Елордадада еркін күрестен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, әлем чемпиондары, сондай-ақ MMA шеберлері мен танымал блогерлердің басын қосатын Wrestlings Stars атты халықаралық дода өтеді.
Еркін күреске жаңа дем керек
Айталық, Wrestlings Stars халықаралық додасы биыл екінші мәрте өтеді. Өткен жылы ел ішіндегі саңлақтар мен Беларусь балуандары бас қосқан-ды. Биыл бәсекенің ауқымы кеңейіп, бірнеше елден еркін күрес шебері келеді. Әдеттегідей, жарыс біріккен күрес әлемінің ережесіне сай ұйымдастырылады. Еркін күрес майталмандарынан бөлек, ММА шеберлері мен танымал блогерлер жекпе-жекке тастүйін дайын. Аталған күрес мерекесін 18 желтоқсан күні «Жекпе-жек» сарайында тамашалауға мүмкіндік бар. Одан бөлек, inSport арнасы тартысты бәсекені тікелей эфирден көрсетеді.
Тартысты бәсеке деп отырғанымыз, бірінші рет Ақтөбеде өткен додада кіл мықтылар қосылып, көрерменді бір қызыққа батырған-ды. Мәселен, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаев, Беларусь елінің палуаны, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Ибрагим Саидов, жаттықтырушы Әсет Иманбаев бақ сынады. Ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Бақдәулет Әлментай, Азия чемпионы Еркебұлан Боранғали сынды бабы келіскен палуандар мен октагон майталмандары Сергей Морозо, Арман Әшім, Ильдар Құдайбергенов, Асу Алмабаев, workout спортынан әлем чемпионы Айтым Жақыпов, Гойти Дазаев, Қуат Хамитов бозкілемде белдесті. Оған қоса, актер Асылхан Төлепов пен киноактер Ғазрет Қажымұқанұлы және актер Жасұлан Әйтенов күрескені бәсекені одан сайын қыздыра түсті. Содан ба, еркін күресті танып, жаттыққысы келетін бала саны көбейген.
Иә, мұны халықаралық жобаның ұйымдастырушысы Дәурен Еркінұлы мойындап отыр. Аталған сын аяқталған соң «қатысып көргім келеді» деп өтінішін айтқан медиа тұлғалар мен бала көп. Оның айтуынша, жоба толық миссиясын орындап, еркін күрестің ел ішіндегі беделін көтеру жұмысы басталып кеткен.
Неліктен бедел мәселесін қозғадық. Өйткені спорт журналисі Бек Төлеудің айтуынша, кейінгі кезде еркін күреске келетін жастар азайып кеткен. Оның үстіне, балуандар арасында да бәсекелестік бәсеңдеген. Сол үшін еркін күрестің беделін көтеріп, жас жеткіншектерді тарту керек. Баспасөз мәслихаты кезінде workout спортынан әлем чемпионы Айтым Жақыпов жанкүйерлерден баласын жетектеп келуді бірнеше рет өтінді.
Басқа медиажобаға ұқсай ма?
Расымен, көзіқарақты көрермен осы сұрақты қояры заңды. Себебі осыған дейін «Өнер барысы», жұлдызды футбол тәрізді медиажоба өтті. Демеушісі де, ұйымдастырушысы да доданы барынша жоғары деңгейде ұстап тұрды. Өйткені бұл жобалар биыл екінші, тіпті үшінші рет жанкүйерімен жүздесті. Әсіресе, футболдан ел іші чемпионатына жиналмайтын жанкүйер жұлдыздар ойынын көруге ағылғанда біразы қайран қалды. Сол сияқты Wrestlings Stars халықаралық додасының да ауқымы кеңіп, Мәдениет және спорт министрлігі қанатының астына алған.
