Атың шықпаса, мектеп сал!
Атың шықпаса, мектеп сал!
Шатақты емес, атақты бол­ғанға не жетсін! Жұрттың бәрі сені танып жатса, жата қалып, қо­лыңды алып жатса, күнде ал­дыңа барып жатса... Рахат қой. Атақ айдан келмейді немесе сайдан келмейді, атақты өзің жасай­сың. Бірде, Сейітмұрат досына келіп: – Қалай атымды шығаруға болады? – деп сұрады. – Атақты? – Ия. – Не үшін? – Атым шықсын деп едім. Атың шықса, жақсы емес пе? Ауылда көлеңкеде отырған көп­тің бірі болғанша? – «Атың шықпаса, жер өрте» – деп бабаларымыз айтып кет­кен, жер өрте. – Атым шығады ғой? – Я, «Мына жерді кім өрте­ген? Сейітмұрат өртеген», – деп шу­лай­­ды жұрт. Сейітмұрат атын шығару үнін бір канистр бензин алды да, адыр­ға барып, бензинді олай шаш­­ты, бұлай шашты, қызыл жа­­лын лаулай жөнелгенде, тұра қаш­ты. Кішкене ғана жерді өр­тей­мін деген, өрт қаулап, қатты сас­ты. Өрт желмен жарысып, ауылға жақын­дады. Жұрт улап-шулап, арықтан су алып шашты. Соның өзінде, тек Сейітмұраттың қорасы түгел жа­нып кетті, ор­нын­да аз ғана қаңқа­сы қалып кетті. Ертеңіне: – «Өрте­ген сен бе?» – деп, полиция алып кетті. Айдаладағы шөп бекерге жанып кетті. Айып пұлын төлеп, поли­циядан әрең құтылды. Бірақ, соның өзінде «Адырды өртеген ақымақ кім? Сейітмұрат!» – деген аты қалды. Кейін, келе-келе ол аты да өшті. Бірде, ол тағы досына келіп: – Атымды шығару үшін не іс­те­сем болады? – деп сұрады. До­сы оған таңырқай қарады. Маң­­дайына түскен шашын тара­ды, кезерген ернін жалады. Со­сын, сығырайған көздерін сық­ситып: – Тыныш жүрсең болмайды ма? – деп өзінен сұрады. – Жоқ, атымды қалай шығар­сам екен? – Атың шықпаса, су өрте. – Су қалай өртенеді? – Бензин шашсаң, бәрі өр­тенеді. – Ауылдағы өзенді ме? – Ия. Сол екен, атақ құмар Сейіт­мұрат бір канистр бензин алып, өзенге құйды да, артынан оттық тастап жіберді. Қызыл жалын лап етті, өзі қорқып қалып, жалп етті. Өзенде жүзіп жүрген ауыл әкімі­нің он шақты қаз-үйрегі бола­тын, бәрі «окорошка» болып қал­ды. Жүндері жанып, қақиып қалды. Тіпті, бірінің жүні жанып кетсе де, жүзіп барады. Тырдай болып. Сол екен, «Өзен өртеген өзіміздің Сейітмұрат!» – деген аты гулеп шыға келді. Сол күні ауыл әкімі оны кабинетіне ша­қырды. Шақырды да, ақырды. – Сен өзі қандай адамсың? – Адамнан айнымайтын адам­мын. – Өзенді өртегенің есі дұрыс емес адамның тірлігі. Не үшін өр­тедің? – Атымды шығарайын деп. – Атыңды шығарғың келсе, мектеп сал ауылға. Қазір жеке­мен­шік мектеп салуға рұқсат берілген. Жекеменшік мектебің болған соң, сол мектепке атыңды бер. Міне былай: «Сейітмұрат Қожамжаров атындағы қазақ орта мектебі!» Қандай керемет, атыңды шығару деген осы! Ал, сен біресе адыр өртеп, біресе өзен өртеп, менің он шақты үйрек-қазымды үйітіп өлтірдің. Үйре­гімнің құнын төле! Он есе! Әйтпесе, сотқа беремін! Сейітмұрат әкімге ақша беріп, әрең құтылды. Атын шығарамын деп, бекерге ұтылды. «Атыңды шығарғың келсе, мектеп сал» демекші, бұл пәлсафаны былай ысырып қоялық та, ендігі мәселені қозғайық. Жеке мек­тептер салуға байшыкештерге рұхсат берілгелі, Түркістан об­лысы, Сайрам ауданының кәсіп­кері Низамхан Сулеймановтың тынышы кете бастады. Сөйтті де, ауданда бір емес, 7 мектеп салып бітірді. Бір қарасаң, құптарлық іс! Мектептер жетіспей жатқанда, заманауи мектеп салу екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой. Ал, ендігі қызықтың шыжы­ғын қараңыз. Бір мектебіне өзінің атын бере салды. Низамхан атын­дағы мектеп! Екінші мектепке әйелі Арофаттың есімін бере қойды. Ол көзі тірісінде мектепке адам есімінің берілмейтіні туралы заңға пысқырып та қарамады. Ол атақты ма? Ол еліне елеулі еңбек сіңірген қоғам қайраткері ме? Жоқ, жәй ғана кәсіпкер. Жер­гілікті биліктің белінен басып, Астана асып, барлық құжаттарды сол жақтан тындырып келе салды. Әне, атың шықпаса, мектеп сал деген осы! Кәсіпкер 1200 орындық бір мектепің құрылысын жүргізсе, оны 1 миллиард 500 миллион теңгеге бағалайды да, мемлекеттен сол ақшасын сегіз жыл бойы соре­еп отыра береді. Мемлекет сол сегіз жыл ішінде төлеп құтылады. Ол бер жағы ғой, 1200 баланың әр қайсысына мемлекет ай сайын 37 миллион теңгені 9 ай бойы төлей­тіні тағы бар. Кәсіпкер 37 миллион теңгенің ішінен мұғалімдердің жалақысы сияқты шығындарды жапқанның өзінде, қалтасы әжептеуір томпиып тұрады. Осы ма, кәсіпкердің елге жаны ашып, мектеп сала қалғаны? Осы ма, Атымтай жомарттығы? Кәсіпкер өзі салған мектепке құрылтайшы ретінде директорды өзі тағайын­дағаны бар ғой, нағыз жемқор­лықтың дәлізі болып шықпай ма? Міне, біз білетін кәсіпкер Низамхан Сулейманов мырза жеті айдың ішінде 7 мектеп салып, айды аспанға бірақ шығарды. Не деген, Атымтай жомарт еді?! Әр мектепті құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланыпты! Байысын! Бірақ, неге мектептің бірі өз аты­мен аталады? Екінші бір мектеп неге әйелі Арофаттың есімімен аталады? Осы мәселе ғана мүйіз­деніп тұрғаны... Тағы бір мектеп досы Қарабаевтің есімін иеленіпті. Егер, сіз миллиардер болсаңыз, тарихта қалу ұшін, атыңыз шығу үшін мектеп салыңыз! Бәлкім, сол мектепке тоқалыңыздың есімін бере саларсыз, а? Хехе, хе...