Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 103,4% орындалды. Әуелгіде жоспар 11 316,8 млрд теңгеге болып белгіленген болатын. Іс жүзінде 382 млрд теңгеге асыра орындалумен 11 698,8 млрд теңге түскен. Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 1,4 есе немесе 3 400,2 млрд теңгеге көп.
«Мұның ішінде республикалық бюджет 101,1% орындалды, былтырғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе немесе 2 518,5 млрд теңгеге өсті. Жергілікті бюджет 108,5% орындалды, салыстырмалы түрде 30,8% немесе 881,7 млрд теңгеге өсті», – делінген ведомство таратқан мәліметте.Түсімдердің өсуіне келесідей факторлар әсер еткен екен. Биылғы 10 айда былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда негізгі экспорттық позицияларға, оның ішінде мұнайға – 46,9%, мырышқа – 21,9%, алюминийге – 13,9% және алтынға 0,6% бағаның өсуі байқалған. Шикі мұнайға салынатын кедендік баж салығының мөлшерлемесі 43,1%-ға өскен. «Жыл басынан бергі 10 айда үшінші елдермен тауар айналымы 43,6%-ға өсті (экспорт 48,3%-ға, импорт 32,5%-ға өсті). Өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда жыл басынан бергі өткізу бойынша айналым 22%-ға ұлғайды», – деп жазды Мемлекеттік кірістер комитеті.