Маңғыстау облысындағы өзекті мәселенің бірі — тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету. Өйткені аймақтың климаттық және ландшафттық ерекшеліктеріне байланысты тұщы су мәселелесі күн тәртібінен түскен емес. Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан өндірістік мекемелер мен туристік орындардың да суға деген сұранысы арта түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға жұмыс сапары барысында 2025 жылға қарай суға деген қажеттілік өсетінін атап өтті. Осыған байланысты Ақтау қаласын сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Президент Үкімет пен облыс әкімдігіне шұғыл түрде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кешенін жаңғырту жөніндегі жедел іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Каспий» су тұшыту қондырғысының қуатының артуы бірқатар елді мекенді тіршілік нәрімен қамту мәселесін шешпек. Республикалық бюджеттен 2019-2022 жылдары Ақтаудағы «Каспий» зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін ұлғайтуға 12,1 млрд теңге бөлінген. Жоспар бойынша нысанның құрылысы биыл аяқталмақ. Осылайша, Мұнайлы ауданы Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдары, Қарақия ауданының Құрық ауылы, аграрлық аумақ және «Жылы жағажай» курорттық аймағы толықтай сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Мұнайлы ауданы және Ақтау қаласының дамуын ескере отырып, қуаттылығы тәулігіне 60 мың текше метр болатын «Каспий» су тұшыту зауытының үшінші кезегін салуға дайындық басталды. Жобаның болжамды құны 25 млрд теңге, ал іске асыру мерзімі 2022-2025 жылдар аралығын құрайды.
Сонымен қатар Ақтау мен іргелес елді мекендер үшін ауызсудың негізгі өндірушілерінің бірі — «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесі. Облыс орталығының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін бұл нысанның қуаты жетпейді, әрі өнеркәсіптің жабдықтары тозған. Сондықтан халықты ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында №7, 8 дистилляциялық-тұщыландыру қондырғыларын пайдаланудан шығарып, өнімділігі жоғары құрылғыларды орнату жоспарланып отыр. Жоба мемлекеттік сараптамаға берілді. Оң қорытынды алғаннан кейін облыс әкімдігі республикалық бюджет есебінен қаржыландыруға өтінім береді. Құны 18,7 млрд теңге болатын жобаны іске асыру 2023-2024 жылдарға деп жоспарланған.
Су тұшыту қондырғысы салынады
Алдағы екі жылда Түпқараған ауданының үш елді мекенінде су мәселесі шешіледі. Жыл сайын жаз мезгілінде Форт-Шевченко, Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының тұрғындарына кесте бойынша су беріледі. Су тапшылығын жою үшін осы елді мекендерде су тұшыту қондырғысын салу жоспарланып отыр.
Ал 150 мыңнан астам тұрғыны бар Жаңаөзен қаласы тұрғындары да су тапшылығын сезініп отыр. Жаңаөзен қаласының 2025 жылға дейінгі дамуына сәйкес ауыз суға деген қажеттілік тәулігіне 50 мың текше метрді құрайды. Бұл мәселені Кендірлі ауылында су тұшыту зауытын салу арқылы шешу жоспарланған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Оның жалпы құны 87,8 млрд теңге, іске асыру мерзімі 2022-2024 жылдарды құрайды. Жобаны бірлесіп іске асыру үшін халықаралық инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Жерасты суы пайдаланылады
Бейнеу ауданы Боранқұл ауылында 2024 жылы өнімділігі 80 мың текше метр су тұшыту зауыты мен су сорғы стансасының құрылысы бойынша жобаны іске асыру басталады. Жаңа нысан Бейнеу ауданының Бейнеу, Есет және Боранқұл ауылдары, Жаңаөзен қаласы, Қарақия ауданының Жетібай және Мұнайшы ауылдары, Еділ суын пайдаланатын Маңғыстау ауданының Сайөтес ауылы тұрғындарын сумен қамтиды. Зауыт өндіріс процесінде Төңірекшың кен орнының жерасты суын пайдаланады. Бұл жер Боранқұл ауылынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Кен орны тәулігіне 104 мың текше метр су береді, тұздылығы бір литрге 3-4 грамм. Нысан су тапшылығы мәселесін шешумен қатар, Ақтау мен Жаңаөзен үшін ауызсудың резервтік көзі болуға көмектеседі. Жобаның құны 90 млрд теңге.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы