Таяуда «Отандастар қоры» мен Түркияның Шетелдегі түріктер және бауырлас қауымдастықтар жөніндегі басқарма арасында диаспора саясаты саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында тараптар өз салалары бойынша ынтымақтастық қалыптастыру мақсатында диаспора мәселелеріне қатысты тәжірибе алмасуға, бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Сонымен қатар қазақ және түрік халқының ортақ құндылықтарын насихаттау жолында конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға қолдау көрсетпек. Мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары саласында да бірлесуге ниетті. Қол қою рәсіміне «Отандастар қоры» президенті Абзал Сапарбекұлы мен Түркияның Шетелдегі түріктер және бауырлас қауымдастықтар жөніндегі басқармасының төрағасы Абдуллах Эрен қатысып, алдағы жоспарларын талқылады.