Қаладан қалыс қалашық
Қаладан қалыс қалашық
© коллаж: Елдар Қаба
452
оқылды
Жаңа оқу жылы жылдағы жыр­мен басталады. Жатақханадан орын жет­пеген студенттер туған-туыстың үйін паналап, жақыны жоқтары пәтер жа­ғалап, одан қалса қожайындарының қас-қабағына қарайлаумен күндерін өт­кізетіні қалыпты құбылысқа айнал­ғаны рас. Осы жылы да сабақ бас­тал­ғанымен, сабылған студенттердің ауди­торияда емес, түнейтін жер іздеп тентіреп кеткенін көз көрді. Сол үшін биыл Мемлекет басшысы студент саны көп Алматыдағы кейбір универ­ситеттерді Қонаевқа көшіру туралы ой тастап, «академиялық қалашық» құру мәселесін қарастыру керек екенін айт­ты. Жоғары оқу орындарын көшіруден ұтарымыз не? Студенттер «көшінің» көмегі мол Биыл Мемлекет басшысы Қонаев қала­сына барған сапарында осы мәселенің шетін шығарды. Оның айтуынша, жоғары оқу орындарының көбі Алматыда орналасқан. Бұл халық онсыз да тығыз қоныстанған қа­ланың ахуалына өз әсерін тигізіп жатыр. Салдарынан көлік кептелісі көп, одан қалса жатақхана мен қолжетімді баспана тап­шы­лығы туындайды. Қала берді қаланың ауасы да ластанып барады. Сол үшін Президент Қонаевта «академиялық қалашық» құру мәселесін қарастырған жөн екенін жеткізіп: «Ірі қалалардың жанынан инновациялық орталық құрған елдер аз емес. Үкімет бұл мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс беруі керек» деді. Жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Алайда Қонаев та келешекте студенттер үшін өте ыңғайлы қала боларын жет­кізді. Өйткені ол жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Сондықтан облыс орталығына айналған қа­лаға Алматыдағы жоғары оқу орындары мен кол­ледж­дердің бөлімшесін көшіруден бөлек, жаңа заманауи университет ашу ісін де ойластыру қажет. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Елнұр Бей­сенбаев инвесторлар мен білім беру ұйым­да­рына жер бөлу мәселесі өте баяу жүр­гізілетінін айтты. Жатақхана салуға инвестор табылға­ны­мен, құрылысты бастау үшін берілетін орын жоқ. Қазір Алматы мен Астана қаласындағы уни­верситеттердің дені қала ор­талығында орын тепкен. Сондықтан онсыз да ығы-жығы орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерден ты­ныс алу қиындап, көлік қоятын орын таппай жатқанда жатақхана салуға орын табылмауы түсінікті. Осыдан үш жыл бұрын осы мәселені алматылық тұр­ғындар да кө­терген. Биыл Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек те алдағы уақытта қала ішіндегі жеке­меншік университеттерді қала сыртына кө­шіру бастамасын жүзеге асырудың маңыз­ды­лығын айтты.
Бізде жоғары оқу орындарын қала сыр­тына орналастыру тәжірибесі болды. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бір кездері Түркістан қаласының сыртында болса, қазір облыс орталығы үлкейген сайын оқу орны орталықта қалып қойды. Сол үшін Президент айтқандай, университеттерді бірден басқа қалаға көшіру немесе елді мекендерге ауыстыру тиімді. Бұл орайда кампустары қала сыртында орналасқан СДУ-дың ректоры Әлімжан Игенбаев «кам­пустарды қала сыртына көшірудің тиімділігі көп» деп отыр. Қала сыртында бөлек кам­пус­­тардың болуы студент үшін де, сол жер­дің әлеу­меттік-экономикалық өсімі үшін де ар­тық­шылығы бар. Ең маңыздысы, сту­денттік өмір­дің өзіндік мәдениетін қалып­тастыруға сеп­тігін тигізеді. «2011 жылы кам­пусымыз жаңа­­дан ашылғанда студент­тердің бұл қажет­тілігін орындауға қиналға­нымыз рас. Қазір оқу орнының көшірілуі елді мекенге айтарлықтай серпін берді. Мәдени ошақтар мен ойын-сауық орта­лық­тары көптеп ашыла бастады. Қаскелең ауы­лының тұрғындарына студент­теріміз үл­кен серпіліс жасап берді. Мәселен, сту­денттерге арналған арнайы тұрғын үйлер салы­нып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, осы­ған дейінгі университеттің де, елді мекеннің де мәселесі өзінен өзі шешіле бастады», – дейді Әлімжан Игенбаев.
Тек жатақхананы көшіру мәселені ушықтырады Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы оқу орындарын қалаға көшіру – елді мекен үшін ғана емес, білімді жастардың артуына айтар­лықтай септігін тигізетінін жеткізді. Өйткені тұратын жерінен оқу орнына баруда жоғал­татын уақытын қосымша ғылым мен білімге арнайды. Студент қана емес, елді мекенге шақырылған оқытушының баспанасынан бастап, балалардың балабақшасы, мектебіне дейін қамтамасыз етілсе, ештеңеге алаң­дамай ғылым жолына түсіп, терең білім бере алады.
