Жұлдызды жекпе-жек
Жұлдызды жекпе-жек
Елордадада еркін күрестен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, әлем чемпиондары, сондай-ақ MMA шеберлері мен танымал блогерлердің басын қосатын Wrestlings Stars атты халықаралық дода өтеді. Еркін күреске жаңа дем керек Айталық, Wrestlings Stars халықаралық додасы биыл екінші мәрте өтеді. Өткен жылы ел ішіндегі саңлақтар мен Беларусь балуан­дары бас қосқан-ды. Биыл бәсекенің ауқымы кеңейіп, бірнеше елден еркін күрес шебері келеді. Әдеттегідей, жарыс біріккен күрес әлемінің ережесіне сай ұйымдастырылады. Еркін күрес майталмандарынан бөлек, ММА шеберлері мен танымал блогерлер жекпе-жекке тастүйін дайын. Аталған күрес мере­кесін 18 желтоқсан күні «Жекпе-жек» сарайын­да тамашалауға мүмкіндік бар. Одан бөлек, inSport арнасы тартысты бәсекені тікелей эфирден көрсетеді. Тартысты бәсеке деп отырғанымыз, бірінші рет Ақтөбеде өткен додада кіл мықтылар қосылып, көрерменді бір қызыққа батырған-ды. Мәселен, Лондон Олим­пиада­сының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаев, Беларусь елінің палуаны, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Ибра­гим Саидов, жаттықтырушы Әсет Иманбаев бақ сынады. Ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Бақдәулет Әлментай, Азия чемпионы Ерке­бұлан Боранғали сын­­ды ба­бы келіскен палуандар мен окта­гон майталмандары Сергей Морозо, Арман Әшім, Ильдар Құдайбер­генов, Асу Алмабаев, workout спор­ты­нан әлем чемпионы Айтым Жа­қы­пов, Гойти Дазаев, Қуат Ха­митов бозкілемде белдесті. Оған қоса, актер Асылхан Төлепов пен киноактер Ғазрет Қажымұқанұлы және актер Жасұлан Әйтенов күрескені бәсекені одан сайын қыздыра түсті. Содан ба, еркін күресті танып, жаттыққысы келетін бала саны көбейген. еркін күрес Иә, мұны халықаралық жобаның ұйымдас­тырушысы Дәурен Еркінұлы мойындап отыр. Аталған сын аяқталған соң «қатысып көргім келеді» деп өтінішін айтқан медиа тұлғалар мен бала көп. Оның айтуынша, жоба толық мис­сиясын орындап, еркін күрестің ел ішіндегі беделін көтеру жұмысы басталып кеткен. Неліктен бедел мәселесін қозғадық. Өйт­кені спорт журналисі Бек Төлеудің айтуынша, кейінгі кезде еркін күреске келетін жастар азайып кеткен. Оның үстіне, балуандар ара­сында да бәсекелестік бәсеңдеген. Сол үшін еркін күрестің беделін көтеріп, жас жеткін­шектерді тарту керек. Баспасөз мәслихаты кезінде workout спортынан әлем чемпионы Айтым Жақыпов жанкүйерлерден баласын жетектеп келуді бірнеше рет өтінді. Басқа медиажобаға ұқсай ма? Расымен, көзіқарақты көрермен осы сұ­рақты қояры заңды. Себебі осыған дейін «Өнер барысы», жұлдызды футбол тәрізді ме­диажоба өтті. Демеушісі де, ұйымдас­тырушысы да доданы барынша жоғары дең­гейде ұстап тұрды. Өйткені бұл жобалар биыл екінші, тіпті үшінші рет жанкүйерімен жүздесті. Әсіресе, футболдан ел іші чемпио­натына жиналмайтын жанкүйер жұлдыздар ойынын көруге ағылғанда біразы қайран қалды. Сол сияқты Wrestlings Stars халық­аралық додасының да ауқымы кеңіп, Мәде­ниет және спорт министрлігі қанатының ас­тына алған.
