Маңғыстау облысының байырғы шаруашылығының бірі – балық шаруашылығы. Аймақта осы шаруашылық түрімен айналысатын кәсіпорындарға қолдау көрсетіліп, шаруашылық қайта жандана бастады. Өңірде балық шаруашылығына мамандынған бірнеше кәсіпорын ашылып, жергілікті әкімдіктен қолдау тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға жасаған жұмыс сапары барысында балықты өсіру және өндіру бойынша қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын. Президент жергілікті билікке балық шаруашылығымен айналысатын бизнес иелеріне қолдау білдіріп, жер телімдерін беруді тапсырды. Сонымен қатар балық өнімдерін елімізге ғана емес, шетелдерге экспортқа шығару үшін оңтайлы жағдай жасау керектігін айтты.
Президент тапсырмасы аясында балық шаруашылығының әртүрлі саласында серпін пайда болды. Солардың бірі Industrial Fish Plant кәсіпорны жергілікті атқарушы органға арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізуге жер телімін сұрап өтініш білдірген. Осылайша мекемеге жалпы көлемі 1 200 гектар болатын «Тоқмақ», «Жыланды», «Ракушечный мыс» жерінен үш жер телімі үш жылға зерттеуге берілді. Жергілікті әкімдіктен қолдау тапқан кәсіпорынның бірі CaspyAltynBalyk кәсіпорны. Аталған өндіріс орны бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру мақсатында Форт-Шевченко қаласында 0,15 гектар жер телімін алған. Қазір аталған аймақта құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Болашақта кәсіпорын жер көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
Сондай-ақ «Каспий Алтын балық» ЖШС-не балықты өңдеу және қабылдау мақсатында Түпқараған ауданында 0,10 гектар жер телімі берілген. Ал Caspian Kuryk Balik кәсіпорнына балық және шаян тәрізділерді өсіру үшін Қарақия ауданынан 0,10 га жер телімі берілді. Ақтау қаласында жұмыс істейтін NATALI COMPANY компаниясы биыл 22 тонна балық өнімін өндірген. Оның жеті тоннасын Батыс Қазақстан облысына экспорттаған. Компания алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмай, өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ал әкімдік өз кезегінде тиісті көмек көрсететін болады. Өңірде жеке кәсіпкерлер де балық шаруашылығын дамытуға ынталы. Құрық ауылының тұрғыны Қуаныш Сейітов балық шаруашылығын дамытумен айналысып жүр. Қазіргі таңда балық шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпкерге Қарақия ауданынан 10 гектар жер телімі берілген.
Балық шаруашылығының дамуы еліміздің экономикасына да оң әсерін тигізеді. Мәселен «Ақтау балық компаниясы» жергілікті және халықаралық нарыққа өнімдерін шығарып жүр. Компания табиғи таза өнімдерін нарықтық бағадан 20 пайыз төмен бағада сату үшін Ақтау қаласында дүкендерін ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда дүкендердің құжаты жасақталып жатыр. 2022 жылы Kazakh osseter ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорны 10 000 кг балық өнімін Ресей және Әзербайжан елдеріне экспортқа шығарған.
Қазір Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамыту жоспары қарқынды жүзеге асып жатыр. Осының аясында өңірдегі балық өнеркәсібі 2030 жылға дейін бірнеше есе ұлғайып, өсірілетін балық көлемі 100 000 тоннаға жетпек. Биыл өңірде 37 тонна балық өсіру жоспарланған болса, соңғы деректер бойынша Kazakh osseter, «Каспиан Ривьера» және NATALI COMPANY кәсіпорындары жыл басынан бері 38,5 тонна бекіре мен тауарлық балық өсірген. Ал келесі жылы 73 тонна балық өсіру жоспарланып отыр.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
Маңғыстау облысы