Бірер ай бұрын қаланы бір кеште түтінге тұншықтырған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тағы да шу шықты. Серіктестіктің цифрлық трансформация басқармасының басшысы Олег Куликов кәсіпорын жұмысшыларына тіл тигіземін деп жұмысынан айырылды. Анығын айтқанда, мекемеде жұмыс істейтіндерге қарата айтылған бірауыз сөзі ұлтараздық қақтығыс туғыза жаздаған Куликовтың бұдан басқа амалы қалмады. Ал жұмысшылар Куликовты жұмыстан қуғанмен, кәсіпорындағы әлеуметтік мәселелер өздігінен шешіліп кете қоймайтынын айтып, өз талаптарын жеткізді.
Бәрін басынан бастасақ... 23 қараша күні сағат 11.40 шамасында цифрлық трансформация басқармасының басшысы мен зауыт қызметкерлері арасында жанжал шыққан. Басқарма басшысының балағат сөзіне шыдай алмаған жұмысшылар тайлы-тұяғы қалмай көтеріліпті. Басшының қазақ жұмысшыларына басына сөйлеуі кәсіпорындағы әлеуметтік мәселелерден әбден қажығандардың шамына тиген. Олар бейәдеп басшыны орнынан алуымен бірге бірқатар әлеуметтік мәселенің шешілуін талап етті. Ашынған жұмысшыларға басу айтуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы келді. Соған қарамастан жұмысшылардың бірі Олег Куликовты соққыға жықты. Тәртіп сақшылары басқарма басшысын ашынған азаматтың жұдырығынан әзер арашалап алды.
Екі жүзге жуық жұмысшының ашуы кейіннен Олег Куликов көпшілік алдында кешірім сұраған соң тарқай бастады. Осы аралықта жергілікті билік басқарма басшысының жұмыстан босатылғаны туралы бұйрықты бұқараға көрсетті. Осымен кикілжіңнің түйіні тарқағандай болған. Алайда бұл дауда талай уақыттан бері іштен тынып келген зауыт қызметкерлері жанайқайын жеткізіп қалуға тырысты. Бірінен кейін бірі көкейіндегісін айтқан жұмысшылардың мәселесін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тыңдады. Зауыт ішінен 20 адамдық жұмысшы тобы құрылатын болды.
Шындап келгенде, зауыт жұмысшыларының жауаптыларға қойған талабының қай-қайсысында орынсыз деуге болмайды. Олар жалақының аздығын, кәсіпорындағы құжат айналымында ресми тілге басымдық берілетінін ашына жеткізді. Құжат орыс тілінде жүргізілгендіктен, оны қазақтілділер түсінбей қалады. Сол секілді жалақы мәселесінде де теңдік сақталмағаны байқалады. Басшылық құрам 18-24 миллион теңге аралығында жалақы алатын болса, жұмысшылардың орташа еңбекақысы 150-180 мың теңге аралығында. Сондай-ақ зауыт қызметкерлері кәсіпорындағы жоғары қызметтерге тек басшының туыстары тағайындалатынын, ал тіреуі жоқтар қатардағы жұмысшылықты қанағат тұтып келген екен. Бұдан бөлек, фосфор цехында жұмыс істейтіндерге зиянды еңбегі үшін қосымша төлем де қарастырылмапты. Міне, осы сынды мәселелерді ашып жеткізгендердің талап-тілегін енді арнайы құрылған жұмыс тобы зерделейді.
Әлбетте, оқиғаның ушығып кетпегені дәтке қуат. Алайда өзге ұлт өкілін басшылыққа тағайындап, онысы жұмысшылармен тіл табыса алмай жүрген кәсіпорындағы жағдай көпшілікті ойландырады. Әрі осыдан кейін де мұндай жағдайдың қайталанбасына кепіл жоқ.
– «Қазфосфат» жауапкершілігі серіктестігін 17 жыл басқардым. Сондықтан кәсіпорында болып жатқан жағдай менің жаныма батады. Өндіріс орнын басқарғанымда басшылық қызметке шетелден бір азамат шақырған емеспін. Барлығы өзіміздің азаматтар болды. Ал жұмысшылардың 85 пайызы жергілікті тұрғындар еді. Қазіргі кәсіпорын басшылығының саясатын түсінбеймін. Өзіміздің кадрлар тұрғанда Ресейден маман шақырудың қаншалықты қажеті бар? Оған қоса, шеттен келген мамандарға қомақты жалақы төлеу де ақылға қонымсыздау. «Қазфосфат»-тағы кейінгі жағдайларды бақылап отырып өзім әлеуметтік қақтығыс болатынын сездім. Біз Әділетті Қазақстан құрғымыз келсе, ең бірінші ұжымдар арасында әділеттілік орнатуымыз керек. Кешегі толқудан кейін мұндай жағдайлар Жаңатас, Қаратау қалаларындағы цехтарда да болуы мүмкін. Сондықтан жауаптылар өндіріс орнындағы жұмысшыларды бөле-жарып қарамай, барлық кәсіпорында бірдей жағдай жасауы керек. Әйтпесе, ұжымдық кикілжіңдер қайта көрініс табуы ықтимал. Бұл тұрғыда облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы қайда қарап отырғанын түсінбеймін. Ұжымдарды қадағалап, еңбек адамдарының жағдайын білу солардың тікелей міндеті. Сондықтан «Қазфосфаттағы» жағдайды зауыт басшылығы да, жергілікті билік те жіті назарға алады деп сенемін, – дейді «Қазфосфат» ЖШС-ның бұрынғы басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров.Мұқаш Зұлқарнайұлының сөзі орынсыз дей алмайсың. Себебі «Қазфосфатта» кейінгі кездері болып жатқан жағдайларды көпшілік естіп, біліп отыр. Мәселен, шілде айында кәсіпорынның қондырғысы істен шығып, Тараз қаласын көк түтін басып қалса, кейіннен зауытта құрылыс жүргізіп жатқан бір азамат биіктен құлап мерт болды. Шындап келгенде, өңірдегі ең ірі кәсіпорындағы осы сынды жағдайлар ойландырмай қоймайды. Сондықтан ендігі кезекте кәсіпорынды талан-таражға салмай, тірлігін тіктеудің жолын іздеген жөн сияқты. Айтпақшы, Олег Куликовке жұдырығын ала жүгірген азаматты тәртіп сақшылары алып кеткеннен кейін тағдырына алаңдап қалған болатынбыз. Алайда сенімді дереккөздің ақпаратына сүйенсек, жәбірленуші кеше арызын қайтарып алып, ол бостандыққа шығыпты.
Жамбыл облысы