Тұрғын үй – қазақстандықтар үшін қашанда өзекті мәселе. Әйтсе де, бүгінгі айтпағымыз азаматтарды тұрғын үймен қамту, оның сапасы мен бағасы жайында емес, баспананың тозуы турасында болмақ. Рас, іргетасының беріктігі, құрылыс материалдарының сапалы болғанына қарамастан кез келген үй ерте ме, кеш пе тозады. Ал бұл әне-міне құлағалы тұрған үйдің тұрғындары мен жергілікті биліктің бас ауруына айналады. Оған қоса, мұндай ғимараттар қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіретіні тағы бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, елімізде апатты деп танылған 788 көппәтерлі тұрғын үй бар екен. Ал 2 780 үйдің тозығы жетіпті. Жауапты ведомство бұл мәселенің Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында реттеліп жатқанын айтады.
– Бүгінде еліміздің барлық өңірінде реновация бағдарламасы қабылданған. Бағдарламаны іске асырудың Жол картасында өңірлер бойынша реновация бағдарламасының шеңберінде бұзуға жататын 251 үйдің тізбесі анықталды, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А.Ыдырысов.Ал Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы «Тұрғын үй қоры туралы» статистикалық жинағындағы деректерге сүйенсек, ел аумағында 1 801 апатты жағдайдағы тұрғын үй бар екен. Оларда 25 мың 343 адам тұрып жатыр. Сонымен қатар ел аумағындағы тұрғын үйлердің шамамен 30,6 пайызының іргетасы 1970 жылдан бұрын қаланыпты. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған үйлердің көбі ауылдық жерлерде орналасқан. Елді мекендердегі 416 066 үйдің алғашқы кірпіші осыдан 50 жылдай бұрын қаланған екен. Жоғарыда келтірілген деректерге қарап, еліміздегі тұрғын үйлерді тозуы қаншалықтық өзекті мәселе екенін аңғару қиын емес. Әрі жыл санап кейбір үйлердің техникалық жағдайы тіптен нашарлай түседі. Осы тұрғыдан алғанда апатты және тозығы жеткен үйлерді бұзу, олардың тұрғындарын баспанамен қамту мәселесі өзектілігін жоймайды. Бұл түйткілдің түйінін тарқатумен Алматы қаласының әкімдігі талай жылдан бері айналысып келеді. Жасыратыны жоқ, 70 жылдай ел астанасы болған шаһарда тозығы жеткен үйлер жетіп артылады. Тіпті, олардың кейбірінің іргетасының қаланғанына ғасырға жуықтап қалды. Сонда да болса мұндай үйлерде әлі күнге дейін «шықпа жаным шықпа» деумен күнелтіп жатқандар бар. Оңтүстік астанадағы тұрғын үй қорының 20 пайызының тозығы жеткенін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та ашық мойындады. Шаһар басшысының айтуынша, қалада реновацияны қажет ететін 1,7 мың апатты және тозығы жеткен тұрғын үй бар. Оларда 75 мыңнан астам қала тұрғын үрейді үмітке жеңдіріп, өмір сүріп жатыр. Алматы қаласының әкімі айтып отырған тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламасы елімізде 2012-2015 жылдар аралығында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылды. Осы аралықта бағдарлама аясында 56 үй бұзылып, 63 жаңа тұрғын үй салынған екен. Аталған бағдарламаның екінші кезеңі 2021 жылы бекітілді. Бағдарламаға сай мемлекет 2025 жылға дейін ел аумағындағы 6 637 пәтері бар 708 тұрғын үйді жермен-жексен етуді жоспарлаған. Есесіне, олардың орнына 683 көппәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, 34 мыңдай отбасының баспана мәселесі шешілмек.
