"Украинадан кейінгі мәселеміз – Қазақстан": Сыртқы істер министрлігі Ресей арнасында айтылған мәлімдемеге жауап берді
"Украинадан кейінгі мәселеміз – Қазақстан": Сыртқы істер министрлігі Ресей арнасында айтылған мәлімдемеге жауап берді
© stan.kz
582
оқылды
Ресейдің "Россия 1" мемлекеттік телеарнасындағы “Вечер с Владимиром Соловьевым” саяси ток-шоуында саясаттанушылар Қазақстанды Украинадан кейін проблема деп атады. 
“Тыңдаңыздар, енді Қазақстан – біздің келесі мәселеміз екеніне назар аударайықшы. Себебі ол жақта да Украинадағыдай нацистік үдеріс қалыптасуы мүмкін. Ол елде орыстар да көп, аумағы да, Семей де, оған қоса, Росатомның ядролық материалдары да сол жақта”, – дейді сарапшылардың бірі.
Бұған ток-шоуды жүргізуші Соловьев “Әрине! Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара құрлықтағы ең ұзын шекара”  деп жауап берді. Еске салайық, мамандар бұл ток-шоу мен Владимир Соловьевты Ресей саясатын үгіттеуші деп біледі. Украинадағы соғысты жақтаған тележүргізушіге бұрын Еуропа одағы бірнеше санкция салған еді. Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ресейлік федералды арнадағы сарапшының Қазақстанды "Украинадан кейінгі мәселе" деп атаған мәлімдемесін қатаң айыптады. Бағдарламаның нақты қай күні түсірілгені белгісіз.
"Әрине, мен бұған дейін нацистік сынақтарды ешқашан кездестірмедім, себебі олар біздің елімізде жоқ. Біздің ойымызша, бұл біріншіден, Ресей билігінің ресми ұстанымы емес. Екіншіден, бұл Қазақстан мен Ресейдің дәстүрлі тығыз қарым-қатынасына нұқсан келтіреді. Үшіншіден, Ресей билігінің оған реакция білдіргені жөн деп санаймыз", –  деді Василенко мәжіліс залында.
Сыртқы істер министрлігі осы мәселе бойынша Ресей елшісін шақырту жоспарланып отыр ма деген сұраққа Василенко қазір ондай ақпарат жоқ деп жауап берді.