Батыс Қазақстан облысында саяжайда 40 жастағы ер адам мен оның 10 жасар ұлы қаза тапты
Батыс Қазақстан облысында саяжайда 40 жастағы ер адам мен оның 10 жасар ұлы қаза тапты
© turkystan.kz
Батыс Қазақстан облысында саяжай өртеніп, әкесі мен баласы қаза тапты. БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қайғылы оқиға 24 қарашада Бәйтерек ауданында орналасқан «Водник» бағбандық бірлестігінде болған. Өрт сөндірушілерге сағат 19:22-де 120 шаршы метр саяжай мен оған бекітілген 30 шаршы метр гараждың жанып жатқаны туралы хабар түскен. Өрт үш көлікті шарпыған, оның біреуі гаражда болған.
«Өрт ошағына жеткен өрт сөндіру бригадасы сағат 20:01-де 1982 жылы туған ер адамның мәйітін тапты. Оқиға орнын полицейлер тексеріп шыққан соң өрт сөндірушілер іздеу жұмыстарын жүргізді. Сағат 23:38-де қайтыс болған ер адамның 2012 жылы туған ұлының мәйіті табылды», – деп хабарлады БҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз. Өрттің шығу себебі, келтірілген шығын мен кінәлілер анықталып жатыр.