– Шындап келгенде, реновация – өте күрделі процесс. Оның мұқият жоспарлануы керек. Жоспарлау сәтінде құрамы сарапшылар мен тұрғындардан тұратын арнайы жұмыс тобын құру қажет. Бұл топ ескі үйді жаңасына ауыстырудан бұрын тұрғындардың Конституция кепілдік берген меншік құқығының сақталуына да мән бергені абзал. Көп жағдайда бізде ескі жатаған үйлердің орнына салынатын жаңа тұрғын үй кешендері қаланың сәулеттік келбетін бұзып қалалық ортаның қалыпты жұмысына кедергі келтіреді. Әрі зәулім үйлердің қаланың әлеуметтік, транспорттық желісіне шектен тыс жүктеме түсіретінін көріп жүрміз, – дейді ол.Ал Алматы қаласындағы апатты деп танылған үйде 38 жылдан бері тұратын Екатерина Железинаның пікірінше, ескі үйді сүрумен мәселе шешілмейді. Ол шаһардағы әр заманнан сыр шертетін тұрғын үйлерді сақтап, жаңғыртылғанын қалайды. Тіпті, Екатерина көршілерімен бірге дәл осы мәселені көтеріп Президентке бейнеүндеу де жолдаған екен.
– Күрделі жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізсе, бұл үйлерді бұзудың да қажеті болмайды. Бұл үйлердің өзіндік тарихы, атмосферасы бар. Оларды жермен-жексен етуге жол берілмейді. Оның үстіне, жергілікті тұрғындар осы ауданға үйреніп қалды. Мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік мекемелер дәл қасымызда. Керек болса суретшілерді шақыртып, үйімізге ерекше реңк беруге дайынбыз, – дейді ол.Тұрғынның айтуынша, үйлері бұзылып, орнына жаңа үй салынғанша тұруға ұсынылған баспана қаланың келесі бір бөлігінде орналасқан екен. Әрі оның құжаттары да күдік тудырады. Сондықтан олар көршілерімен үйреніп қалған үйлерін тастап көшуге құлықты емес. Алматымен бірге Астана қаласында да апатты және тозған үйлер мәселесі өзектілігін жойған емес. Тұрғындарының саны күн санап өскен бас қалада баспанамен қамту ісін ілгерілету үшін ескі үйлерді жаңасына ауыстырылғаны керек. Қала әкімдігінің мәліметінше, жыл соңына дейін 333 пәтері бар 18 апатты тұрғын үй босатылмақ. Тұрғындар Абылай хан даңғылы мен Қарасай батыр көшесіндегі жаңа тұрғын үй кешендеріне көшірілген. Бас қаланы апаттық тұрғын үйлерден тазарту жоспарының үшінші кезеңіне сай 2027 жылға дейін осындай 59 үйде тұратын 903 отбасы жаңа қонысқа жайғасады. Елімізде реновация жүргізудің өзектілігі мен оның төңірегінде туындаған мәселелер саладағы әлемдік тәжірибені ескеруге шақырады. Мәселен, бір кездері Шығыс Германияның аумағы дәл біздегідей тұрғын үй қорын жаңарту мәселесімен бетпе-бет келді. Сол сәтте немістер ғимараттарды толық бұзбай жаңалау әдісін қолданды. Яғни, құрылысшылар тұрғын үйдің қабатын төмендетіп, іргетасын нығайтты. Сонымен қатар желдету және жылуды сақтау жүйесін жақсартқан. Әрине, қабаттарының санының азаюымен тұрғын үйдегі пәтерлердің саны азайғанымен, ескі үйдің сәні кіргенін қанағат тұтқандар көп болды. Ал Қытайда наразылықтың 65 пайызын апатты және тозығы жеткен үйлерден күштеп шығарылған тұрғындар ұйымдастырады екен. Тұрғындарды үйлерінен күштеп шығару саясаты Ресейде де жүзеге асырылады. 2017 жылы Мәскеу мэрі Сергей Собянин тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасына қол қойды. 15 жылға созылатын бұл бағдарлама миллионнан астам адамның ескі үйлерінен жаңасына қоныс аударуына мұрындық болмақ.
PS:
Қорыта айтқанда, тұрғын үй қорының тозуы әлем елдеріне ортақ мәселе. Алайда оны шешуде әркім шама-шарқынша әрекет етіп жатыр. Сонда да болса жергілікті тұрғындардың игілігі үшін жүргізілетін бұл жұмыстардың олардың құқықтарына қайшы келмеуін ойлану керек секілді.