Әкімшілік реформа ел әлеуетін арттырады
Әкімшілік реформа ел әлеуетін арттырады
441
оқылды
Қазақстанда жаңа әкімшілік реформа басталады. Бұл мемлекеттік аппаратты қай­та құрудың 5-ші толқыны болмақ. Жалпы, жұртшылық бұрынғы жаңғырулардан қан­дай қайтарым болғанын білмейді. Себебі бұрынғы үкіметтер бұған қатысты есеп бер­ген жоқ. Сонымен бірге әрбір әкімшілік реформа мемлекеттік қыз­мет­шілер­ді азап­қа, сын тезіне салады. Мысалы, кейбір аймақ басшылары облыс дең­гейінде өз командасы мүшелерінің көбін сақтап қалу үшін «қысқарту квотасын» тө­менге тү­сір­ген. Бұл онсыз да ұжымы кішкентай ауыл, аудан әкімдерінің нара­зы­лығын ту­ғыз­ды. Содан алдыңғы реформа жарға соғылып, тоқтаған. Ал жаңасы нендей жаңа­лық әкелмек? Әкімшілік реформаларға ше­неуніктер санын қысқарту ілесе жүретіні мәлім. Бұл тіпті қайта құ­рудың бір мақсатына, нысаналы көрсеткішіне айналады. Демек, бұл тұрғыда не өзгеріс бар? Ұлттық ста­тистика бюросының дерегінше, 2010 жылы Қазақстанда жалпы қатары 87 389 мемлекеттік қыз­метші болыпты. Оның 3 116-сы – саяси, қалған 84 273-і – әкімшілік мемлекеттік қыз­метші еді. Бұл ретте орталық ме­мор­гандарда 8 306, ал жергілікті органдарда – 79 083 мемлекеттік қызметші жұмыс істеген. 2017 жылы мемлекеттік қыз­метшілердің саны 91 мыңға дейін өсіп кеткен. Ал бүгінде, 2022 жыл­дың бірінші жартысында елде 82 мыңдай шенеунік қалды. Оның 42 мыңы – орталық атқарушы органдарда, 40 мыңы – жергілікті атқарушы органдарда қызмет етеді. Бір қарағанда шенділер саны көп азая қойған жоқ. Бірақ жіті үңілсек, алапат өзгеріс байқалады: орталықтағы, яғни Астанадағы шенеуніктер саны 12 жыл ішінде күрт ұлғайып, қатары жергілікті, яғни өңірлердегі мемқызметшілер санына теңесіп қалған. Осыдан-ақ «қысқарту қайшысы» әсіресе өңірлерде жойқын әрекет еткенін аңғаруға болады. Мемлекеттік қызметшілер са­нын оңтайландыру науқаны соңғы рет 2019 жылғы әкімшілік реформа аясында қолға алынды. Оған сәй­кес, шенеуніктер саны жалпы ал­ғанда 25%, соның ішінде 2020 жы­лы – 10%, ал 2021 жылы – 15% азай­­тылуы тиіс еді. Алайда елге игілік әкелуі қажет үрдісті жауапты тұлғалар дүрбелең мен фарсқа ай­налдырып жіберген соң, Мемлекет басшысы былтыр науқанға тоқтау салды. Мысалы, облыстардың бірінің әкімдігінде маман болған Зарина Әбубәкір әкімшілік реформаның, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы қысқартудың оң және теріс тұстары болғанын ай­тады. «Бұл тиімділік әкеле алатын ше­шім еді. Алайда осы арада кейбір әкімдіктерде заңсыздықтар болды. Мәселен, облысымыздың әкім­дігінде облыстық аппарат өзіндегі штаттарды сақтап қалу үшін штат қысқарту санын аудандар мен қа­лаларға көптеп жүктеді. Сал­да­рынан, облыстың ұйымдас­тыру­шылық бөлімінде 1 басшысы және 6 маман жұмыс атқарады. Ал ау­дандарда дәл осы жұмысты 1 ғана маман атқарып жүр. Бұдан бөлек, аудандардағы Терроризмге қарсы комиссия хатшысына өз алдына бөлек маман штаты берілу қажет еді. Өйткені қазіргі алмағайып за­манда лаңкестікке қарсы тұру шаралары үлкен мәнге ие. Ол жұмыс формалды жүргізілмегені жөн. Бұл комиссияға қосымша жұмыстар да жүктелген. Мұның сыртында батыс өңірлерімізде дінге қатысты маңызды мәселелер бар», – деді ол. Маманның түсіндіруінше, иерархия заңына сай, кез келген жұмыс төменгі сатыдан басталады. Ал бүкіл Қазақстандағы мемле­кеттік аппараттың дұрыс жұмыс істеуі, дер кезінде өзекті ақпарат­тарға қол жеткізуі, халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, мәселелерді шешуі ауылдар, қалалар мен ау­дандардағы