Асқар Забикулиннің өліміне себепкер болған өрттің неден шыққаны белгілі болды
Асқар Забикулиннің өліміне себепкер болған өрттің неден шыққаны белгілі болды
© Асқар Забикулин / ТЖД
1,483
оқылды
Астанадағы "Қаһарман" тұрғын үй кешеніндегі өрттің шығу себебі белгілі болды.
Елорданың Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл 16 қарашада  "Қаһарман" тұрғын үй кешенінде тұтанған өрттің шығу себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуына әкеп соқтырған ұзартқыш желісіндегі ақаудың болуы. Департаменттегілер биыл елорда аумағында 682 өрт тіркелгенін, оның 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерде болғанын атап өтті.
“Әдетте, өрттің себептері тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтамауы болып табылады. Астана қаласының ТЖД электр желілерін, розеткаларды ақаусыз күйде ұстауға, желілік сүзгілерді және басқа да электр құралдарын жарамсыз күйде пайдалануға жол бермеуге ерекше назар аударуды ұсынады. Осыған байланысты, тұрғындарға өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін саналы жауапкершілік көрсетуді ұсынамыз”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, "Қаһарман" тұрғын үй кешенінде болған өрт кезінде адамдардың өмірін құтқару үшін өз басын қатерге тіккен өрт сөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болды. Ол өртке оранған пәтерге жоғарғы қабаттан кіру үшін қорғаныш киімін шешіп, тек дем алу аппаратын ғана алған. Үйден 80 жастағы әжені, 22 жастағы немересін және көрші пәтерде балконға тығылып қалған 10 жасар баланы аман алып қалған.