Емханаға кім иелік етеді?
Емханаға кім иелік етеді?
604
оқылды
«Петропавл қалалық №2 емхана жекеменшікке сенімгерлік басқаруға беріледі» деген сыбыс шыққалы тұр­ғындар мен мекеме қызметкерлерінен дегбір қашқан. Қысқасы, қызылжарлықтар бұл денсаулық сақтау ұйымының басқару формасын өзгертуге үзілді-кесілді қарсы. Неліктен? Петропавл қалалық №2 емхана – ең ірі емдеу мекемелерінің бірі. Мұнда 80 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Биыл бұл емхана мемлекеттік аккредиттеуден өтіп, бірінші санатқа ие болды. Ұжым мүшелерінің айтуынша, денсаулық сақтау мекемесі жос­парлы және тұрақты түрде дамып келе жатыр. Мәселен, былтырғы табысы 95 мил­­лион теңгені құрапты. Емхана дәрігерлерінің пікірінше, жекеменшікке шығыны көп мекемелер ғана беріліп, кәсіпкер оны оңалтуы тиіс. Ал «күлшелі» мекеме кімнің мүддесі үшін жекеменшік қолға берілмекші екенін олар біле алмай дал. Бұл орайда олармен ақылдасып, пікірін сұраған ешкім жоқ. Алайда емхана қызметкерлері өздерінің жекеменшікке өтетінін сенімді дереккөздерден естігендерін айтады. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, мекеме ұжымы қазірдің өзінде бұған қарсылығын білдіруде.
«Бізді мемлекеттік сек­тордан жекеменшікке бере салмақ па? Біз мұнымен келіспейміз. Біз қайда қаламыз сонда? Мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудан қалыс қаламыз. 42 күндік еңбек демалысынан, оған төленетін ақшадан және жәрдемақыдан қағылуымыз мүмкін. Біз қазір ұжымдық келісімшарт бойынша жұмыс істейміз. Мұндай шарттың жеңілдігі көп. Екіншіден, біз тауып отырған табыс емхананы дамытуға және біздің әл-ауқатымызды жақсартуға жұмсалады. Ауырып қалғандарға еңбекке жарамсыздық туралы парақша бойынша ақша төленеді. Кәсіподақ тарапынан жеңілдіктер бар. Біліктілігімізді арттыруға, оқуға мүмкіндік жетерлік. Бюджет саласының қызметкерлері ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған әріптестеріміз де бар. Соның бәрінен айырылғымыз келмейді. Сондықтан жекеменшікте жұмыс істеуге құлықсызбыз», – дейді дәрігерлер.
Әсіресе, осы емханада 40 жыл жұмыс істеп, зейнет демалысына аз ғана уақыт қалған қызметкерлер алаңдаулы. Олар осы жасқа келгенде басқа жерге жұмысқа орналаса алмаймыз деген қорқынышын жасырмайды. Дәрігерлер жеке кәсіпкерлер өз қарамағындағылардың ай сайынғы міндетті медициналық сақтандыру жарнасын уақытылы төлемегендіктен, сақтандыру мәртебесінен айырылып қалған науқастар жиі жолығатынын, сондай-ақ зейнетақы төлемдері уақтылы төленбегендіктен, еңбек өтілі ескерілмейтіндері де кездестіре­тінін айтады. Сондықтан да жекеменшікке өткілері жоқ. Науқастар да наразы Дәрігерлер өздеріне қолайлы жағдай жасалмаса, науқастарға тиісінше көңіл бөле алмайтынын да жасырмайды. Соның салдарынан емханаға жүгінушілер де зардап шекпек. Бұл мекемеге 79 мыңнан астам тұрғын бекітілген.
«Жекеменшікке өтсек, тұрғындар көп жеңілдіктен қағылады. Қазір олар екі пакет бойынша тегін медициналық көмек алуда: міндетті медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік бе­ріл­ген көлемі аясында жекеменшік емхана оның бірін де тегін көрсетпейді. Медициналық қызмет таза бизнеске айналады. Мақсаттары – жоқ жерден пайда тауып, табысқа кенелу. Жеке кәсіпкер ақылы қызметтер санын көбейтеді. Бұл – науқас­тың қалтасына салмақ», – дейді дәрігер Алтын Сағынқызы. Солтүстікқазақстандық «Чернобыль одағы» мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақатжан Арықов ардагерлер атынан наразылығын білдірді. Оның айтуынша, жыл сайын санаторийге барып емделіп жүргенде, жекеменшікке берілген мекемелердің мүшкіл жағдайына талай рет көз жеткізіпті. «Жеке кәсіпкер тек ақшаға ғана қызығады. Мекемені дамытқысы кел­мейді. Сондықтан біз, ардагерлер, сүйікті емханамыздың жекеменшікке берілуіне қарсымыз. Жеке қолға берілген жылу элек­тр­ орталығында, «Қазақтелекомда» не болып жатқанын қараңыздар. Болашағы зор, жақсы дамып келе жатқан емхана да сондай күйге түскеніне жол бермейміз», – дейді Ақатжан Құрмашұлы.
50 жылдан бері осы емханада емделіп келе жатқан 68 жастағы зейнеткер де онымен толық келісіп, заңсыздыққа жол бермей, бұл үрдісті тоқтату керек дегін пікірін білдірді.
«Балабақшаларды сенімгерлік басқаруға берудің немен аяқталғанын білеміз. Неліктен ең үздік емхана аяқ астынан жекеменшікке сатылуға мұқтаж болып қалды? Бизнесмендер құруға шақ қалған шалғайдағы ауылдардың емдеу мекемелерін алсын. Пациент ретінде біздің емханада кезек жоқ екенін, қызмет сапасы жақсы екенін көріп жүрмін. Сондықтан қарсымын», – дейді Инна Лопатко. Басқа науқастар да осындай пікірде.
Қоғам белсенділері қорғауға кірісті Қоғам белсенділері де №2 қалалық емхананы жекеменшік қолға өткізуден қорғап қалмақшы болып шырылдап жүр. Белсенділер бұл мәселе қоғам пікірін ескерместен қабылданғанына наразы. Ең алғашқы болып өңірде белгілі заңгер Олег Хрупин шу шығарды.
«Неліктен денсаулық сақтау мекеме­сінің тағдыры қоғамдық талқылаусыз шешіледі? Нақты шарттары да, тараптардың міндеттемелері де белгісіз. Неліктен біз, еліміздің азаматтары әрі салық төлеушілері бола тұра, өз денсаулығымызға қатысты мәселелерді шешуге қатыса алмаймыз?», – деп заңгер өз наразылығын білдірді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы Руслан Асаубаев мәселенің мән-жайын анықтау үшін об­лыс­тық Денсаулық сақтау басқармасына жазбаша сауал жолдады. Бұл хатқа облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан әзірге емхананы сенімгерлік басқаруға берудің экономикалық орындылығы қарастырылып жатқаны туралы жауап келіпті. Сондай-ақ емхананы қайта жаңғырту және пайдалану үшін деген себеп көрсетілген екен. Егер оң шешім қабылданатын болса, емхана жекеменшікке ашық конкурс жолымен өтетіні де осы жауапта жазылған.
Біздің сауалымызға да: «Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарды сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі жоба қаралуда. Облыстың қандай да бір медициналық ұйымдарына жеке инвестицияларды тартудың орындылығы туралы шешім қабылданған жағдайда, басқарма тарапынан облыстың қоғамдық кеңесі мен мәслихаты деңгейінде жобаны талқылау бойынша барлық тиісті рәсімдер жүргізілетін болады. Онда жобаның барлық шарттары, тараптардың құқықтары мен міндеттері айтылады» деген жауап келді.
Сондай-ақ басқармадағылар биыл облыс бойынша денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекелік әріптестік аясында үш жобаның жүзеге асырылатынын айтыпты. Олар: өңірдің медициналық ұйымдары үшін оттегі стансаларын құру, жаңғырту және пайдалану үшін көпсалалы облыстық аурухананың ас блогын сенімгерлік басқаруға беру, Петропавлда нефрология және эфферентті терапия орталығын ашу. Солтүстікқазақстандықтар салықтан және міндетті медициналық сақтандырудан түсіп жатқан қаржы қайда кетіп жатқанын біле алмай дал. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі туралы ресми есептің деректері бойынша медициналық ұйымдар ғимараттарының тозуы шамамен 75, ал жабдықтармен жарақтандырылуы 59-ақ пайызды құрайды.

Солтүстік Қазақстан облысы