Ал урбанист Аян Зикириннің сөзінше, әлемдік тәжірибеде озық университтердің 70 пайызы өз кампусы болуымен ерек­ше­ленеді. Бұл студенттің қауіпсіздігінен бастап толық білім алып, ғылыммен айналысып, өзін-өзі да­мытуына дейін қажет. «Біздегі универси­тет­тердің дені кеңестік кезеңде са­лынған. Олар­дың барлығы қала орталы­ғында орналасқан. Ал университеттерді толығымен көшірмей, тек жатақхананы қала сыртына ауыстырса, бұл жағдайды одан ары ушық­тырады. Сол үшін жер бөлінсе, жатақ­хана емес, 5000-7000 сту­дентке арналған студенттік қалашық салыну керек. Ол жерде жатақханадан бөлек, студент­тердің өзін-өзі дамытуына арналған Жастар сарайы мен Student hub болуы тиіс. Біздегі қазіргі жатақ­ханалар кешкісін ұйықтауға ар­налған орын ғана болып отыр. Жастар өздерін өздері дамыту үшін олардың өмір сүру сапасын қолайлы етіп берген жөн», – дейді урбанист.
Шындығында, туу көрсеткіші мен грант санының артуы үлкен қалалардағы студент қатарының көбеюіне алып келді. Алайда атқамінерлер алдағы ахуалдың күрделеніп жатқанын көре тұра ауқымды мәселені ағым­­дағы іс-шаралар арқылы реттеумен келеді. Бірақ бұл алдағы күннің мәселесін түбегейлі шеше алмасы белгілі. Салдарымен емес, себе­бімен күреспеудің соңы келер оқу жылында тағы көрініс берсе, «сен салар да мен салардың» зардабын тағы да студент көреді. Қаланың шеті қалыс қалмасын!
Осыдан он шақты жыл бұрын шеткі ау­дан ре­тінде саналып келген аудандар қазір Ал­­матының негізгі бөлігін құрайды. Қара­сай, Талғар, Іле аудандарына тиісті жерлер де ақырындап Ал­матының иелігіне өтіп жатыр. Осылай деген қоғам белсендісі Садық Шерімбек: «Бұрын Бесағаш, Тұздыбастау, Қаскелең сияқты елдімекендер ит арқасы қияндағы жерлер сияқты көрінсе, қазір Алматының бір бөлігіне айналуда. Олар да болашақта қаланың негізгі бөлік­теріне айналуы ғажап емес», – дейді. Алайда қала билігі әлі күнге Алматыны еш ұлғаймай­тын сияқты көреді. Әйтпегенде қазір бүкіл әлемдегі ТрансҰлттық компа­ниялар өз өндірістерін дамыған қалалардан дамушы қалаларға ауыстырып жатқан көрінеді. Өйт­кені агломерацияларды дұрыс ұйымдастыру қаланың бәсекеге қабілеттілігін әлдеқайда арттырады. Сонымен бірге ол елдегі туу көр­сеткішін есепке алсақ, қазір Қазақстандағы ең негізгі 3 мегополистің барлығы да жастар қаласына айналғанын айтады. Бұл өз кезе­гінде қаладағы жастар арасындағы қылмыс­тың артуына әсер етеді.
Қоғам белсендісінің бұл сөзіне көз жеткізу үшін Астана қаласы ПД-не жүгіндік. Қазір елорданың ең шеткі аудандарындағы тәртіпке жауап беретін Байқоңыр ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инс­пекторы Исабек Қалдықараевтың ай­туынша, қала сыртында орталықпен салыс­тырғанда криминогендік ахуал орташа. Бұл аудандарда көбінесе қаржы мәселесі мен ішімдік ішудің салдарынан болатын от­басылық жанжал бо­йынша шақыртулар тү­седі екен. Жалпы ал­ғанда, қала орталы­ғын­да құқық бұзушылықтар бойынша шақырту жиі тіркелетіні рас. Оның себебі неде? Садық Шерімбектің сөзінше, мұндай мәселенің пайда болуына қаладағы жастардың жұмыс істеуіне қажетті комфорттың жасалмауы себеп. Екіншіден, аз қамтылған аудандар мен агломерациялық аймақтарға қатты мән берілмейді. Есесіне, бізде барлық күш қаланың негізгі бөлігіне салынады. Барлық керемет қаланың орта­лық­­тарына жасалады. Ал әлемдік алпауыт компаниялар өндірістерді дамушы қалаларға көшіріп жатыр. Егерәки түптің түбінде осы үдеріс бізге келетін болса, онда негізгі жұмыс күш әл­гі аз қамтылған ау­дандар мен агломера­ция­лық аймақтардан алыну керек болады. Сондықтан қоғам белсендісі «дәл қазір биліктің болашаққа есебі бар болса, жастар ресурсын барынша тиімді игеру жолында дұрыс реформа жасау керек» дегенді айтады. Ол үшін осы күннен бастап аз қамтылған аудандар мен агломерациялық аймақтарға заман талабына сай үздік мектептер мен гимназиялар салып, қала орталығындағы жоғарғы оқу орындарын көшіру қажет. Сон­дай-ақ түрлі мәдени ошақтар салынып, сол жерлерге баратын мамандардың айлық­та­рына үстеме қосқан дұрыс. Осы айтылғандар бү­гіннен бастап қолға алынса, алдағы 10 жыл­да кез келген мегаполисіміз әлемдік һәм ло­кал­дық компанияларға дайын маман бола­тын интеллектуал бірліктерді шығара алады. Онымен қоймай, орталықтағы қыл­мыстық статистика кеміп, сыртқы аудан­дардағы мәселелер де шешімін таба береді.