«Аталған жобалардың көшірмесі деп айта алмаймын. Wrestlings Stars-тың патенті өзіме тиесілі. Былтыр балуандар бәсекесін ұйымдастыруға біраз қаржы жұмсалды. Бір ғана жүлде қорына 12 млн 500 мың теңге берілді. Ақтөбе облысының экс-әкімі Оңдасын Оразалин зал жалдауға, спортшылардың жолақысына ақша бөлді. Қалған қаржыны өз қалтамнан шығардым. Жеңімпазға 500 мың теңге бұйырса, жеңілген палуанға 300 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Биыл жүлде қоры – 12 500 АҚШ доллары. Жүлде алғанына да, алмағанына да сыйақыны доллармен береміз. Оның үстіне, Мәдениет және спорт министрлігі қолдап отыр. Айта кетерлігі, жасөспірімдер мен балалардың еркін күреске еркін төселіп, спорт секцияларын толтырып тастаса деймін. Елімізде спорттың осы түріне барынша қолдау білдірсе екен. Өйткені бұл қиын әрі қызықты спорт түрі», – дейді жобаның ұйымдастырушысы Дәурен Еркінұлы.
Баспасөз мәжілісінде бой көрсеткен 2016 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов, Олимпада және әлем біріншілігінің жүлдегері Нұрислам Санаев, ММА шебері Василий Тахтай, Tartyl Fest жобасының амбассадоры Айтым Жақыпов та – жоба қатысушысы. Әсіресе, Айтым Жақыпов 18 желтоқсан күні ерекше шоу болатынына уәде берді. Оның айтуынша, сүйікті спортшысын басқа салада, кейіпте көрген жанкүйердің жанына жағады. Әрі көпшіліктің қызығушылығы артады.
Жүлде демекші, 74 келі салмақ дәрежесінде күрескен балуандар белбеу үшін белдеседі. Қалған салмақ дәрежесінде жеңген балуанға 500 доллар, ұтылғанына 400-300 доллар көлемінде сыйлық беріледі. Кім бақ сынайды десеңіз, 74 келі салмақта Нұрлан Бекжанов, қырғыз балуаны Ислам Оразбеков, Дағыстан саңлағы Мурад Нухкадиев, ел үміті Санжар Досжан белдеседі. Қырғыз Республикасының бірнеше балуанынан бөлек, ММА-ден әлем чемпионы өзбек Ғазизхан Өзбеков, тәжік Шухрат Тұрсынов, румын жігері Могамед Рамазанов бар. Оған қоса, 92 келі салмақ дәрежесінде белдесетін Эквадор балуаны да келуге ниетті. Ұйымдастырушылар көрерменді қызықтыру үшін кей есімді құпия ұстаймыз деп отыр. Ал өткен жылы бақ сынағандардың ішінде Асу Алмабаев, Арман Әшім, Айтым Жақыпов, Нұрислам Санаев бар. Қызығы, даңқты грек-рим күресінің шебері Алмас Кебіспаев та жұлдызды жекпе-жекке қатысуға ниет білдірген. Қазір жауаптылар онымен бірге иық тіресе күресетін, деңгейлес балуан іздестіріп жатыр. Олардың айтуынша, жобаның басты ерекшелігі де – осы. Мұнда деңгейлес балуандар, ММА файтерлері, бір салмақтағы блогерлер бозкілемге шығады. Спорт тілімен айтқанда, желтоқсан айында көрерменді «Титандар кездесуі» күтеді.
Жоба ұйымдастырушысы өткен жылы негізгі қаржыны өз қалтасынан шығарған. Сондықтан биыл Мәдениет және спорт министрлігіне сұрау салып, демеуші тартқан. Министрлік жанындағы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жобаға демеу ретінде шамамен 26 млн теңге қаражат бөлмек. Олар «Жекпе-жек» сарайын жалға алу, безендіру, кешен ішіндегі жұмыс пен спортшыларды тасымалдайтын көлікке қаржы жұмсайды. Қалған шығын Дәурен Еркінұлының мойнында.
Білетініміздей, АҚШ-та еркін күреске сұраныс басым. Халықаралық, жергілікті жоба көп. Әрі бұл күрес түрі асқан шеберлікті, жігерді, айла-тәсіл мен табандылықты талап етеді. Сондықтан ұйымдастырушылар ел ішінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері көбейіп, көк байрақтың Олимпиада төрінде желбірегенін қалайды. Бәлкім, жақында өтетін жұлдызды жекпе-жек көрерменінің арасында болашақ чемпиондар бар шығар, кім білсін?!
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