мамандардың нәтижелі жұмысының арқасы. Сондықтан қысқартудың тоқтатылғаны да дұрыс болғанға ұқсайды. Әйтпесе, жергілікті жерлерде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орын­дап, бастамаларын ауыл-ай­мақта ілгерілететін маман қалмай қалуы ықтимал еді. Тұрлаусыз кадр – сапаның соры Жалпы, жаһандық тәжірибеге жүргізілген талдау көрсеткендей, әлемде әкімшілік реформаны әб­ден ойластырып, бір-ақ рет өт­кізген мемлекеттер де бар. Сондай-ақ мемлекеттік аппаратты ұдайы жетілдіріп тұратын елдер де жет­кілікті. Бірінші санатта Аустралия – 1986-1996 жылдары, Ұлыбри­тания – 1979-1997 жылдары, Венгрия – 1994-2000 жылдары, Қытай – 1982-2001 жылдары, Нидерланды – 1991­1998 жылдары, АҚШ – 1992-2000 жылдары, Финляндия – 1994-2000 жылдары, Чили – 1973-1994 жылдары, Оң­түстік Корея – 1995-2003 жылдары әкімшілік реформаны жүзеге асырып, сонымен тыным тапты. Екінші санатта Бразилияда әкімшілік реформа 1995 жылы бастау алып, жалғасуда. Герма­ния – 1995 жылдан, Канада – 1994 жылдан, Польша – 1999 жылдан қазірге дейін мемлекеттік басқару ап­паратын тұрақты түрде жаң­ғырту­мен келеді. Сарапшылардың байламынша, Қазақстан аталған санаттардың ешқайсысына жатпайды. Елімізде бұл салада терең, ғылыми көзқарас жетіспейді. Салалардың, өңірлер­дің өзіндік ерекшеліктері, дара қырлары жете ескеріле бермейді. Әзірге әкімшілік реформалар қорытындысында атқарушы билік қоғам мен мемлекет мүддесі үшін «автоматты режимде», сағаттай нақты, дәл жұмыс істейтін дәреже­ге дейін жетіле алған жоқ. Заң ғылымдарының кандида­ты, ғалым Қарлыға Мүслімованың байламынша, мемлекеттік орган­дардың тиімсіздігі Президент қойған ірі міндеттерді, іргелі бас­тамаларды жүзеге асыруға кедергі болады. «Сол себепті де әкімшілік ре­форманы жүргізу маңызды. Ондай науқанды қайта қолға алуға әлем­дегі, геосаясаттағы, экономикадағы және қоғамдағы өзгерістер, жаңа бетбұрыстар түрткі болады. Мы­салы, қаңтарда елде билік транзиті шынайы жүзеге асқалы бері, ескі жүйе сұраныстарына орай құрыл­ған және соған қызмет еткен мем­лекеттік басқарудың әдістері мен нысандары, мемлекеттік қызметтің ұйымдасу қалыбы заманауи талап­тарға сәйкес келмейтіні белгілі болды. Сондықтан әзірге бұл са­лада мемлекет тоқтап қала алмай­ды. Бұған қоса, атқарушы билікті реформалауға басқа да факторлар итермелейді», – деді мемлекеттік басқару саласын зерттеп жүрген ғалым. Оның пайымдауынша, бұл теріс факторларға шенеуніктер санының көптігі, орталықта және өңірлерде басқарудың ебедейсіз ұйым­дастырушылық құрылымдарының қаптап құрылып, тиімсіз жұмыс істеуі, мемлекеттік органдар өкі­лет­тіктерінің ара-жігінің түбегейлі ашылмағаны және басқасы жатады. Салдарынан құқықтық актілер мен шешімдер қабылдау процесі бюрократияландырылған, ақауға толы. реформа Бүгінде кадр тапшылығы сал­дарынан мемлекеттік қызметші­лердің көбі бір мекемеден екінші­сіне тоқтаусыз, тұрлаусыз ауысып жүреді, салдарынан олар нақты бір салаға маманданбайды, жаңа са­ланың қыр-сырын, ішкі заңды­лық­тарын білмейді. Оның үстіне, 2021 жылы «А» корпусы лауазым­дарына кадрлық резерв институты жойыл­ды. Тиісінше, резервке іріктеу кезінде сол әмбебап мамандардың заңнаманы, соның ішінде салалық заңдарды білу деңгейін анықтауға арналған тестілеу жүргізу де до­ға­рылыпты. Осы жағдайда халық пен биз­неске ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру үшін де әкімшілік реформа қажет. Жаңа реформаның міндет-межесі қандай? Ұлттық экономика министрлі­гінің түсіндіруінше, жаңа әкімшілік реформаға Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жол­дауын орындау негіз болды. Ел Пре­зиденті «экономиканы түбе­гейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажетін» айтты. Ол саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік басқару жүйесін ор­талықсыздандыруға баса мән беруді тапсырды. Министрліктің түсіндіруінше, тәуелсіздік алғалы Қазақстан төрт ауқымды әкімшілік реформа жүр­гізді. Біріншісі, 1997-2001 жылдар аралығын қамтыды және ол ішкі әкімшілік-бюджеттік реформа си­патында болды. 