ЖАРҚЫН БЕЛЕСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙТІНІНЕ СЕНЕМІЗ
– Президент сайлауында өз таңдауын жасау әр Қазақстан азаматының мемлекет алдындағы бұлжымас борышы. Мен де ел тарихындағы елеулі күні дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым. Биылғы сайлаудың басқа сайлаулардан артықшылықтары көп болды. Айталық, тұңғыш рет Президент болуға көп кандидат белсене қатысты. Бұл еліміздегі саяси тұлғалардың көбейіп келе жатқанын аңғартты. Кандидаттардың әрқайсысының сайлауалды бағдарламалары да әр түрлі. Бірі ауылшаруашылығына ден қойса, енді бірі әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді көтеріп жатыр. Осылайша халық жанына жақын, ел болашағын сеніп тапсыра алатын кандидаттарға дауыс берді. Нәтижесінде айқын басымдықпен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Бұл – халықтың таңдауы. Мемлекет басшысы алдағы жеті жылда елімізді жарқын белестерге жетелейтініне сенеміз. Себебі 2019 жылдан бері мемлекетімізде оң өзгерістер орнауда. Түбегейлі реформа жасау, ол – саяси, құқықтық, сот жүйесі, экономикалық мәселелер, сыбайлас-жемқорлықты жеңудегі мақсат, бәрі – бір күнде шешілетін мәселе емес. Соңғы отыз жылда қордаланып қалған мәселелерді жедел, бірінен соң бірін шешіп, елімізді дамыту, жасампаздық жолына көшіру – мақсаты. Сондықтан оңай болады деп ойламаймыз. Бірақ ел, халық, ұлт болып, бірігіп Президентті қолдап, сол мақсатқа жетуге ұмтылуымыз керек.БАЙҚАУШЫЛАРДЫҢ ДА ҚАТАРЫ АРТТЫ
– Еліміз бойынша өткен кезектен тыс президент сайлауы мәресіне жетті. БАҚ арқылы және өзіміз де сайлау учаскесіне барғанда халықтың белсенділігі жоғары екеніне куә болдық. Бұл елдегі азаматтық сананың және саяси мәдениеттің жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Мұны соңғы 3 жылда жасалған саяси реформалардың қандай да бір көрсеткіші деп қабылдауға болады. Оның үстіне, сайлауда байқаушылардың да қатары артып келеді. Себебі, байқаушылар институтының елімізде кең құлаш жаюы белсенді азаматтардың елдің саяси өміріне қатысуына деген ынтасы артқанын байқатады. Жалпы алдағы уақытта еліміздің демократияландыру жолындағы бірден-бір көрсеткіші азаматтық сананың артуы деп атап айта аламыз. Елімізде кезектен тыс президент сайлауы, бұған дейінгі жалпыұлттық референдум, алдағы уақытта парламент сайлауының өтуі сынды электоралдық цикл саяси реформалардың іс жүзінде жүзеге асуының үлесі. Бұл мемлекетіміздегі саяси үрдістің қарқынды дамуына үлесін қосады. Әр азамат өзінің конституциялық құқығын қолдану арқылы, елдің саяси өміріне сайлау арқылы қатыса алады. Осылайша алдағы уақытта елдегі саяси бастамалардың тыңғылықты жүзеге асуына өз үлесін қосады.САЯСИ КӨЗҚАРАСТЫҢ АЛУАНДЫҒЫ БАЙҚАЛАДЫ
– Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы жоғары деңгейде өтті деп санаймын. Біз отбасымызбен сайлау учаскесіне барып, дауыс бердік. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қызметкерлері де сайлауға белсенді қатысты. Биылғы сайлаудың бірінші ерекшелігі ретінде кандидаттар тізіміне «Бәріне қарсымын» деген графаның қосылуын айтар едім. Бұл сайлаудың нәтижесіне әсер етпесе де, көзқарас алуандығын білдіреді, әрі саяси реформалардың елеулі көрінісі деп білемін. Саяси науқанның екінші ерекшелігі Мемлекет басшысының 7 жылдан тұратын бір мерзімге ғана сайлануы. Бұл өзгеріс билікті меншіктеп алуға тоқсауыл қойып, елдегі жаңа демократиялық реформаларға жол ашары сөзсіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлаудың қорытындыларына сәйкес басымдыққа ие болды. Қалың көпшіліктің Мемлекет басшысына сенім артып дауыс беруі – осы уақытқа дейін атқарған еңбегінің айғағы, халықаралық аренадағы абыройының арқасы деп ойлаймын. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар еліміздің тізгінін мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, халықаралық саясатта беделі бар адамның ұстауын қалайды. Өз кезегінде мәдениет саласының қызметкерлері де Қасым-Жомарт Кемелұлының жүргізіп отырған саясатын қолдайтындығын және алдағы реформалардан зор үміт күтетіндігін айтқым келеді.ЕЛДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ҚАЖЕТ
– Кезектен тыс өткен Президент сайлауын Қазақстанның саяси өміріндегі үлкен оқиға деп бағалау керек. Ел азаматтарының 70 пайызға жуығы дауыс берді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Алда Әділетті Қазақстанды құрғалы жатырмыз. Халықтың оған сенімі мол екенін белсенділігінен байқауға болады. Сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31 пайыз дауыс жинады. Бұл – үлкен жеңіс. Президент сайлауы елімізге оң әсер ететініне сенемін. Барша қазақстандықтар болып мемлекетімізді басқаруға лайықты Президентімізді сайладық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең көп дауыс жинағанына қуаныштымын. Енді Мемлекет басшысымен бірге Әділетті Қазақстанды құруымыз үшін белсене атсалысуымыз қажет.