112 миллион теңге бөлінген: 6 бала жатқан интернатта 39 адам жұмыс істейді
112 миллион теңге бөлінген: 6 бала жатқан интернатта 39 адам жұмыс істейді
© shymkentaqparat.kz
5,037
оқылды
Қызылордада 6 бала тәрбиеленіп жатқан интернатқа биыл бюджеттен 112 миллион теңге бөлінген. Алайда арнайы тексеріс жүргізген комиссия балаларға осы ақыға сай жағдай жасалмай отырғанын анықтады. Бұл туралы 31 арна хабарлады. Бүгінде мінез-құлқы ауыр балалар интернатында 40 шақты адам жұмыс істейді екен. Тексеріс жүргізген комиссия 112 миллион теңгеге айналдырған 6 бала үшін қазіргісінен де жақсы жағдай жасауға болатынын алға тартып отыр.
"Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын көре алмадық. Ата-анамен байланысып отырмыз дегендері мынау – оларға тек қол қойдырып алады. Ал былай жұмысын көрген жоқпыз. Тамағы, басқасы ұят енді, ол да мардымсыз болып шықты", – дейді Қызылорда облысы бойынша ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы Сәуле Әбділдаева.
Оның айтуынша, соңғы 5 жылда мекемеге 500 миллиондай теңге бөлінген. Бірақ интернатта бір жылда тәрбиеленген балалардың саны 10-ға да жетпеген. Сондықтан депутаттар орталықтың жұмысын егжей-тегжейлі тексеруді ұсынған.
"Бес жылда 500 миллионға жуық ақша жұмсалған. Оның ішінде бала болмаса да мамандар өзінің айлық жалақысын алып отыр. Бала толық болмаса да тиісті азық-түлік бөлініп отыр", – дейді облыстық мәслихат депутаты Аида Абибуллаева.
Ал интернатта негізінен мінез-құлқы ауыр, ата-анасына бағынбай, көше кезіп кеткен балалар тәрбиеленеді. Сондықтан бала саны аз болса да оларға қарайтын 39 жұмысшының әрқайсының жеке міндеті бар, – дейді облыстық Білім басқармасы.
"Қазір оңтайландыру жұмыстары басталып кетті. Алдағы жылдары қиын жағдайда қалған балалардың орталығы етіп  қайта құрып, сол жерде әлеуметтендіру жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ басқарма басшылары бюджеттен бөлініп келген миллиондар мақсатты жұмсалды деп сендіріп отыр", – дейді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов.