Қызылордалық белсенді жастар Президент сайлауының барысын талқылап, сайлау қорытындысына пікір білдірді. TEDtalks форматында дөңгелек үстелде сөз алған «Жастар Рухы» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Медет Жорабек сайлауда белсенділік танытқан жастарға алғыс білдірді.
«Президент сайлауы елдің үлкен белсенділігі мен жауапкершілігінің артқанын көрсетті. Азаматтар Әділетті Қазақстанды таңдап, ұстанымдарын білдірді. Қуатты Қазақстан жастармен көркейіп, дамиды. Сондықтан баршамыз Президент сайлауалды бағдарламасында қамтылған тың бастамалардың жүзеге асуына үлес қосуымыз керек. Облыста 300-ге жуық белсенді жастар үгіт-насихат материалын таратып, «Есіктен есікке» акциясына, сайлаушылармен өткен экспромт-кездесулерге, азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін қабылдау ісіне атсалысты», – деді ол. Жиында жастар өз ойларын ортаға салып, «Әділетті, Қуатты Қазақстанды баршамыз бірге құруға атсалысайық», – деген үндеу тастады.