«Аталған жобалардың көшірмесі деп айта алмаймын. Wrestlings Stars-тың патенті өзіме тиесілі. Былтыр балуандар бәсекесін ұйымдас­тыруға біраз қаржы жұмсалды. Бір ғана жүлде қоры­на 12 млн 500 мың теңге бері­лді. Ақтөбе об­лы­сының экс-әкімі Оңда­сын Ора­залин зал жалдау­ға, спорт­шыл­ар­дың жола­қы­сына ақша бөлді. Қал­ған қаржыны өз қал­там­нан шы­ғардым. Жеңімпазға 500 мың теңге бұйырса, жеңілген палуанға 300 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Биыл жүл­де қоры – 12 500 АҚШ доллары. Жүлде алғанына да, ал­ма­ғанына да сыйақыны доллар­мен бере­міз. Оның үстіне, Мәде­ниет және спорт министр­лігі қолдап отыр. Айта кетерлігі, жас­өспірім­дер мен балалардың ер­кін күреске еркін төселіп, спорт секция­ларын толтырып тастаса дей­мін. Елімізде спорт­тың осы тү­рі­не барынша қолдау білдірсе екен. Өйткені бұл қиын әрі қызықты спорт түрі», – дейді жоба­ның ұйымдастырушысы Дәурен Еркінұлы.
Баспасөз мәжілісінде бой көрсеткен 2016 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов, Олимпада және әлем біріншілігінің жүлдегері Нұрислам Санаев, ММА шебері Василий Тахтай, Tartyl Fest жобасының амбассадоры Айтым Жақыпов та – жоба қатысушысы. Әсіресе, Айтым Жақы­пов 18 желтоқсан күні ерекше шоу болатынына уәде берді. Оның айтуынша, сүйікті спорт­шысын басқа салада, кейіпте көрген жан­күйердің жанына жағады. Әрі көпшіліктің қызығушылығы артады. жеңімпаз Жүлде демекші, 74 келі салмақ дәрежесінде күрескен балуандар белбеу үшін белдеседі. Қалған салмақ дәрежесінде жеңген балуанға 500 доллар, ұтылғанына 400-300 доллар көлемінде сыйлық беріледі. Кім бақ сынайды десеңіз, 74 келі салмақта Нұрлан Бекжанов, қырғыз балуаны Ислам Оразбеков, Дағыстан саңлағы Мурад Нухкадиев, ел үміті Санжар Досжан белдеседі. Қырғыз Республикасының бірнеше балуанынан бөлек, ММА-ден әлем чемпионы өзбек Ғазизхан Өзбеков, тәжік Шухрат Тұрсынов, румын жігері Могамед Рамазанов бар. Оған қоса, 92 келі салмақ дәрежесінде белдесетін Эквадор балуаны да келуге ниетті. Ұйымдастырушылар көрерменді қызықтыру үшін кей есімді құпия ұстаймыз деп отыр. Ал өткен жылы бақ сынағандардың ішінде Асу Алмабаев, Арман Әшім, Айтым Жақыпов, Нұрислам Санаев бар. Қызығы, даңқты грек-рим күресінің шебері Алмас Кебіспаев та жұлдызды жекпе-жекке қатысуға ниет білдірген. Қазір жауаптылар онымен бірге иық тіресе күресетін, деңгейлес балуан іздестіріп жатыр. Олардың айтуынша, ­жо­­ба­ның басты ерекшелігі де – осы. Мұнда деңгейлес балуандар, ММА файтерлері, бір салмақтағы блогерлер бозкілемге шығады. Спорт тілімен айтқанда, желтоқсан айында кө­рерменді «Титандар кездесуі» күтеді. Жоба ұйымдастырушысы өткен жылы негізгі қаржыны өз қалтасынан шығарған. Сондықтан биыл Мәдениет және спорт министрлігіне сұрау салып, демеуші тартқан. Министрлік жанындағы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жобаға демеу ре­тінде шамамен 26 млн теңге қаражат бөлмек. Олар «Жекпе-жек» сарайын жалға алу, безен­діру, кешен ішіндегі жұмыс пен спортшыларды тасымалдайтын көлікке қаржы жұмсайды. Қал­ған шығын Дәурен Еркінұлының мой­нын­да. Білетініміздей, АҚШ-та еркін күреске сұ­раныс басым. Халықаралық, жергілікті жоба көп. Әрі бұл күрес түрі асқан шеберлікті, жі­герді, айла-тәсіл мен табандылықты талап етеді. Сондықтан ұйымдастырушылар ел ішінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері көбейіп, көк байрақтың Олимпиада төрінде желбірегенін қалайды. Бәлкім, жақында өтетін жұлдызды жекпе-жек көрерменінің арасында болашақ чемпиондар бар шығар, кім білсін?!

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