Құрғақ есеп ем болмайды
Құрғақ есеп ем болмайды
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы бұрынғыдан көш ілгері. Сала қызмет­кер­­лерінің айлығы көбейді. Сырқаттарға басым көпші­лігін­де білікті медициналық көмек көрсетіледі. Бірақ бұл салада­ғы барлық мәселенің шешімі тапқанын білдірмейді. Кешенді сипаттағы күрмеулі түйткілдер сақталып қалғанына сарапшылар назар аударып жүр. Оның бірін: «Неге пациент учас­­­келік дәрігерсіз қалаған дәрігеріне көріне алмайды?» деген бір сұраққа сыйдыруға болады. Елде бір­қатар ауру түрлері күрт ушы­ғып, дерттену көрсеткіштері артып барады. Салада таяуда жүргізілген түгендеу құралдардың тозу деңгейі жоғары екенін растады. Қызмет сапасы халық наласын тудырмасын ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің дерегінше, жыл сайын медициналық көмектің лайықты көрсетілмегеніне қатысты сырқаттардың 5,6 мың шағымы тіркеледі. Биыл одан көп болмаса, азаймауы мүмкін: бірінші жартыжылдықтың өзінде 2,8 мың арыз-шағым түскен. Оның 30 пайызында келтірілген фактілер расталған. Әрине, шағымның бір бөлігін сырқаттар ашу үстінде жазып, соңынан қайтарып алып жатады. Бұған қоса, 2022 жылдың 7 айында халыққа 95 миллион диагнос­тикалық тексеру жүргізілгенін ес­керсек, шағым көп те еместей. Бірақ дәрігерден қажетті көмек ала алмағандардың бәрі бірдей ша­ғымдана бермейтінін ұмытпаған жөн. Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының басшысы Айдын Ашуевтің айтуынша, қор мамандары тексеру нәтижесінде биылғы 7 айда медициналық ұйым­дардың қызметінен 882,6 мыңнан астам кемшілікті анық­таған. Ол үшін емханалар мен ауруханалар қордан 11,8 млрд теңге сұратқан екен.
«Кемшіліктердің басым бөлігі кеңес-диагностикалық қызмет көрсететін мекемелерде анықталды. Көбінесе, тараптар көрсетілген қыз­меттері үшін негізсіз жоғары сома сұратқандармен келісе алмай жатады. Мысалы, 1 қызмет көрсетеді де, 3 қызмет үшін төлеуді ұсынды», – деді А.Ашуев.
Мұның сыртында ол «қосып жазудың» белең алып тұрғанын жа­сырмады. Қор сарапшылары биыл­ғы қаңтар-шілдеде 214,2 млн теңгенің 28,6 мың медициналық қызметінің көрсетілгені расталмағанын анықтады. Оның 99 пайызы ке­ңес-диагностикалық қызмет көрсетуде тіркелген. Сапасыз көмек тек сырқаттың мемлекеттік денсаулық сақтау жү­йесінен көңілі қалып, жеке клиникаларға жүгінуімен тынбайды. Өкі­нішке қарай, оның соңы өлім-жітіммен аяқталуы мүмкін. Арбаға таңыл­ған мүгедектігі бар, қоғам белсендісі Богдан Джепки дәрігерлер қызметіне көп жүгіне жүріп, салада кәсіби мамандардың жеке секторға кетіп қалуы қарқын алғанын байқапты.
«Жас дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін үнемі қайта оқытып, біліктілігін арттыру қажет-ақ. Әйтпесе, кәсіби кадрлардың қатары азаяды. Пандемия болған екі жылдай уақыт ішінде бір Алматының өзінде қаншама бас дәрігер ауысып кетті. Менің досым, әріптесім Вениамин Алаев Алматы қалалық №12 ауруханаға түсіп, 3 сағаттан соң көз жұмды. Бүгінде оның қайтыс болуының мән-жа­йын анықтау жүріп жатыр. Мүгедектігі бар адамдар маған да арыз-шағымдарын айтып, жиі жүгінеді. Шағымның көбі диагноздың дұрыс қойылмағанына, дұрыс емдеудің тағайындалмағанына және тегін дәрі-дәрмектің берілмейтініне қатысты. Адамдар емханаға, ауруханаға барудан қаймықпауы үшін біліксіз дә­рі­герлерден арылып, олқылық­тарды түзеген жөн», – деді Б.Джепки.
Ол барлық ұйымдардың жұмысын жоққа шығаруға болмайтынын алға тартады. Мәселен ол өзі тіркелген емхананың ұжымын қатты құр­меттейтінін және онда өзін үйіндегідей сезінетінін айтады. Есік қаласының тұрғыны Жібек Жанкелдіқызы біраз айдан бері айыптыларды жазаға тарту үшін әділ­дік іздеп, инстанцияларды жа­ға­лап жүр. Оның айтуынша, 2022 жылғы 8 наурызда оның әкесі Жанкелді өзін жайсыз сезінген.
