Журналисті өлтірмек болған: Түркістанда экс-шенеунік пен оның тапсырысын орындағандар сотталды
Журналисті өлтірмек болған: Түркістанда экс-шенеунік пен оның тапсырысын орындағандар сотталды
399
оқылды
Түркістан облысында кісі өлтіруге оқталу ісі бойынша аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы мен тағы бірнеше адам сотталды, – деп хабарлайды «Отырар» арнасы. Экс-шенеунік пен оның сыбайластарына қатысты іс Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Іс материалынан белгілі болғандай, журналист Амангелді Батырбековті өлтіруге Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы болған Бауыржан Майрықов тапсырыс берген. Журналистке шабуыл осы жылдың 4 қаңтарына қараған түні болған. Алайда оқ БАҚ қызметкеріне емес, оның 31 жастағы ұлына тиген. Оқ жарақатынан кейін жас жігітке ота жасалып, жансақтау бөліміне түскен. Аталған қылмыстық іске бес адам қатысты болған. Олардың кінәсі толығымен дәлелденді. Олардың бәрі қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеу мерзімін алды. Экс-шенеунік 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Қалғандары 11 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Еске салайық, бұған дейін полицейлер Түркістан облысында мемлекеттік қызметкер 5 миллион теңгеге журналист өлтіруге тапсырыс бергенін хабарлаған болатын. Белгісіз біреулер жәбірленушінің үйіне көлікпен жетіп, терезеден оқ атқан соң қашып кеткен. Тәртіп сақшылары бес күдіктіні ұстады.