«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына енген экологиялық мәселе бойынша отырыс өткізді. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшылығы, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының өкілдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ШҚО бойынша экология департаментінің басшысы қатысты.
«Экология саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау біздің өңір үшін өте өзекті, өйткені Шығыс Қазақстанның ондаған жылдар бойы тұрақты қолайсыз экологиялық жағдайы денсаулыққа нақты қауіп төндіреді. Осыған байланысты, экология және жалпы экологиялық сала департаментінің лауазымды тұлғаларының қызметіндегі сыбайлас жем-қорлық тәуекелдерін анықтау үшін екі тоқсанда Экологиялық реттеу және бақылау комитетімен бірлесіп, бүгін талқыланып отырған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді. Экологиялық реттеу комитеті басшылығының тиісті қолдауымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бірлесіп талдау нәтижелері бойынша енгізілген ұсынымдар толық көлемде және қысқа мерзімде орындалатынына және Шығыс Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша пәрменді шаралар қабылданатынына сенімдіміз», – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев.Естеріңізге салар болсақ, «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы өңірлік экологиялық кеңесте Өскемен қаласының экологиялық ахуалы үнемі көтеріліп сарапшылардың қатысуымен экологияны жақсартуға қатысты ұсыныстар тиісті салаларға жолдануда.