Ұлттық академиялық кітапханада «Бір ел – бір кітап» акциясы қорытындыланды. Бұл жоба 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы базасында өткізіліп келеді. Акцияның міндеті – қазақ әдебиетін дәріптеу, қоғамның оқуға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуына ықпал ету. 2022 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында мемлекет қайраткері, ғалым, ақын, публицист, ағартушы және реформатор Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және әдеби шығармашылығы насихатталды. Осылайша, «Бір ел – бір кітап» акциясына сәйкес елімізде Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы»,«Ахмет Байтұрсынұлының әдеби шығармалары», «Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздері мен сөз тіркестері»,«Қазіргі ғылымдағы байтұрсынтану» бағыттары бойынша зерттелді. Ал 2023 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясына Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу бекітілді. Сонымен қатар «Бір ел – бір кітап» акциясының балаларға арналған бөлімін ашу қарастырылуда. Шараға жазушы Әлібек Асқар, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов пен Белорусь Жазушылар одағы төрағасының орынбасары (белорус елі)Елена Стельмах, Ресей мемлекеттік кітапханасының бас директоры (РГБ) Вадим Дуда, М.Рудомино атындағы шетелдер әдебиеті кітапханасы бас директорының орынбасары Мария Белоколенко, Беларусь Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры Оксана Книжникова, Тәжікстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Қырғыз Республикасының Халықаралық университеті, Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасы, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Бейбіткүл Әбілмәжінова және зиялы қауым өкілдері, қала қонақтары мен кітапхана оқырмандары қатысты.