ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресейдің телеарнасында Соловьев жүргізген бағдарламадағы ресейлік сарапшылардың сөздеріне түсініктеме берді.
«Соловьев әлемнің көптеген елінде бұрыннан нон грата алған адам болатын және қазір бүкіл жердегі санкциялық қара тізімдерде көш бастап келеді. Сондықтан ыза-кектің буынан ол елдің бәріне жармасып «улы сілекейін» шашып жүр. Бұрын «Россия 1» арнасында ол Алматыға бомба «тастап жіберу» туралы да айтқан болатын. Бағдарламаның қонағы – Мемлекеттік Думаның депутаты Онищенко да одан қатты шошынып қалған еді», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.Сондай-ақ ол Соловьевтің баршаны жек көруі кесірінен көбінесе өзеуреп өзі сөйлеп, бағдарламаның меймандарын жанжал мен арандатуға итермелейтінін атап өтті. Оның бәрі тікелей эфирде және есуас кейпінде болатынын тілге тиек етті.