкөл–Қорғас. Бұл өткелдердің жалпы өткізу қабілеті жылына 40 млн тоннаны құрайды. Әрқайсысы 20 млн тоннадан. Достық және Алтынкөл стансалары жүктер мен контейнерлердің барлық номенклатурасын, вагондарды 1435 мм калибрлі теміржолдан 1 520 миллиметрлік рельстерге қайта тиеу инфрақұрылымымен және терминалдарымен жабдықталған. Қытай–Еуропа–Қытай, Қытай–Орталық Азия елдері–Қытай бағыттарындағы те­міржол контейнерлерінің негізгі кө­лемі дәл осы шекаралық өткелдер ар­қылы тасымалданады. Енді бұған Иран порттарының бағыттары қосылды. Мамандардың түсіндіруінше, санкциялар әсерінен 2022 жылдың басынан Қытай–Ресей–Беларусь–Қытай бағытындағы теміржол транзиті күрт өсті. Нәтижесінде, Достық шекаралық өткелінің теміржол инфра­құрылымы өз қуаты шегінде жұмыс істеп тұр. Коллапс болмауы үшін Дос­тық–Мойынты учаскесін жаңғырту және дамыту жобасын жеделдетіп іске асыру қажет. Онда жаңадан тұтас екінші жолды салу және осы учаскені электрлендіру, сондай-ақ жаңа логис­тикалық және технологиялық шешімдерді енгізу талап етіледі. ҚХР-дан Еуропа, Орталық Азия, Кавказ, Түркия және Иран елдеріне тасқындайтын жүк ағындарын шоғырландыру және қайта бөлу үшін Дос­тық және Алтынкөл стансаларында Орталық Азиядағы ең ірі контейнерлік терминалдар – «Қорғас-Шығыс қақпасы» құрғақ порты және Dostyk TransTerminal тұрғызылды. Сондай-ақ онда «Кедентранссервис» АҚ, EuroTransit, Atasu Group және басқаларының терминалдары жұмыс істейді. Олар ҚХР-дан Еуропаға, сондай-ақ Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдеріне жүк ағынын тиімді бөлуді қамтамасыз етеді. Болашақ Еуразиялық көліктік-логистикалық хабтың бір ұстыны да осылар. Бұлар Қазақстанның магистралды теміржол желісімен және автомобиль жолдарының желісімен тығыз технологиялық байланысқан.
– Трансконтиненталды тасымалдау жүйесіндегі маңыздылығы жөнінен Қытай–Еуропа–Қытай бағытындағы трансқазақстандық дәлізін Суэц каналына теңеуге болады: дәл сондай стратегиялық рөл атқарады. Қазақстан территориясы арқылы жер үстімін транзит жүктерін жеткізу өзге елдердегі теңізбен тасымалға қарағанда 3 есе жылдам, ал әуекөлігіне қарағанда 10 есе арзан. Халықаралық көлік дәліздерін әртараптандыру Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін дамытудың басымдығы болады. Транзит жылдамдығын арттыру үшін Еуразия­лық көлік дәліздерін дамыту аясында көлік саласындағы мемлекеттік қызметтердің көпшілігі электронды форматқа ауыстырылады, инновациялық технологиялар енгізіледі, – деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Теміржол тасымалындағы серпін ҚТЖ дерегінше, теміржол арқылы ха­­лық­аралық тасымал жоғарғы қар­қын­мен дамуда. Тіпті, консервативті болжам бойынша 2030 жылға қарай те­мір­жол тасымалы 13%-ға ұлғайып, 326 млн тоннаға жетеді: оның ішінде тран­зит 44%-ға өсіп, 30 млн тонна болады. Қазақстанда теміржолдар желісінің тығыздығы төмен: әрбір 1 000 текше шақырымға шамамен 6 шақырымнан келеді. Бірақ осының өзінде халықты теміржол желілерімен қамту көрсеткіші бойынша Қазақстан Еуропалық одақ елдерін басып озды: Қазақстанның әрбір миллион халқына 816 шақырымнан келеді, ал ЕО-да орташа есеппен – 451 шақырым. Соңғы 25 жылда 2,7 мың шақырым жаңа теміржол желісі салынды, бұл өңірлерді өзара байланыстыруға және транзиттік маршруттарды оңтайландыруға мүмкіндік берді. Теміржолдарының жалпы ұзындығы бойынша (16 мың шақырым) Қазақстан әлемде 19-орынға шықты. Ал 2030 жылға дейін алғашқы ондыққа кіруі мүмкін. Жаңа тұжырымдама аясында қордаланған проблемаларды шешу жос­парланған. Мысалы, елдегі көптеген теміржол желісі пайдалану шегіне жақындады. Теміржолдардың жалпы ұзындығының төрттен бір бөлігі ғана электрлендірілген. Бұл проблема, әсіресе Мойынты–Достық, Тобыл–Қандыағаш, Жарық–Жезқазған, Шұбаркөл–Есіл, Бейнеу–Шетпе учаскелерінде айқын көрініс беруде. Салдарынан қазақстандық жүк жөнелтушілердің сұранысы толық көлемде өтелмеді. Экспорттық және транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемінің өсуін шектейтін өткізу қабілеті төмен учаскелер саны ұлғаюы мүмкін. Теміржол көлігінде транзиттік тасымалдардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және Қазақстанның өңірлік транзиттік хаб ретіндегі жетекші рөлін сақтау үшін Достық–Мойынты учас­кесін жаңғырту, Достық стансасын жаңғырту жобалары іске асырылады. Алматы айналма жолы және Дарбаза–Мақтаарал учаскелері салынады. Халықаралық консультанттардың ұсынысымен локомотив паркін 2032 жылға дейін жаңартуға 1,6 млрд доллар инвестиция салу қажет болады. Жаңа тұжырымдама аясында жүзеге асырылатын шаралар қорытындысында магистралды теміржолдардағы пойыздардың орташа тәуліктік жылдамдығы 2022 жылмен салыстыр­ғанда 2030 жылы 20%-ға дейін артуы тиіс. Жаңа танкерлер мен кемелерді сатып алу, ескілерін жөндеу арқылы флоттың тозуы 2030 жылы 54%-ға азайтылады. Тірек елді мекендері жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен 2030 жылы 100% қамтылады. Контейнерлік транзиттің жылдық көлемі 2030 жылы 3 млн ЖФБ-ға (контейнерге) жеткізіледі. Қазақстан теңіз порттарының өткізу қабілеті 2025 жылы – 40 млн, ал 2030 жылы 45 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Қорыта айтқанда, әлемдегі геосая­си өзгерістер Қазақстан алдынан осы салада жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Мысалы, Халықаралық автокөлік тасымалдаушылары одағының мәлі­метінше, Ресей санкцияларға іліккелі халықаралық тасымалда Қытайдың Қазақстанға тәуелділігі артқан. Еліміз бұл мүмкіндікті қалт жібермей, уақытылы пайдаланғаны жөн. Сонда транзит молаяды, одан түсетін табыс артады, сол арқылы бюджет толып, халықтың әл-ауқаты жақсарады.