Ауылда дәрігер тапшы
Ауылда дәрігер тапшы
Қазір ауыл түгілі қаланың өзінде дәрігер жетіспейді. Салаға жауапты шенділердің дәрігерлерді көбейтуге бағытталған іс-шаралары нәтиже бермей жатқан сыңайлы. Осы күні елімізге 14 678 медицина кадры жетіспейді. Бұл аздай ақ халаттылардың 30 пайызы зейнетке шығудың алдында тұр. Бұдан кейін ауылдардағы медицинаны дамыту жайлы айту қиын секілді. Ал жыл сайын жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан жас мамандар қайда кетіп жатыр?  Көмекпен кемшілік түзеле ме? Таяуда ғана Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят ведомствоның дәрігерлерге қолайлы жағдай жасауға тырысып жатқанын жөнінде мәлімдеді. Зер салсақ, әуелі министр биыл өңірлерге 1872 жас маман, оның ішінде ауылға – 444 дәрігер бөлінгенін жария етіпті.
«Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды, келген әрбір дәрігерге 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді, ал кейбір әкімдіктер, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары 3-5 миллионға дейін бөледі», – деді Ажар Ғинаят.
Министрдің айтуынша, жыл сайын 1500 медицина маманын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді, түлектерді өңірлерге бөлу жұмысы жүргізілмек. Мемлекет басшысы 3 жыл ішінде резидентураға берілетін гранттардың санын жыл сайын 70 пайызға ұлғайтуды тапсырғаны есте. Оның үстіне резиденттер ауылда міндетті практикадан өтетін пилоттық жоба пысықталуда. Дегенмен бұл цифрларға қарап отырып, мәселе шешіле қалады дегенге илану қиын. Расын айтқанда қазір ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайы аса мәз емес. оны министрліктің өзі мойындап, ауыл тұрғындары тыныс алу жолдары ауруларына жиі шалдыға бастағанын айтып отыр. Мәселенің түйіні айналып келгенде тағы кадр тапшылығына барып тірелетіні анық. Жалпы, тапшылық жыл сайын өсуде. 2020 жылы медицина саласына 12,7 мың қызметкер (4 222 дәрігер мен 8 583 орташа дәрежедегі маман) қажет болса, қазір бұл статистика 15 мыңға жуықтады. Биыл қыркүйекте шыққан есеп бойынша, 7072 дәрігер (ауылда – 1 344 дәрігер) және 7606 орта медицина қызметкері (ауылда – 1 138) жетіспейді. Кадрға ұдайы сұраныс бар өңірлердің қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, сондай-ақ Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола облыстары аталады. Мамандықтар тұрғысынан келсек, әсіресе терапевт, анестезиолог-реаниматологтар, жалпы практика дәрігерлері, сәулелік диагностика дәрігерлері, инфекционистер, педиатрлар, акушер-гинекологтар жетпейді. Тағы бір дәйек – соңғы 3 жылда 3,5 мың медицина қызметкері шетелге көшті. Осы үрдіспен жыл сайын мыңдаған дәрігерден айырыламыз. Мамандар эмиграциясы бойынша Шығыс және Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары алда тұр. Бұл тұста біржолғы ынталандыру шарасы арқылы мамандарды елде тұрақтатуды ойлауы жөнсіз сияқты. Біліктілігін арттыра алмағаны саласын ауыстырып, білімі жеткендер жоғары жалақы үшін шекара асып кететіні анық. Ал ведомство биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 30 пайызға, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20 пайызға өскенін мәлімдеп, жағдайды ақтап алғысы келеді. Кадр тапшылығын шешудегі басты бағыт ретінде қарастырады. Бірақ бұған дәрігерлердің көңілі тола ма? Олар айлықты әлі мардымсыз есептейтін сыңайлы. Медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханованың пікірінше, әлеуметтік көмек жалпы медицина мамандарының бәріне емес, тек оқуын енді аяқтаған жас мамандарға беріледі. Сондықтан тапшылық азаймайды. Оның айтуынша, жылына азғантай пайызға дәрігерлердің еңбекақысын көтереді. Алайда