Үздік жас отбасы анықталды
Үздік жас отбасы анықталды
934
оқылды
Астанада «Үздік жас отбасы» байқауының қорытындысы шығарылды. Биыл оған қатысуға 60-қа жуық елордалық отбасы өтінім берген. Елорда – жастардың қаласы. Жыл сайын астанада мыңдаған жас отбасын құрып, өмірдің жаңа белесіне қадам басады. Ал отбасы – мемлекетімізді құрайтын қоғамның ең маңызды бөлшегі. Отбасы институтын нығайту мақсатында Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Отбасы – бақыт мекені» атты кешенді жоба ұйымдастырды. Жоба аясында түрлі отбасылық марафондар, жас отбасыларға, жүкті әйелдерге және ата-ана болуды жоспарлап отырған жас жұбайларға арналған семинар-тренингтер, колледждер мен жоғары оқу орын­дарының студенттеріне арналған сыныптан тыс іс-шаралар, бейнебайқаулар мен фотосуреттер байқаулары да өтті. Ал тура бір ай бұрын елордалық жас отбасыларға арналған «Үздік жас отбасы» жалпықалалық байқауы басталған еді. Байқау ережесіне сәйкес, отбасылар үздік атану үшін «Неліктен бұл байқауда жеңіске жетуіміз керек?» тақырыбына бейне визитка жазды, ал финалистер Insta­gram желісінде лайктар және пікірлер саны бойынша анықталды. Байқауға қаланың 53 отбасы қатысқанымен, финалға тек 10-ы ғана жолдама алды.
– Жыл сайын Астана қала­сының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ҰАТ санатындағы жастарды әлеуметтендіру, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау және отбасы мен неке институтын нығайту үшін бірқатар әлеуметтік жобаларды өткізеді. Биыл біз 29 жасқа де­йінгі ерлі-зайыптылар арасында «Үздік жас отбасы» конкурсын өткіздік. Биыл қатысуға 60-қа жуық жас отбасы өтінім берді. Үш кезеңді іріктеу өткізілді. Олардың ішінен елорданың үздік жас отбасы атағына таласқан 10 үздік отбасы шығарылды, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.
Оның айтуынша, жас отбасыларды қолдау – жастар саясаты саласының міндеттерінің бірі. Осы бағытта «Отбасы – бақыт мекені» іс-шаралар кешені бірнеше жыл қатарынан ұйымдас­тырылып келеді. Осы уақытқа дейін жүгіру марафоны, семинар тренингтер, түрлі байқаулар өтті. Барлығы 1000-нан астам жас отбасы қатысуда. Ал кеше осы жобадағы ең ірі, әрі қызықты «Үздік жас отбасы» байқауының финалы өтті. Дәл бір ай бұрын өтінімдер қабылдау басталған болатын. Сайыс болғаннан ке­йін жеңгені болады, жеңілгені болады. Барлығы лайықты, қазылар алқасына оңай болмайтыны анық. Бұл жоба әрі қарай да жалғасын табатын болады. үздік отбасы Финалда отбасылар шығармашылық үй тапсырмасын орын­­дады, өзара түсіністікке қиын сынақтардан өтті, отбасылық өмірдің дәстүрлі режимі туралы сұрақтарға жауап берді, тіпті өнер де көрсетті.
– Бұл байқау туралы келіншегім айтты. Былтыр қатысып 3-орын алдық. Ер кезегі үшке дейін емес пе? Ол жылы пандемияға байланысты байқауға онлайн қатыссақ, биыл келіп қатысу бұйырыпты. Бірнеше сатыдан өтіп, финалға жеттік. Он отбасының ішінен озып шығу мақсатымыз емес. Бастысы отбасылық құндылықтарға негізделген өнерімізді сәтті көрсетіп шықсақ дейміз. Осы арқылы жас отбасыларға бала тәрбиелеудің қыр-сырын дәріптемекпіз. Бала тәрбие­сін әр ата-ана өзін тәрбиелеуден бастауы керек. Себебі бала біздің іс-әрекетімізге қарап бой түзейді. Бізден не көрсе соны қайталайды, – дейді байқауда бақ сынап жатқан Әлішер Жүнісов.
Байқауға қонақ ретіндегі белгілі журналист Әйгерім Есенәлі мен «ММ» мектебінің негізін қалаушы Мөлдір Мұқанова және спорт саласындағы тұлғалар қатысты. І орынға 500 мың теңге, ІІ орынға 350 мың теңге, ІІІ орынға 250 мың теңге көлемдегі тұрмыстық техника мен электроника сатып алуға сертификаттар берілді. Бірде-бір финалист марапатсыз қалмады, финалға өткен қалған 7 отбасы да 100 000 теңгеден жұбаныш сыйлығын алды. Отбасылық іс-шаралар отбасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, балалар мен ата-аналарды жақындастыруға ғана емес, сонымен қатар кішкентай балаларды салауатты өмір салтына баулуға ықпал етеді. Байқауға қатысушылардың айтуынша, олар үшін ең бастысы жеңіс емес, көтеріңкі көңіл-күй мен отбасылық бірлік.