«Дереу жедел жәрдем шақырдық. Келген дәрігер ары-бері қарап, димедрол және аналгин сияқты ауырсынуды басатын дәрілерді беріп кетті. Таңертең ауруханаға апаруға кеңес берді. 9 наурызда әкем төсегінен тұра алмай қалған соң, учаскелік дәрігерді үйге шақырдық, ол келгісі келмеді. Оның мейірбикесі қайта-қайта қоңыраулатып, әкемнің өзі ауруханаға баруын талап етті. Ұзақ үгіттеген соң, дәрігер түс ауа өзі келді. Қысымын өлшеп, жоғары екенін білді. МРТ-ға түсіруді ұсынды. Бірақ ол үшін Алматыға бару қажет екен. Цеф3, кар­диомагнил және ауырсынуды басатын дәрі берді. 10 наурызда әкемнің халі мүшкіл жағдайға жеткен соң, анам жедел жәрдем шақырды. Ол оны ауруханадағы жансақтау бө­ліміне жеткізген. 12 наурызда таңғы төртте әкем Жанкелді жан тапсырды. Ота жасаған хирург ерте әкелгенде аман қалатын еді деген пікірін айтты. Ал учаскелік дәрігер оның өк­песін, жүрегін де тыңдамаған. Мен енді соңына дейін барып, мұндай біліксіз дәрігердің денсаулық сақтау жүйесінен жұмыстан шығар­ғым келеді», – дейді Жібек.
Әзірге Денсаулық сақтау минис­трлігі аталған факті бойынша жос­пардан тыс тексеру жүргізу мә­се­лесін пысықтап жатыр. Бірақ мұн­дай тексерулер негізінен дәрі­гер­дің лицензиясынан айырылуына соқтырмайды, көбіне тәртіптік жазамен, сөгіспен құтылуы мүмкін. Шетелдік мамандарға тартымды Мұның бір себебі саладағы маман тапшылығына байланысты. Алда бұл мәселе шешілуі керек. Медицина саласының үздігі, профессор Гүлбаршын Нарматова негізінен, МСАК деңгейінде қордаланған мәселелер, сонымен қатар саланы кадрмен қамту, медициналық жабдықтармен жарақтандыру және цифрландыру проблемалары кешенді түрде шешілсе, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі тек өз өңірінде ғана емес, әлемдік деңгейде озықтар қатарына ұмтыла алатынына сенім білдірді. Себебі, алдағы бес жылда 700-ге жуық жаңа ғимарат бой көтермек. Олар «мазмұнмен» толуы қажет.
«Бұдан бұрын, соның ішінде кеңес кезінде және тәуелсіздіктің басында отандық медицина саласының жай-күйі қандай болғанын білеміз. 2010 жылғы қаңтарда Қазақстан Бірыңғай денсаулық сақтау ұлттық жүйесіне көшті. Оған сәйкес нарықтық тәсілдерге негізделген тегін медицина енгізілді. Содан бері саланы қаржыландыру еселеп артты. Мысалы, 2009 жылы денсаулық сақтауға мемлекет 101 миллиард тең­ге ғана бөлген. Ал қазір, алдағы 3 жылда салаға 6 триллион теңге жұм­салмақ. Қазақстанда жұмыс істеу шетелдік мамандарға да тартымды бола бастады. Мысалы, Ресей, Украина, Беларусь және басқа да алыс-жақын шетелден мамандар елімізге қызмет етуге дайын», – деді ғалым.
Бірақ шетелдік дипломдар елде мойындалуы үшін нострификация­дан өтуі қажет, бұл рәсім ұзақ уа­қытты алады. Сондықтан релокант дәрігерлер қызметіне барынша жедел кірісуі үшін оларға елі­міздегі қысқа дайындық курстары­нан өту ұсынылады екен. Сонда қо­лында біліктілігін растайтын кез кел­ген қа­зақстандық құжат болса, бұл оның өз мамандығы бойынша жұмысқа тұруына жеткілікті көрінеді. Медицина қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын жоспарлы түрде арттыру жүргізіліп жатыр. Со­ның арқасында дәрігерлердің орташа жалақысы 189 мың теңгеден 415 мыңға дейін, ал орта медициналық қызметкердің жалақысы 120 мың­нан 230 мың теңгеге дейін көбейді. Жалпы, медициналық қызметтер сапалы көрсетілуі үшін денсаулық сақтау ұйымдарының заманауи үлгіде жабдықталуына көңіл бөлу қажет.
«Биыл барлық денсаулық сақтау ұйымдарына, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтеріне оларды медициналық жабдық­тармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жарақтандыру бойынша инвентаризация жүргізілді. Медициналық техникамен жарақтандыру деңгейі – 84,7 пайызды құрады. Жабдықтардың тозуы – 43,1пайызға жеткен. Мұның бәрі қолға алынып жатқан жаңа шаралар аясында ескеріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше басым бағыты айқындалды. Оларға медициналық-санитариялық ал­ғаш­қы көмек (МСАК) ұйымдарын­да медқызметтердің қол­­­жетімділігін қамтамасыз ету және қамтуды кеңейту, ауылдық меди­цинаны дамыту, ана мен бала ден­саулығын сақтау, дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз етуді жақсарту кіріп отыр», – деді министр Ажар Ғиният.
Ол сондай-ақ Президенттің медициналық алғашқы көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды жүктегенін жеткізді. Себебі, жұртшылықтың ең көп шағымы да сонымен байланысты. Осы мақсатта халыққа, соның ішінде ауылдықтардың кең ауқымына сапалы алғашқы медкөмек көрсету, МСАК-тың ұтқырлығы мен қолже­тімділігін жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді. Министрдің түсіндіруінше, ауыл­дағы медициналық көмектің са­пасын жақсарту үшін пациентті қолдау қызметі құрылады. Қазақ­станда жаңа реформа аясында жұқ­палы емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағ­дарламалары, патронаждың әмбебап прогрессивті моделі, отбасын жоспарлау, ерлер денсаулығын жақсарту, баланың даму кабинеті сияқты озық тәжірибе жобалары енгізіледі. Сала түбегейлі жаңаруы мүмкін Жалпы, денсаулық сақтау саласы еліміздегі ең инвестициялық тартымды саланың біріне айналды. Оған құйылып жатқан триллиондаған теңге қаражатты игеруге қызыққан кәсіпкерлер жекеменшік клиникаларды көптеп ашуда. Бірақ бұл ел қаржысының босқа ысырап етілуіне, жемқорлықтың қанат жаюына соқтырмауы керек. Сондық­тан медициналық қызметті алу фак­тісін растау үшін жеке ве­ри­фи­кация тетігін енгізу жос­пар­лануда. Оған сәйкес, әр сырқат өзіне қандай қызмет көрсетілгені көрсетілген көшірмені қарап, мақұлдауы шарт. Сонда қосып жазу да мүлдем жо­йылмағанымен, күрт азаюы тиіс. Осылайша, адам­дар қандай қызметтерді қандай мөлшерде алғанын көретін болады, ал сақтандыру қоры көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеу кезінде осыны ескереді. Яғни, бұл медициналық көмектің сапасын бағалау үшін де қолданылмақ. Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС үйлестіру департаментінің бұрынғы директоры, қазір Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып отырған Гүлжан Шай­хы­бекова Мем­лекет басшысының саланы қар­жы­лан­дыру тәсілдерін қайта қарау жөніндегі тапсырмасы аясында бірқатар іс-шара іске асырылады. Қаражатты әкімшілендіруді оңайлату, оларды тиімді пайдалану мақсатында ТМККК және МӘМС пакеттерінің қаржы ағындарын біріктіруді заңнамалық реттеу көзделгенін айтқан еді. Жалпы, отандық медицинада мақтануға тұрарлық өзгерістер бар және Президенттің сайлауалды бағ­дарламасында жеке, жете көңіл бөлінгендіктен, сала жетістіктері алда тек арта берсе керек. Бұрын қазақстандық сырқаттар өзге елдерге ем іздеп ағылса, енді медициналық туризм дамып, шетелдіктер біз­ге келіп жатыр. Арзан және сапалы стоматологиялық қызметтер алу үшін Германия, АҚШ, Ресей және басқа елдердің тұрғындары елімізге ағылып келіп жатыр. Соңғы екі жылдың өзінде кеңес-диагностикалық қызметтердің саны бірден 1,5 есеге ұлғайған, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шы­ғын­дарын азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстандықтарды дәрімен қамту үшін қымбат тұратын препараттарды қоса отырып, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде препараттар тізбесі кеңейтілді. Қорыта айтқанда, Президенттің тапсырмасымен, Денсаулық сақтау министрлігі сарапшыларды тарта отырып, саланы реформалауға, медициналық алғашқы көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарауға кірісті. Республика бойынша 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана, 700-дей ауылдық емханаларды ашу жос­пар­­лануда. Медициналық ұйым­дарды жабдықтауға мән беріледі. Кадрлармен қамту мәселесі де назарда: бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 78 мың­дай дәрігер еңбек етуде. Тап­шылықты өтеу үшін биыл ел өңірлеріне медициналық ЖОО-лардың 2 980 түлегі аттанды. Мемлекет дені сау ұлт қалыптастыру жолында аянып қалмайды. Демек, бес жылдан соң сала салмақ­ты жаңғырғалы тұр. Және ол 2010 жылдан бергі өзгерістерден де зор болуы мүмкін.