ұсталатын салық бар, баға да жыл сайын өсуде. Ал бұл кезде Америкада дәрігерлер 10-15 мың доллар, Ресейдің өзінде 2-3 мың доллар алады. Ал бізде жиырма жылдық жұмыс өтілі бар дәрігердің айлығы 500 долларға жетпейді. Сондықтан медицина саласынан қаржы аямаған жөн. Қосымша жүктеме қажытады Жас дәрігерлермен сөйлескенімізде көбі қазір дәрігерлер күнделікті науқас қабылдап, қағаз толтырумен ғана айналысатынын айтып шағымданады. Ал өзін-өзі дамыту, білімін жетілдіру жайлы айтпай-ақ қойыңыз. Бұл әр дәрігердің қызығушылығына да байланысты десек те, қосымша жүктен қажыған мамандар келесі бір іске құлықсыз болары анық. Жұпар Наханованың айтуынша, бұрын дәрігерлер категориясын арттырған сайын еңбекақысы өсетін. Бұл күні оны алып тастаған. Осыдан кейін дәрігерлердің медицинаға қызығушылығы лезде төмендеген. Әрине, бұдан соң көбісі жекеменшік клиникаларға кетеді. Қазір елімізде кішігірім жекеменшік клиникалар көбеюде. Осы үрдіс – сөзіміздің бір айғағы болса керек. Бірінші санаттағы хирург-дәрігер Қайрат Катреновтың айтуынша, маман тапшылығы таяу арада шешілмеуі мүмкін.
– Дәрігер ретінде айтарым, салада тапшылықтың жойылмауына әсер етіп отырған бірнеше фактор бар. Мәселен, маманның жұмысына сай жалақы алмауы. Қазіргі қымбатшылық дәрігерлердің де әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етеді. Екіншіден, қосымша жүктеменің көптігі. Қағазбастылық әлі бар, өзінің жұмысынан бөлек әр тоқсан сайын, 6 айлық, 9 айлық есептерді тапсырып отырады. Оның бәрі қажытпай қоймайды. Үшіншіден, бақылаушы органдардың көптігі. Сайып келгенде, мұның бәрі жас дәрігерлердің салада жетістікке жетуге деген ынтасын жояды, – дейді.
Маман өзінің де басынан өткен бір оқиғаны айтты. Жас кезінде хирургпен бірге оқуға түскен студенттердің 30 пайызы соңына дейін білім алмай, жарты жолдан тастаған. Оқуын аяқтап, диплом алған күннің өзінде де жұмысы ұнамай, мамандық ауыстырғандары көп екен. Көбіне жұртшылық жыл сайын оқуын тәмамдап жатқан медицина мамандарының қайда кететініне бас қатырады. Рас, елімізде медициналық білім беретін 9 жоғары оқу орны бар. Алайда облыстардағы дәрігер тапшылығы медициналық университеттердің болуына немесе болмауына байланысты емес. Қазақстанның 9 медициналық оқу орнының төртеуі Алматыда орналасса да, сол қаланың өзі дәрігерлер зар. Жыл сайын өңірлердің медициналық кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлінеді. 2022 жылы мамандарды дайындауға 4 700 орын: бакалавриатқа – 2 700 орын, резидентураға – 1500 орын, магистратураға – 325 орын, докторантураға 160 орын бөлінді. Бұған қоса жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2022 жылы 985 сұранысқа ие маманды даярлауға қаражат бөлу жоспарланды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде білім алған түлектер жыл сайын Мемлекеттік комиссия шешімімен өңірлерге бөлінеді. Былтыр денсаулық сақтау ұйымдарының қажеттіліктеріне сәйкес, өңірлерге 3141 жас маман бөлінді, оның ішінде ауылға 636 адам жіберілген. Биыл 2,9 мың түлек дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері тапшы аймақтарға қызмет етуге бөлінді. Бірақ жас дәрігерлер ауруханаларға орналасып еңбек жолын бастағанымен, көп жағдайда медицина саласында тұрақтамайтынын аңғарып отырмыз. Қайткен күнде де, жуық арада дәрігерлер тапшылығына байланысты мәселені жоя қоярымызға сенім аз. Әрине, Денсаулық сақтау министрлігінің ауылға барған мамандарға қаржылай көмек көрсететін бастамасын жөнсіз демейміз. Бірақ бұл жасалуы тиіс игі шараның бір шеті ғана. Саланы толықтай реформаламай, жүйеге түсірмейінше, ақ халатқа ұмтылатындар көбеймейтіндей.