2007 жылғысы – мемлекеттік жоспарлау қадам­да­рын қайта қарауға, мемлекеттік басқару құрылымдарын жетілдіруге бағытталды. 2013-2014 жылдары – мемлекеттік басқару органдары ара­сындағы өкілеттіктердің ара­жігін ажырату, оның ішінде жер­гілікті атқарушы институтты кү­шей­ту, мемлекеттік басқару жүйе­сінің бағыттарын дербес түрде жетілдіру бойынша нақты қадамдар қабылдау жүзеге асырылған. 2021 жылы тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға, басқару деңгейлерінің дербестігін арттыру мақсатында мемлекеттік органдар арасындағы өкілет­тік­тердің аражігін ажыратуға баса мән берілді. «Дегенмен қазіргі кезде мемле­кеттік аппаратта жедел және тиімді шешім қабылдаудың жетіспеушілі­гі байқалады. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы жауапкер­шілік аймағы анық емес. Шешім­дерді қабылдауда жеделдік жоқ. Орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының нақты салада іс жүргізу кезіндегі дербес жауапкершілігі жоқ. Бұл ретте нақ­ты салалық саясат үшін жауап­кер­шілік Үкіметке жүктеледі, бірақ Үкімет «Ұжымдық кабинет» ретін­де қабылданады», – деп мәлім етті министрлік. Салдарынан, ақыр соңында нақ­ты жауап беретін тұлға табыл­мауы мүмкін. Сол себепті Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, Үкіметтің ықшам аппаратын қа­лыптастыру, орталық және жергі­лікті мемлекеттік органдардың шешім қабылдаудағы жеделдігі мен жауапкершілігін арттыру мақса­тында әкімшілік реформа жүргізу қажет. Жаңа реформа нәтижесінде, орталық меморгандардың бірінші басшыларының нақты өз саласын­дағы істерге жауапкершілігі артады. Осы арқылы азаматтардың билікке деген сенімін арттыру көзделіп отыр. Бүгінде жаңа реформаның ег­жей-тегжейі талқыға салынып, пы­сықталуда. Дегенмен нобайы бел­гілі. Жаңғыру бірнеше жылға созылуы ықтимал. Нақтылай кет­сек, алдымен орталық органдардың бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін арттыру шаралары қабылданады. Келесі жылы әкім­шілік реформаның заңнама­лық тұғыры түзіледі. Содан соң 2024 жылы мемлекеттік басқару дең­гейлері арасындағы өкілеттік­терді орталықсыздандыру науқаны жүргізіледі. 2025 жылы қазіргі Премьер-Министр кеңсесі мемлекеттік бас­қарудың озық стандарттарына сәй­кес келетін Үкіметтің ықшам аппаратына трансформация­ланады. 2025 жылы құзырларды Үкіметтен алып, орталық мем­ле­кет­тік органдардың өкілеттіктерін кеңейту жұмыстары жүзеге асы­рылады. 2026 жыл азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жақсарту шараларына арналмақ. 2027 жылы клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік ап­паратты қалыптастыруды аяқтау ұсы­нылды. Ал 2028 жылы өткен ке­зеңде жүр­гізілген рефор­ма­лардың қоры­тын­дыларын ескере отырып, мем­ле­кеттік басқаруды одан әрі дамыту пайымы тұ­жырым­далады. Қалай болғанда, әкімшілік реформаның басты мақсат-мұраты мемлекеттік мүддені ілгерілету, ел бай­лығын еселеу, халықтың әл-ауқатын арттыру болуы тиіс. Егер осы міндет үдесінен шыға алса, оның игі іс болғаны.