Қызылордалық ғалымдар күріштің сабағы мен қауызынан қағаз жасаудың ерекше әдісін тапты. Ғылыми жоба иелері бұл өнімнің кәдімгі кеңсе қағазынан кем түспейтінін айтады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкерлері бұл жобаны осыдан бес жыл бұрын қолға алыпты. Жеті-сегіз адамнан құрылған жұмыс тобы ғылыми жобаны жетілдіруге көп күш жұмсаған. Соның негізінде күріштің сабағы мен қауызынан күнделікті қолданыстағы кеңсе қағазы мен әжетхана қағазын өндірудің жолын тапқан. Бүгінде авторлары ғылыми жобасын патенттеп те алған.
«Бұл ғылыми жобаны жүзеге асыру үшін көп іздендік. Күн-түн демей, еңбек еттік. Бес жылғы ізденісіміз нәтижелі аяқталды. Өткен жолы Алматыдан арнайы қағаз шығаратын зауыттың мамандары келіп, жобамызға қолдау білдірді. Сыр елінен әжетхана қағазын шығаратын өндіріс орнын ашуға ұсыныс білдірді. Негізінен ғылыми жоба зертханада бірнеше кезең бойынша сынақтан өтті. Ұзақ ізденістің арқасында микротолқынды пеште 180 ватт арқылы аз мерзімде целюллоза дайындауға қол жеткіздік. Әлемдік тәжірибеде қағазды қазанға қайнатып, дайындау процесі қолданылады. Ал біз уақыт үнемдеудің тәсілін таптық. Соңғы сынақ нәтижесінде таза ақ түсті жазу-сызуға арналған қағаз шығаруға қол жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ сары түсті әжетхана қағазын да жасауға болады. Ғалымдарды осы жетістігіміз қызықтырды», – дейді оқу орнының ғылыми қызметкері Динара Ниязова.Жалпы облыста жылына шамамен 500 мың тоннаға жуық күріш өсірілсе, оның сабағы мен қауызы өртеу арқылы жойылып келеді. Бұл экологияға айтарлықтай зиянын тигізіп жатқаны ащы да болса шындық. Ал күріштің сабағы мен қауызын кәдеге жарату арқылы жыл сайын табиғатқа келетін қауіпті жоюға болады. Оқу орнының ғылыми қызметкерлері осындай жаңалық енгізіп отыр. Бұл жұмыс іргелі оқу орнының «Инжинирингтік технологиялар және экология» кафедрасының профессоры Нұрбол Аппазовтың жетекшілігімен жүргізілген. Профессорға университет студенттері де қолғабыс етеді.
«Бүгінде ғылыми қызметкерлермен бірлесе жасаған өніміміз зертханада түйіршік күйінде тұр. Бұл түйіршіктен кеңсе қағазы, қатты қағаздар мен әжетхана қағазын дайындауға болады. Біз жасап шыққан шикізатты пайдалана отырып, ары қарай дайын өнім шығару зауыттардың жұмысы. Жуырда Алматыдан келген зауыт мамандары өнімімізге зор қызығушылық танытып, бұл жобаны ары қарай дамытуға ниетті екенін білдірді» – деді тәлімгерлер тобының жетекшісі, профессор Нұрбол Аппазов.Жалпы елімізде мұндай ғылыми жоба тұңғыш рет қолға алынған. Ал әлемдік тәжірибеде қағаз өндірісі түрлі тәсіл бойынша дайындалады. Көршілес Ресей мемлекетінде де түрлі қағаз дайындау әдістері қолданылады екен. Алайда Сыр өңіріндегі ғылыми қызметкерлер мен тәлімгерлердің ойлап тапқан тәсілі әлем бойынша бірегей жоба саналады.
Қызылорда облысы