Жәрмеңкеге келіп, жұмысқа орналасты

жәрмеңке

Елордада еңбек нарығын реттеуге бағытталған шаралардың шапағатын көріп жатқандардың қарасы қалың. Бүгінде қала әкімдігінің ұйытқы болуымен әр тоқсан сайын тұрақты ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы «екі қолға бір күрек» тауып кеткендер де көп.

Шаһарда тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын ұйымдастыру, лайықты еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес, кадр даярлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Айталық, Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы жыл басынан бері 7 421 адамды тұрақты жұмысқа орналастырған. Қазір «Еңбек» порталында 5 760 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрса, оның 2 269-ы әлеуметтік көмек алады. Сондай-ақ 2 988 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осының өзі жұмыссыз елордалықтар әкімдіктің жұмыспен қамту іс-шараларына белсенді қатысып жатқанын көрсетіп отыр.

Жалпы алғанда, жыл басынан бері 9 жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген екен. Шараға 523 ірі жұмыс беруші қатысып, 14 612 бос жұмыс орындары ұсынылған. Ол бойынша 260 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Ал жыл соңына дейін Астанада 28 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мәселен, осы тоқсанда соңғы рет «Жастар» сарайында өткізілген жалпықалалық бос жұмыс орындары­ның жәрмеңкесінде жұмыссыз тұрғындар үшін 55 жұмыс беруші 1 400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Қазір қалада мұғалімдерге, құрылысшылар мен инженерлерге деген сұраныс жоғары. Сол үшін жұмыссыздар қатарын азайту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты өткізіледі. Енді жыл соңына дейін жастар үшін тағы бір жәрмеңке өткізу жоспар­ланған.

Мұндай жәрмеңке өтініш берушілердің де көңілінен шығып отыр. Өйткені жұмыссыз тұрғындар осындай іс-шаралардың арқасында бір күнде бірнеше жұмыс берушімен бір нысанның ішінде сұхбаттасуға мүмкіндік алады. Оның үстіне, кейбір компаниялардың ұсынып отырған бос жұмыс орындары туралы толыққанды ақпарат алуға болады. Мысалы, пробацияда тұрғандар, NEET санатындағы азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталған жобалар туралы білгісі келетіндер көп. Сондай-ақ оқуды жаңа бітірген жас мамандарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша да тұрақты жұмысқа орналасудың жолдары қарастырылады.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды универ­ситетін Құқықтану мамандығы бойынша бітірген Карина Каринова – Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұрған жас маман. Оның өтініші биыл «Жастар практикасы» жобасы бойынша Әділет министрлігіне жолдан­ған соң қажетті құжаттар рәсімделіп, аппарат басшысының бұйрығымен жұмысқа қабыл­данған екен. Қазір ол Тіркеу қызметі және заң қызметтерін ұйымдастыру департаментінің Құқық түсіндіру жұмысы басқармасында іс жүргізуші ретінде жұмыс істейді. Үшінші топтағы мүгедек Руслан Әжібаев та Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналастыру бойынша өтінішпен жүгінген. Қазір ол да «РИККО Проперти» ЖШС-ның Астана қаласындағы филиалына жұмысшы болып тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сарыарқа ауданы бойынша жұмысқа орна­ластыру бөлімінің басшысы Бағила Орым­бетова­ның айтуынша, Астана қаласы әкімінің қаулысымен бекітілген мүгедектерді жұмысқа орналастыруға арналған жұмыс орындарының квотасы бекітілген. Бұл бойынша қаладағы бірқатар компаниялар мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алу туралы шарт енгізілген. Мысалы, биылдың өзінде осы санаттағы 822 адам жұмыспен қамтылыпты. Сондай-ақ еңбек өтілі жоқ тұрғындарға арналған «Жастар прак­тика­сы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келі­­сім­шарты» секілді мемлекеттік бағдар­лама­лар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ұзақ уақыттан бері жұмыс таппай жүргендер мен зейнет жа­сына жеткендерге арналған әлеуметтік жұмыс орындары бар. Ал оған биылдан бастап «Күміс жас» бағдарламасы іске қосылған. Мамандығы жоқ, не болмаса кәсібін ауыстырғысы келетіндер де қысқамерзімді курс арқылы бос жұмыс орындарына өтінім жіберуге әбден болады.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.