Тұщы су тапшылығы жойылады
Тұщы су тапшылығы жойылады
577
оқылды
Маңғыстау облысындағы өзекті мәселенің бірі — тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету. Өйткені аймақтың климаттық және ландшафттық ерекшеліктеріне байланысты тұщы су мәселелесі күн тәртібінен түскен емес. Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан өндірістік мекемелер мен туристік орындардың да суға деген сұранысы арта түсті. Қасым-Жомарт Тоқаев Маң­ғыстауға жұмыс сапары барысында 2025 жылға қарай суға деген қа­жеттілік өсетінін атап өтті. Осы­ған бай­ланысты Ақтау қаласын сумен қам­тамасыз ету мәселесін шешу үшін Президент Үкімет пен облыс әкімдігіне шұғыл түрде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кешенін жаңғырту жөніндегі жедел іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. «Каспий» су тұшыту қондыр­ғысының қуатының артуы бірқатар елді мекенді тіршілік нәрімен қам­ту мә­селесін шешпек. Республикалық бюджеттен 2019-2022 жылдары Ақтаудағы «Каспий» зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін ұлғайтуға 12,1 млрд теңге бөлінген. Жоспар бойын­ша нысанның құрылысы биыл аяқталмақ. Осылайша, Мұнайлы ауданы Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдары, Қарақия ауданының Құрық ауылы, аграрлық аумақ және «Жылы жағажай» курорттық аймағы толықтай сапалы ауызсумен қамтамасыз еті­леді. Қазіргі уақытта Мұнайлы ауданы және Ақтау қаласының дамуын ескере отырып, қуаттылығы тәулігіне 60 мың текше метр болатын «Каспий» су тұшыту зауытының үшінші кезегін салуға дайындық басталды. Жобаның болжамды құны 25 млрд теңге, ал іске асыру мерзімі 2022-2025 жылдар аралығын құрайды. Сонымен қатар Ақтау мен іргелес елді мекендер үшін ауызсудың негізгі өндірушілерінің бірі — «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесі. Облыс орталығының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін бұл нысанның қуаты жетпейді, әрі өнеркәсіптің жабдықтары тозған. Сон­дықтан халықты ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында №7, 8 дистилляциялық-тұщыландыру қондырғыларын пайдаланудан шы­ғарып, өнімділігі жоғары құ­рыл­ғыларды орнату жоспарланып отыр. Жоба мемлекеттік сараптамаға берілді. Оң қорытынды алғаннан кейін облыс әкімдігі республикалық бюджет есебінен қаржыландыруға өтінім береді. Құны 18,7 млрд теңге болатын жобаны іске асыру 2023-2024 жылдарға деп жоспарланған. Су тұшыту қондырғысы салынады Алдағы екі жылда Түпқараған ау­данының үш елді мекенінде су мә­селесі шешіледі. Жыл сайын жаз мез­гілінде Форт-Шевченко, Ақ­шұқыр және Сайын Шапағатов ауыл­дарының тұрғындарына кесте бо­йынша су беріледі. Су тапшы­лы­ғын жою үшін осы елді мекендерде су тұшыту қондырғысын салу жос­парланып отыр. Ал 150 мыңнан астам тұрғыны бар Жаңаөзен қаласы тұрғындары да су тапшылығын сезініп отыр. Жаңа­өзен қаласының 2025 жылға дейінгі дамуына сәйкес ауыз суға деген қажеттілік тәулігіне 50 мың текше метрді құрайды. Бұл мәселені Кендірлі ауылында су тұшыту зауытын салу арқылы шешу жос­парланған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Оның жалпы құны 87,8 млрд теңге, іске асыру мерзімі 2022-2024 жылдарды құрайды. Жобаны бірлесіп іске асыру үшін халықаралық инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жерасты суы пайдаланылады Бейнеу ауданы Боранқұл ауы­лында 2024 жылы өнімділігі 80 мың тек­ше метр су тұшыту зауыты мен су сорғы стансасының құры­лысы бойынша жобаны іске асыру басталады. Жаңа нысан Бейнеу ауданының Бейнеу, Есет және Боранқұл ауылдары, Жаңаөзен қаласы, Қарақия ауданының Жетібай және Мұнайшы ауылдары, Еділ суын пайдаланатын Маңғыс­тау ауданының Сайөтес ауы­лы тұр­ғындарын сумен қамтиды. Зауыт өндіріс процесінде Төңірекшың кен орнының жерасты суын пай­даланады. Бұл жер Боранқұл ауы­лынан 60 шақырым қашық­тық­та орналасқан. Кен орны тәу­лігіне 104 мың текше метр су бере­ді, тұзды­лығы бір литрге 3-4 грамм. Нысан су тапшылығы мәселесін шешумен қа­тар, Ақтау мен Жаңаөзен үшін ауызсудың резервтік көзі болуға кө­мектеседі. Жобаның құны 90 млрд теңге. тұщы су Маңғыстау облысына ауыз- судың бір бөлігі Ресей Федерация­сынан Астрахань-Маңғышлақ су құбыры арқылы келеді. «Қаражанбасмұнай» АҚ өнеркәсіптік және шаруашылық қажеттіліктеріне осы судан қолданатын. Бұл мәселені шешу үшін компания су өндіретін зауыт салды. Қазіргі уақытта су құбырының жабдықтары тозған, сондықтан жөндеу жұмыстары үшін қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр. Тиімді бағытқа инвестиция тартылады Өңірдегі өзекті мәселе су тап­шы­­лығын тиімді шешу үшін ин­вести­ция тарту қарастырылған. Ақ­тауда жеке инвесторлар қуаттылығы тәулігіне 20 мың текше метр тұшыту қондыр­ғысын салу бойынша жоба қолға алынды. Оны 2023 жылы аяқтау жос­парланған. Нысан Ақтаудың жаңа шағын аудандары, сондай-ақ Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жақында Freedom компаниялар тобы мен Маңғыстау облысының әкімдігі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық бағдарламасы аясында меморандумға қол қойды. Бұл қаржы Ақтаудағы су тұшыту зауытынан №4 орталық сумен жабдықтау торабына дейінгі аумақта сорғы стан­сасы мен сумен жабдықтау желі­лерінің құрылысына жұмсалмақ. Бұл жобаны қаржыландыру 2,12 миллиард теңгені құрайды. Инженерлік құрылыстар салу Ақтау қаласының, сондай-ақ Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының тұрғындарын сапалы ауыз- сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылысты аяқ­тау келесі жылға жоспарланып отыр.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы