Ақордада мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы қорытындыланды
Ақордада мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы қорытындыланды
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті, – деп хабарлайды Ақорда. Жиында Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығының қорытындысы және мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалар бойынша ұсыныстары туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың баяндамасы тыңдалды. Министр жыл басынан бері елімізде мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге бағытталған 5 мыңнан аса әртүрлі форматтағы іс-шара өткізілгенін айтты. Отырыста  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану бағытындағы жұмыстарының жай-күйі жайында агенттік төрағасы Олжас Бектенов ақпарат берді. Сонымен қатар Алматы, Павлодар және Түркістан облыстары әкімдіктері өз өңірлеріндегі мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау шеңберіндегі жұмыс тәжірибесін бөлісті. Бұдан бөлек, жиында Жоғарғы Сот, Жоғары Сот Кеңесі және Ұлттық экономика министрлігі ұсынған ведомстволық наградалар талқыланды. Талқылау барысында жекелеген ұсыныстарға байланысты комиссия тарапынан ескертпелер айтылып, қосымша пысықтау жұмысын жүргізу тапсырылды. Отырыс соңында Мемлекеттік кеңесші уәкілетті органдарға ведомстволық наградаларды оңтайландыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.