Сенат көлік саласына қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Сенат көлік саласына қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, заң жобасы аясында жолдағы көлік бақылауын автоматтандыру, теңіз көлігі бойынша халықаралық шарттардың нормасын іске асыру, теміржолдағы және кемелердегі оқиғаларды тергеу тәртібін жетілдіру, еліміздің заңнамасын Халықаралық азаматтық авиация ұйымы мен Еуропалық одақтың авиациялық талаптарына сәйкес келтіру, әуеайлақ аумағында қызмет көрсетуге рұқсат алу мехнизмін реттеу қамтылған.
«Азаматтық авиация саласындағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу ұсынылды. Ұшқышсыз (пилотсыз) ұшу аппараттарын пайдалану процесін реттеу жөніндегі норманы енгізу, яғни сертификаттау рәсімін енгізу, қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеу және оларды пайдалану аймақтарын айқындау ескерілген. Сондай-ақ  «пилотсыз авиациялық жүйе» және «пилотсыз әуекемесі» ұғымдары енгізіледі. Заң жобасында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның бірінші басшысына жүктелген міндеттерді орындау бойынша және авиация инспекторларының өздерінің қызметтік міндеттерін тиісті орындамағаны үшін жауапкершілігі қарастырылған», - деді министр.
Құжатты екінші оқылымда талқылау кезінде сенатор Сағындық Лұқпанов Сенат депутаттары тиісті түзетулер енгізгенін, осы орайда құжатты Мәжіліске қайтару керек екенін айтты.
«Заң жобасын талқылау барысында Сенат депутаттары заң жобасының 2-бабына тиісті нормаларды қолданысқа енгізу мерзімдерін ауыстыру бөлігінде өзгерістер енгізді. Осы орайда жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында, елді мекендердің көшелерінде автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды беру бойынша, әуежайдың инфрақұрылым объектілерін, жабдықтары мен техникалық құралдарын пайдаланғаны үшін инфрақұрылымдық алымдарды енгізуге қатысты, сондай-ақ теміржол көлігі туралы заңнамасында көзделген уақытша теңгерімдеу төлемақысы бойынша өзгерістер қамтылды», - деді депутат.
Жалпы, отырыс барысында палата депутаттары аталған үш түзетуге қатысты құжатты Мәжіліске қайтару ұсынысына қолдау білдірді.