Ұлттық Инженерлік академия Қазақстанның инженерлік қоғамдастығы назар аударатын негізгі міндеттерді айқындады

Ұлттық Инженерлік академия Қазақстанның инженерлік қоғамдастығы назар аударатын негізгі міндеттерді айқындады

25 қарашада Алматы қаласында көрнекті қазақстандық ғалым-математик, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰИА президенті, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының (ҚР ҰИА) жалпы жиналысының сессиясы өтті. Отырыс барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ғылымды дамыту және оның өндіріспен байланысын нығайту аса маңызды болып табылатыны туралы нұсқауларын басшылыққа ала отырып, белгіленген міндеттерді іске асыруда ғылыми-инженерлік қоғамдастықтың рөлін арттыруға ерекше назар аударды.

– Техникалық ғылымдардың, инженерлік істің даму деңгейі – адами капитал сапасының және жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіштерінің бірі. Бүгінгі таңда елдің тұрақты дамуы мен экономикалық қауіпсіздігі инженерлік қоғамдастыққа байланысты деп айту артық айтқандық емес, – деп атап өтті академик Б.Т. Жұмағұлов.
Кеңеске қатысушылар ғылым нәтижелерін іс жүзінде іске асырудың түбегейлі жаңа деңгейіне көшудің, оны өндіріспен, бизнеспен пәрменді интеграциялаудың, нарықтың перспективалық технологиялық талаптарын қанағаттандырудың аса өткір міндеттерін талқылады. Атап айтқанда, өндірістің ғылыми-техникалық мәселелерін шешу үшін консорциумдарды дамыту, ғарыштық зерттеулерді ел экономикасында тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологияларды коммерцияландыру тәжірибесі терең талданды. Атом саласының ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту, Қазақстанның автожол саласының проблемаларын шешу жолдары туралы ұсыныстар тыңдалды. Сайлау өтті. Тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері (2018), академик Амандық Баталов бірінші вице-президент болып сайланды. ҚР ҰИА Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, академик Ақсерік Әйтімов вице-президент болып сайланды. Еліміздің жетекші инженерлерінің жиналысы Қазақстандағы аграрлық сектордың көшбасшысы – Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында өткізілді. Университеттің басты мақсаты – ғылым мен өндірісті интеграциялау, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық жобаларға қатысу арқылы жоғары білікті кадрларды даярлау болып табылады. Жалпы жиналыс көрсеткендей, еліміздің жетекші ғалымдары мен инженерлері 20 қарашада ҚР президентін сайлауында сенімді жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстанды құру бағытын бірауыздан қолдайды және ғылымның ел экономикасын дамытуға қосатын үлесін күшейту үшін бар күшін салады.